Айтпаңызшы, кинодай құрап аңыз...

Айтпаңызшы, кинодай құрап аңыз...

Айтпаңызшы, кинодай құрап аңыз...
ашық дереккөзі
...Соңғы кездері қазаққа ақыл айтып, жол көрсетушілер көбейіп бара жатқан секілді. Бұрын экономика мен саясаттан дәріс оқып, Қазақ елін ғаламдық кеңістікте тәжірибесіз, үлкен мәселелерді шешуге өз ақылы жетпейтіндей көріп, үлкен елдің өкілдері түрлі пікірлерін тықпалап жатушы еді, енді келіп, осынау жас мемлекетіміз енді-енді аяғынан қаз тұра бастағанда түрлі мұсылман елдерінен діни сауатын ашып, шатырхат алып қайтқандар халқымыздың сенімі мен салтын ревизиядан өткізе бастады. Яғни, қазақтың көптеген салт-дәстүрі «мұсылмандық сенімге қайшы-мыс». «Келіннің ата-енеге сәлем салуы ширк, өйткені адам тек Аллаға ғана табыну тиіс» т.с.с. деп сиыну мен құрмет көрсетуді шатастыратындардың түпкі мақсатын байқаған халқымыз олардан іргесін аулақ салып, өзінің бабадан келе жатқан дәстүріне беріктік танытты. Қазақ жоқ жерден қауіп айтып, қара аспанды жерге түсіретіндерді «айдың-күннің аманында жаман ырым шақырды» деп ұнатпайды. Осы тұрғыдан алғанда, өткен жылдың қарашасында бүкіл ел көлемінде барлық мешіттерде «Басшыға бағыну» тақырыбында уағыз айтылуының себебі ойландырмай қоймайды. Не нәрсе туралы айтылса, соның себебі болуы керек қой. Басшыға бағыну туралы уағыз айтылады екен, соған қандай қажеттілік болғаны халыққа түсіндірілуі керек емес пе? Содан бері ғаламторды ашып қарасаңыз «Басшыға бағыну» деген тақырыптағы материалдарға толып тұр. Барлығының айтары: «басшыға бағыну керек, себебі ол Алланың қалаған адамы, оған қарсы шыққандар қиямет күнінде жазалы болады. Басшы жақсы болса шүкір етіңдер, жаман болса сабыр етіңдер» дегенге саяды. Басшыға бағынуды уағыздағандар «Қасиетті Құран Кәрімнің «Ниса» сүресінің 59-аятында: «Ей, мүміндер! Сендер Аллаға бойұсыныңдар, Пайғамбарға бойұсыныңдар әрі өздеріңнен болған әмір иелеріңе. Егер бірнәрсе үстінде талас-тартыста қалсаңдар, Алла және Пайғамбарға жүгініңдер. Егер сендер Аллаға, ақырет күні сенетін болсаңдар, осылай істеу әрі қайырлы, әрі жақсы нәтижелі болмақ», – деп айтылғанын келтіреді де әрі қарай көптеген ислам ғұламаларынан қалған риуаяттарға сүйенеді. Мақұл-ақ! Дегенмен, бұны халқымыз бұрыннан біледі әрі ешкім де басшыға бағынбай, бүлік шығарып жатқан жоқ. Қандай даулы мәселе болса халық өзі сайлаған Елбасының сөзіне тоқтап, имандылық танытып келеді. Ендеше сол халыққа, талай аласапыран кезеңдерден Аллаға деген сеніміне селкеу түсірмей, шексіз сабыр мен төзімінің арқасында аман өтіп бұл күнге жеткен, тәуелсіз мемлекет құрған, өз басшысын сайлай да, сыйлай да білетін елге «басшыға бағыну керек» деп ақыл айтуы қалай, көлденең жұрттың? Әрине, орнымен айтылған ойлы сөзге саналы пенде қарсы бола қоймас, бірақ, бас-көз жоқ «басшыға бағыну парыз, оның айтқанынан шығуға» болмайды деп үзілді-кесілді бұйыра қайталап және оны кең көлемде уағыздай жөнелу – көңілге күдік ұялатпай қоймайды. Біздіңше, «басшыға бағынуды» уағыздаушылардың тасасында оған мүдделі