Мен білетін Шыңғыс хан
Мен білетін Шыңғыс хан
Бүгінде әлем тарихы мен әдебиетін кезіп жүрген Шыңғыс ханның сұрапыл бейнесінен мен білетін Шыңғыс хан түбегейлі өзгеше сипатта. Осыны түсіндіріп беруге тырысайын. Бұл орайда қордаланған сұрақтар ұшан-теңіз. Ол үшін бабамыздың түк те жазығы жоқ. Адастырған белгілі бір топ, сол топты абыройсыз іске итермелеген белгілі бір мүдделі мемлекеттің билеушілері. Сол топтың «еңбегінің» арқасында әлем тарихының үлкен бір тарауы адам танымастай өзгерді, ең сорақысы-Шыңғыс ханның сұрапыл бейнесі жасалып, соған сенген бүкіл өркениетті дүниеде оған деген теріс көзқарас қалыптасты. Шыңғыс ханның шын бейнесін танып-білу үшін оның тарихта қалдырған іздеріне аз-кем тоқталайықшы.
Әкесі Жошы хан мен атасы Шыңғыс хан дүниеден өткен соң бабасының Алтын ордасына ие болып, «Алтын Орда» хандығын тізгіндеген Бату-Сайын ханның жасаған жорықтары нәтижесінде бағындырған елдері томаға-тұйықтан құтылып, өркениетті даму жолына түсті десек, қателеспейді екенбіз. Батыс пен Шығысты жалғаған Ұлы Жібек жолының тарау-тарау бойларында тауар-ақша қатынасы орнығуымен шағын бизнес дамып, өндірісті қалалар пайда болды. Бұл болса елдердің тұрмысы мен мәдениетін көтеруге мүмкіндік берді. Бату-Сайын ханның ел билеудегі ақылға қонымды қадамдарын бүгінгі таңда орыс оқымыстылары жыр қылып айтып жүр. Ол қарамағындағы бодан елдерін құлдыққа салмапты. Батудың кезінде ірге көтерген Мәскеуден бастап, Тоқтамыс ханға дейінгі аралықта көптеген қалалар пайда болып, жаңадан шіркеулер салыныпты. Кім де-кім шіркеу ауласына кіріп, тәртіпсіздік жасаса, қатаң жазаланыпты. Хандар билігі жеңіл түрде салық жинаумен шектеліпті. Елді зорлық-зомбылықпен ассимиляцияға ұшыратпапты. Бұл айтылғандардың бәрі ел билеу мәдениетінің сол замандағы ең озық үлгісі екен.
Ел билеу мәдениетінің бұндай озық үлгісі тақыр жерде пайда бола салмайды. Ол ұрпақтан- ұрпаққа жалғасқан хандық дәстүрдің сабақтастығымен жүріп жататын үдеріс. Осы орайда тарихшы Л.Н.Гумилевтың дәстүр сабақтастығына қатысты айтқан салмақты бір пікіріне сілтеме жасаудың жөні келіп тұрғандай. «Егер біз Хунну мен Түрік қағанаты арасындағы және Қағанат пен Шыңғыс хан империясы арасындағы дәстүрдің екі рет үзілгенін ескермесек, онда Орталық Азия тарихы бізге түсінікті бола алмайды», дейді ол. Ғұлама ғалым Қазақстан тарихына тікелей қатысы бар осы үш тарихи кезеңді біртұтас дүние ретінде қарастыра отырып, арадағы осы үзілістерде ғылымға, ағарту ісіне қарсы тұрушылық бар екенін айтады. Аталмыш Хунну, яғни Құн елінің де, Түрік қағанатының да ордалары Алтайдағы Қалқа өңірінде шаңырақ көтергенін тарихтан білеміз. Шыңғыс ханның да нақ сол Қалқада дүние есігін ашқаны, «Алты Алаш» елін құрғаны мәлім. Осы деректердегі Қалқа даласы ғұлама ғалымның жоғарыда жасаған ғылыми қорытындысының іргетасы екен.
