Жаңалықтар

Қазақстан Түркия мен Ресейді сабырға шақырды

ашық дереккөзі

Қазақстан Түркия мен Ресейді сабырға шақырды

Ресейлік Әуе ғарыш күштеріне тиесілі Су-24М ұшағын атып түсіру оқиғасынан кейін әлем Ресей мен Түркияның қас-қабағын бағып отыр. Араағайындық танытып, екі мемлекеттің ортасындағы түйткілдің бейбіт шешілуіне тілеулес жұрттың қатарында Қазақстан да бар. Бүгін еліміздің Сыртқы істер министрлігі ресми мәлімдеме жасап, Түркия мен Ресейді ұстамдылыққа шақырды.

 «2015 жылғы 24 қарашада Ресейлік ӘҒК-нің Су-24М ұшағын атып түсіру қайғылы инцидентіне қатысты жағдай өкініш туғызады. Осы оқиға салдарынан ресейлік әскери қызметшілердің қаза табуына байланысты көңілімізді білдіреміз. Қазіргі уақытта терроризмге қарсы халықаралық күрес жүргізілуде. Бұл бағытта Ресей де, Түркия да әрекет етуде. Қазақстан да бұл күресті қолдайды”, – делінген хабарламада.

Сондай-ақ хабарламада көп жылдар бойы қалыптасқан ресей-түрік қатынастарының нашарлауы қатты алаңдаушылық туғызатынын, осы оқиға антитеррористік кампанияның тиімділігіне әсер етуі мүмкін екені айтылған.“Ресей және Түрік тараптарын аталған қайғылы оқиғаға қатысты ден қоюда ұстанымдылық білдіруге және жағдайды өршітіп алмау үшін барлық іс-шаралар мен байланыс жолдарын пайдалануға шақырамыз”.