екі топ болуы мүмкін, бірі – Еуразиялық экономикалық одаққа қосылар қарсаңда халықтың наразылығын сейілту үшін Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасы тарапынан жасалған сақтық шарасы да, екіншісі – еліміздегі кейбір діни топтардың Елбасына өздерін жақсы көрсету мақсатында істеп жатқаны. ҚМБД-ны түсінуге болар, ал өзге діни топтар ше? Ашық болмағанмен астарлы түрде өз уағыздарын жасап отырған түрлі ағымдағылардың мемлекет басшысына айтылған мадақтауға қосыла шауып, үн қатуы – олардың өздерін сақтап, өздеріне дұрыс көзқарас қалыптастыруға тырысуы ма дерсіз. Сондықтан бұл мәселеде де ұлттық қауіпсіздігімізге қатысты еске сақтайтын жайлар бар екені анық... Бұл мәселені қозғауға тағы бір себеп, «басшыға бағыну» уағызының жақында қайта жаңғыруы болып отыр. Бір мезгілде бірнеше сайтта жарияланған ақын Серік Қалиевтің «Кім айтады мінсіз деп Нұрағамыз?» деген өлеңі жоғарыда біз айтқан мәселедегі жайларды өлең тілімен өрнектеген екен. Кім айтыпты мінсіз деп Нұрағамыз?! Сұранамыз – Айтпаңызшы кинодай құрап аңыз! Әлемдердің Патшасы болмаған соң, Кемшіліксіз болмаймыз сірә да біз. Қаны қазақ бауыр ғой, жаны қазақ, Колбинге де кезінде шыдағамыз! Бесіктен кеше шыққан ел едік қой, Бекіген жоқ әлі де бұғанамыз. Патшаға тіл тигізу – сүннетте жоқ, Бұл деген барып тұрған күнә нағыз. Осылай деп, мәселеге тіке кіріскен ақын, өзгелердей «басшы» деп бүркемелеп отырмай басшының Нұрағамыз екенін тура айтады. Патшаның кім екенін ашық айтып отырған ақынның «Патшаға тіл тигізіп» жатқандардың кім екенін де ашып айтқанда өлең «бұрын айтылған нәрсені қайта жаңғыртып отыр» деген сөзден құтылып, әжептәуір қызықты оқылар еді. Көрші елдердің жағдайын көргің келсе, Саусағың арасынан сығалаңыз, Басшымызды тағынан тайдырсақ деп, Бекерге білекті біз сыбанамыз. Тағы жұмбақ. «Басшымызды тағынан тайдырсақ деп, білекті сыбанып» жүрген кім? Қой, жетер, әйтпесе өлеңнен мәлімет іздеген әлдебіреуге ұқсап кетерміз. Бірақ мәселені тура қабырғасынан қойып отырып, ешкімнің атын атап, түсін түстемесе одан еш қайыр жоғы тағы анық. Обалы не, ақын «Қас ашады қасыңнан күліп құшақ, Туса екен деп тезірек бүлікті сәт. Өтірік ақпаратты өкіртеді-ай, Ел іргесін бүлдіріп іріткі сап! Аңғал қазақ алданып, өзді-өзімен Қырылысып болса деп қырық пышақ», – деп сақтандырып та; «Қазақтың кенге толы кең даласы, өзіне жау шақырмай тұра алмайды.«Түлкінің қызылдығы өзіне сор!», бүркіттің көз жауын ап бұлаңдайды. Анталап өңшең ашкөз алпауыттар, «…Бермесең жолыңнан!» деп ұрандайды. Ел ішінен сатқындар тауып алып, Үй ішінен үй тігіп ылаңдайды» деп геосаяси жағдайымыздың мәз емес екенін де ашып айтады. Бірақ, сөйтіп келіп: Қасымыз, досымызды танып алмай, Басымыз ешқашанда құралмайды. Билікке қарсы шыққан бүлікшінің Өлгенде жаназасын шығармайды! – деген жерін оқығанда селк ете қаласың. Ау, сонда Абылай ханның өзіне: Ей, Абылай, Абылай, Мен сені көргенде, Тұрымтайдай ұл едің, Түркістанда Әбілмәмбет төренің, Түйесін баққан құл едің. – деген Бұқар жырауды; Хан