Орыс этнограф-ғалымы А.И.Левшиннің «Қырғыз-қазақ немесе қырғыз-қайсақ ордасы мен даласын суреттеу» атты әйгілі еңбегінде ел аузынан жазып алған аңызы өткен тарихи оқиғаларды өз қойнына жасырған құнды дүние. Онда қазақ рулары татар тайпасымен бір мемлекет құрамында дәуірлегені, кейін келе билеуші әулет сұлтандары арасында өрбіген тақ үшін талас салдарынан мемлекеттің ыдырауы, сұлтандар өздері бөліп алған рулар негізінде жеке-жеке хандықтар құруы, осы бөлшектенуден Алаша хан бар билікті өз қолына алған соң ғана құтылуы баяндалады.
Нақ осы аңыз деректерінен ғасырлар тереңінде жасырылған ауқымды тарихи оқиғалар тізілімін көріп отырмыз. Түнде ұйқы көрмей, Алтай атырабын аралап, жұртты күреске жұмылдырған Түнкүк-үкі бейнелі ақылманы, Алпамыс-Алып Элэтмиш, Күлтегін сынды батырлары, Ел төресі-Құтлық хан, Қапа(кақпа деген мағынада) хан, Білгі хан, Иоллығ тегін атты дана хандары тұсында Қалқа даласында көк байрағы желбреген Көк түріктер қағанаты Түрік қағанаты қирандысы орнында дербестікке қол жеткізіп қана қомай, оның іргелі , Қытаймен терезесі тең мемлекет дәрежесіне көтерілуін жүзеге асырған еді. Аталған аңызда айтылатын елдің дәуірлеу кезеңі нақ осы Көк түріктер қағанаты екені анық.
Алайда Қағанат тағына Тәңір хан атымен 742 жылы отырған Білгі ханның ұлы әкесі мен ағасы Иоллығ тегін салып берген сара жолды жалғастыра алмады. Анасы Бөбек ханымның кеңесімен орда жұмысына қарапайым тарқанды араластыруы шығыс және батыс шадтарының ашу-ызасын тудырды. (Тарихи деректерге жүгінсек, хан орталықта билігін жүргізсе, оның батыс және шығыс қанаттарына орталық билікке бағынышты шадтар әмірлік етеді екен. Үш жүздіктің шыққан тегі тап осында жатса керек). Тәңір ханның наразылықты басу үшін батыс шадын өлім жазасына кесуі ордада төңкеріске әкеліп соқтырды. Шығыс шады Паңкүл ордаға басып кіріп, Тәңір ханды өлтірді. Таққа оның ұлын отырғызды. Бұнымен тыныштық орнай қойған жоқ. Төңкерістер әрі қарай жалғаса келе сұлтандар орталық билікке бағынуды доғарып, қазақ руларын жеке-жеке бөліп алып билеуге көшті. Қалқадағы орданы ұйғырлар, қарлұқтар, басмалдар көтерілісшілері шапқыншылығынан сақтап қалу қиынға соқты. Бөбек ханымның бір кездері Қытай патша сарайында тәрбиеленуі, кытай ханшайымы атануы кәдеге жарады. Ол тез арада Қытайға елші аттандырып, көмекке шекаралық қытай мыңдығын әкелуге қол жеткізді. Қалқада орда сақталғанымен Қағанатты сақтап қалу енді мүмкін емес еді. Мемлекет ыдырады. Қалқадағы орданы қорғаған қытай мыңдығы келе-келе қоңыраттардың бір руы ретінде жергілікті елге сіңіп кетті. Аңызда айтылған мемлекеттің ыдырау жөні осылай орын алды.
Бұндай жағдайдан Алаша хан бар билікті қолға алғаннан кейін құтылатыны А.И.Левшин қағаз бетіне түсірген халық аңызында айтылған еді. Халық айтса, қалып айтпайды. Алтайдағы тайпаларды біріктірген Алаша ханымыз басқа ешкім де емес, Шыңғыс ханның тап өзі. Егер ол ежелден келе жатқан хандар әулетінің өкілі болмаса, оны сол дәуірлерде ешкім хан ретінде мойындамас еді. Және таң қаларлық тағы бір жағдай-оның басқа жақтан емес, қоңыраттардың түпкі атасы болмыш Оғыз ханнан бермен қарай хандар бесігі болған Қалқа даласынан шығуы. Шыңғыс хан өмірге келген қазіргі Монголияның қиыр шығысы болып табылатын аймағы жөнінде Лувсанданзанның «Алтын шежіресінде» Қалқа өзенінің Бұйра көліне құяр сағасында көп малды Қоңырат деген ел бар екені жазылған. Осы деректерге сүйеніп, Шыңғыс ханды Қоңырат тайпасына жатқызып, қазақ екен деп қоя салуға болар еді. Бірақ бұл мәселеде қордаланған алуан түрлі алыпқашты әңгімелердің көп екенін ескеріп, тереңірек талдауға тура келеді.
Шыңғыс хан отбасының қоңыраттарға қатынасы қандай. Шыңғыстың әкесі Есукей меркіт жігіті әкетіп бара жатқан жолдан Ұлынды екінші әйелдікке тартып алып, содан тұңғышы Шыңғыс-Темірші дүниеге келген. Есукейдің бәйбішесі Шешекүл де қоңырат қызы еді. Шыңғыс ханның бәйбішесі Бөрте, төрт ұлының да бәйбішелері де қоңырат қыздары. Қала берді, Шыңғыс ханның түпкі атасы Қабыл ханның да бәйбішесі қоңыраттан екенін Рашид ад-Диннің шежіресінен көріп отырмыз.
Есукей қайтыс боларда басында күзетіп отырған, кейін қазақтың әменгерлік салтымен Ұлынды әйелдікке алып, Шыңғысқа кіші әке болған Меңлеке қоңыраттардың биі екені көпке мәлім. Сонда Есукейдің өзі де қоңырат болып тұр ғой. Егер Есукейдің өзі қоңырат болмаса, қоңырат Меңлеке оның жесірін әменгерлікпен алуы мүмкін бе еді. Жоқ, мүмкін емес. Лувсанданзанның «Алтын шежіресіне» үңілсек, Меңлеке Есукейдің Некүн тайшыдан кейінгі екінші інісі екенін көреміз. Оның азан шақырып қойған аты Меңдітүкті екен. Оның есейе келе Қоңырат тайпасына би болған шақта Меңлеке атануы өзінен-өзі түсінікті жағдай.
Енді осы айтылғандарды тағы бір тарихи дерекпен жалғастырайық. Қазаққа белгілі зиялы азаматтардың бірі Ермек Тұрсынов Қытай дереккөздерінен алынған Шыңғыс ханның тектілікке байланысты жарлығын «Дат» газетінің 2015 жылғы 10 қыркүйек күнгі санында жариялады. Онда былай делінеді «Когда Тимучин стал всемонгольским ханом был издан императорский указ. Там есть строки «Когда в роде кунграт рождаются девочки, они из поколения в поколение становятся императрицами, когда рождаются мальчики-они из поколения в поколение женятся на принцессах. Пусть непрерывно из поколения в поколение объявляют этот жалуемый указ в первую луну четырех времен каждого года». Шыңғыс ханның қоңырат екенін айна-қатесіз айғақтап тұрған осы жарлық мазмұнымен тақырыпқа нүкте қойсақ болар еді. Дей тұрғанмен аттап өтуге болмайтын тағы бір қызықты деректі көзіміз шалды.