емессің, қасқырсың, Қара албасты басқырсың. Достарың келіп табалап, Дұшпаның сені басқа ұрсын! – деп Жәңгір ханның көзіне айтқан Махамбетті қалай түсінеміз? Әлде, олардың өлгенде жаназа шығарылмаған ба? «Кімге не қайырлысын Алла білер, шүкір деп барға момын күн көрмей ме? «Бес саусақ бірдей емес», Жәннатта да, Адамдар сүрмейді өмір бір деңгейде. …Кім айтады мінсіз деп Нұрағамыз? Оның да бар соңында шұбалаң із. Пайғамбарға разы емес жандар өткен, Ендеше жәй адамды сынамаңыз». Мына өлең жолдарын оқығанда ойың тіпті айран-асыр болады екен. Жәннәттің өзінде адамның әр түрлі деңгейде өмір сүретінін тек Серік Қалиевтен ғана естіп отырмыз. Міне, қызық керек болса? Жасыратыны жоқ, өлеңді оқи бастағанда «басшыға бағыну» идеясы алдымыздан тағы шыға келер деп ойламағанбыз. Ал, шынына келгенде ақын Серік уағызшылардан да асып түсіп, патшаға қарсы шығып, сөз айтқандардың жаназасын шығармауға бар. Тіпті, дін адамдарының өзі бұлайша қатты кетпеген. Оқып көріңіз: «Халқы басшыға бағынбаса елден бірлік пен береке кетеді. Бұл сөзімізге Сирия, Мысыр елдерінде болып жатқан қақтығыстар дәлел. Халық бір басшыға ғана бағынуы керек. Бір елде бірнеше басшы болмайды. Біздің Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев осындай саясатты ұстанады. Аллаға шүкір, елімізде әркім өз дінін ұстанып, тірлік жасауда. Бірақ, түптеп келгенде басшымыз бар. Ол – Президент. «Сонда оппозиция деген болмауы керек пе?» дер әлдекім. Неге болмасын. Оппозицияға Ислам діні қарсы емес. Тек, олар халықты көтеріліске бастауы, тұрғындарды бір-біріне айдап салуға болмайды. Халықтың арасына іріткі салуына мүлдем болмайды, үйткені ондай жұмыстарды істейтін болса ол оппозиция емес, бәлкім, халық жауы болып кетуі мүмкін. Пайғамбарымыздан кейін кей бір топтар мұсылмандар арасына іріткі салып, оларды фитнаға алып барды. Ал бұндай жұмыстар ислам дінінде харам етілген жұмыс болып табылады». ҚМДБ-ның Павлодар облысы бойынша өкіл имамы Исенов Нариман Ермекұлы өз уағызында тура осылай дейді. Ал, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, көрнекті қаламгер Төлен ӘБДІК: «Патша – құдайдың жердегі көлеңкесі» деп даурығатындарды қайтерсің! Әлемді қанға бөктірген Гитлер, өз халқының тең жартысын қырған Пол Пот, өз мемлекетінің азаматтарын химиялық қарумен жер жастандырған Саддам Хусейін, адам етін жеуге, әсіресе, баланың етін жеуге құмар болған африкалық император, тағы сол сияқтылар құдайдың жердегі көлеңкесі болғанда, құдайдан не қадір қалады? Өткен қараша айының аяғында бүкіл Қазақстан бойынша мешіттерде «Басшыға бағыну – Алланың әмірі» деген атпен уағыздар өтіпті. Адам басшыға емес, заңға бағынуы керек. Басшының талабы заңсыз болса да бағыну – құл болу деген сөз. Бастықтың құлы болуға насихаттау – Алланың әмірі бола алмайды» дейді «Парасат» журналына берген сұхбатында. Демек, қайбір мәселе туралы айтқанда асыра сілтеу абырой әпермейді, Сол үшін сенім мен саясатты шатастырмай, халықты адастырмай ақиқатын айту керек. Себебі, кемшіліксіз пенде жоқ. 2014 жыл.