Бексұлтан Нұржеке-ұлы осы жылдың басында «Жас Алаш» газетінде жарияланған ұзын-сонар мақаласында Шыңғыс ханға қатысты бірқатар мәселенің басын шалыпты. Қолдауға сұранып тұрған жерлері баршылық. Сондай бір сөйлемді келтірейін. «Түркістанда Мәуеренахарда болдым. Сонда... Шыңғыс хан әулетінің ата-қонысы бар»,-- делініпті мақалада. Бұл үзінді Атамәлік Жәбенидің «Әлем әміршісінің тарихы» атты кітабынан алыныпты. Әңгіме Мәуеренахар жеріндегі қоңыраттардың атамекені болмыш Байсын туралы екені анық. Демек, хандар әулетінің атамекені Алпамыс батыр дүниеге келген Жиделі Байсын екенін Шыңғыс хан ұрпақтары білген. Осы бір ауыз сөз арқылы Шыңғыс ханның тегі туралы мәселеге нүкте қойсақ болады.
Осы үзіндіде қоңыраттардың атамекені Байсын екені нақты айтылып тұр. Тайпаның жылқы, түйе,тағы басқа мал түліктерін бағумен айналысатын бөлігі диқаншылықпен шұғылданатын отырықшы тайпаластарымен араздасқаны және кең жайылым іздеп, оны Алтай тауларындағы Шылбыр шөлі мен Айна көлден тапқаны байсындық Алпомиш батыр жырында айтылады. Бұл оқиға қалтарыста қалмай, қағаз бетіне түсіпті. Л.Н.Гумилев өзінің «Хунну» деген кітабында былай дейді «Когда прахунны пересекли песчаные пустыни, на равнинах Халхи возникли исторические хунны. Они были первым народом, победившим пустыни. А для этого надо было обладать мужеством и упорством», дейді кітаптың 21 бетінде. «Около 1200 г. до н. э. мы должны помещать создание хунского царства», дейді 35 бетінде. Аталмыш кітаптың өн бойындағы оқиғалар желісі мен мазмұны бұл тайпаның қазақтығына ешқандай күман қалдырмайды. Біздің дәуірімізге дейін 229 жылы таққа отырған Оғыз хан тұсында Қытайға қыр көрсетіп, одан жыл сайын алым ретінде мол жібек мата олжалайтын ұлы мемлекеттің түбіне ғасырлар өте келе тағы да сол билеушілер арасындағы алауыздық жетіпті. Патшалықтың ыдырауы және сол кезеңде Қалқа даласында қара шегірткенің өрттей қаулауы құндар үшін ауыр соққы болып тиеді. Әуелі сәнби татарларынан жеңіліс тапқан тайпаның қалған бөлігін Қытай атты әскері толық жойып жіберді. Патшазада мен аз ғана отбасы Ергене қонысына барып бой тасалаған. «Первоначально ставка Хуянов была в Бэй-шане, а после сяньбийского разгрома-- где-то около Тарбагатая.И копья их еще не затупились», дейді тарихшы 93 жылғы қырғын туралы. Бұндағы Бэй-шан дегені Байсын екеніне күман болмаса керек.
Түбі бір тайпадан бастау алған елдердің тарихы екі рет үзілгенін Л.Н.Гумилев айтты деп едік. Міне, бірінші үзіліс осы. Араға 450 жыл салып Ергене қонысынан етекке ел ретінде түскен құндардың ұрпағы өздерін «Біз -- құндардың ұрпағымыз, тірікпіз», деп жариялауынан «түрік» ел есімдігі пайда болды. Түрік қағанаты 545 жылы Қытай елі елшісін қабылдаған күннен бастап дербес ел ретінде тарихқа енді. Ал қоңыраттығына қатысты дерек мынадай. Ергене қонысында Құрлас атты ханның атырабы өздерін құраттармыз деп атаған. Кейін келе оның алдына бастапқы ел атауын қоюынан «Құнқұрат» тайпа есімдігі дүниеге келген. Байсындық бауырларымызда осы атау айна-қатесіз ҚҰНҚҰРАТ ретінде сақталған. Л.Н.Гумилев айтқан екінші үзіліс деп Көк түріктер қағанаты тарих бетінен кеткен 750 жыл мен Шыңғыс хан «Алты Алаш» елін құрған 1200 жылды алсақ, тағы сол 450 жыл шығады екен. Бұл екі үзілістің есептік сәйкестігіне еріксіз таң қаласыз. Біздің ақылымыз жетпейтін Құдайдың құдыреті де осы сәйкестікте көрініп тұрғандай.
А.И.Левшиннің ел аузынан жазып алған аңызының соңғы бөлігіне келдік. Онда сұлтандар елді бөлшектеп, жеке-жеке хандық құрып алғанын, бұндай жағдайдан ел Алаша хан бар билікті өз қолына алғаннан кейін ғана құтылғаны айтылады. Аңыздың бұл бөлігі «Алты Алашқа» қатысты екені анық. ҚР Ұлттық Ғылым академиясының академигі Тілеуберді Сайдуллин былай дейді «Тарихи деректер бойынша, Алты алашқа—Керей, Найман, Меркіт, Қоңырат, Жалайыр және Моңғол жерінде болған Татарды жатқызады. Алтын Орда замнында татарлар өз басшысының атымен Ноғай атанды. Алтын Орда ыдырап, қазақ болған рулар шығысқа қайтқанда, ноғайлар батыста қалды. Ол заманнан қазақ пен ноғайдың қоштасу жырлары сақталған».
Шыңғыстың аталған Алты алашты құруы оп-оңай жүзеге аса қойған жоқ. Хандық билікке бауыр басып қалған Шыңғыстың қандастары қарсылық көрсетіп бақты. Алайда Қалқадағы орданың мұрагері Шыңғыстың ұстанған бағыты қай жағынан алғанда да дұрыс болғандықтан халықтық қолдауға ие болды, қазақ елдігінің іргетасы болған Алты алашты құрудың сәті түсті. Қазақ тайпаларын біріктіру барысында бірде аландармен, тағы бірде орыстармен одақ құрған Қыпшақ ханы біршама қарсылық көрсетті. Ол Шыңғыстың қосыл, бір болайық, деген ұсынысына келіспегендіктен осындай жеңіліске тап болып, нөкерлерімен батысқа қашып кетті.
Шыңғысты ғайбаттаушылар Отырар қырғынын тілге тиек етеді. Қарамағындағы елді Хорезм шахына тәуелді етіп отырған Қайыр хан сатқынның нақ өзі еді. Ол Шыңғыс хан жіберген елшіні және тарту жасау ниетімен барған 450 керуеншіні қырып тастауынан Шыңғыс ханның қахарына ұшырады. Лауазымынан көрініп тұрғандай, Қайыр хан да Шыңғыстың қандасы еді. Ол Хорезм шахының жіберген 10 000 сарбазына және тағы да жәрдем берем деген уәдесіне сеніп, Шыңғыс ханды соғысқа арандатты. Отырар толық қирап қалды деген бекер. Сол қалада Темірлан әскербасыларымен бірге отырып, Қытай жорығына дайындық жасау барысында қайтыс болуы тарихта бар. Отырар да, Ұлы жібек жолы бойындағы өзге қалалар да Алтын Орданы Темірлан қиратқан соң керуендер жүрісі тоқтап, қеруен сарайлар, базарлар мен шайханалар керексіздігінен қалалар құлазып бос қалды, сөйтіп бірте-бірте жойылып кетті. Шыңғыс ханды қазақ ешқашан бөтен деген емес. Оны Алаша хан деп, әрдайым құрмет тұтты. Оған арнап немересі Бату салдырған Ұлы таудағы кесене мызғымасы әлі тұр. Елді де, өркениетті дүниені де қасақана адастырған Ресей тарихшылары. Олар өз билеушілерінің нұсқауымен Шыңғыс ханды Есукей батырдың, оның ата-бабаларының малын баққан тайшұт қалмақтарына тарту етті. Ханымызбен бірге Түрік қағанаты тұсында дүниеге келген «мәңгі ел» саяси терминін орысша «монгол» түрінде транскрипциялап, сол елдің қанжығасына байлап берді.
Оңғар Нақып Түркістан облысы