Халық нақты нәтиже күтеді
Халық нақты нәтиже күтеді
Шымкент қаласының әкімі Ерлан Айтахановқа АШЫҚ ХАТ
Тәуелсіздік алғаннан бергі 28 жыл ішінде сүйікті Шымшаһарды басқарған әкімдер әр екі-үш жыл сайын алмасып отырыпты. Әрине, олардың бәрі де өз қал-қадірінше қаланы өркендетуге елеулі үлес қосты,атқарған жұмыстары тарихта қалды, халықтың көз алдында тұр. Енді міне тізгінді он төртінші болып Ерлан Қуанышұлы Айтаханов қолға алды. Сүйікті Шымқаланың өткеніне көз жіберсек, әрине, қазіргі жағдайды бұдан он-он бес жыл бұрыңғы кезеңмен салыстыруға мүлдем келмейді.Ел ақуалы.экономикасы мен әлеуеті, мәдениеті өркендеп барады. Шымкент Астана мен Алматыдан кейінгі үшінші мегаполис қала мәртебесіне ие болды. Уақыт ағымына қарай қаланың бүгіні мен ертеңіне деген көзқарас та өскелең талап тұрғысына сай өте жоғары талап дәрежесіне көтерілгенін естен шығармауға тиіспіз.
Жақсымызды ешкім тартып алмайды, ол мақтанышымыз болып жұрт игілігіне айналады, жүрек төрінде жылы ықыласпен сақталады. Бірақ қалада атқарылуы тиіс, көптен түйіні шешілмей келе жатқан проблемалардың, халықтың наразылығын тудыратын, барымызды ұқсата алмай отырған келеңсіз жәйттердің шаш етектен екенін, оны көрмей, айтпай айналып кетуге тағы болмайды.
Бүгін мен жаңа басшының назарын қазір қалыптасып отырған бірқатар түйткілді мәселелерге аудара отырып,әкімнің командасы мен бүкіл қала жұртшылығы біріге қолға алса деген ұсыныстарымды ортаға салсам деймін.
Бұл тұрғыда әңгімені күлбілтелетпей тікесін айтар болсақ, бірінші кезекте халыққа жағдай жасау керек. Жағдай дегеніміз, ол:ұл-қыздарымызға сапалы білім беру, өнімді жұмыс істеу үшін барлық мүкіндікті жасау: кредит алып жұмыс істегісі келетіндерге несие беру,ал кәсіпкерлік қолынан келмегенімен қолдан келетін тірлікпен аналысам дегендерге жұмыс орнын тауып беру.
Жастарды қыруар ақша жұмсап шетелге оқуға жібереміз ал олар біздің экономикалық саясатымызға сәйкес келмейтін, өз елінде қолдана алмайтын білім алады.Елге біздің заңымыздан мүлдем мақұрым болып келеді. Ал, енді оқып келдің ғой,өзіңді көрсет, жұмыс істе десең неден бастауын білмейді.Білетіні тек шет тілі.Шетелге оқу үшін емес, тәжрибе алу үшін жіберу керек.
Мысалы, кеше кеткен әкім шетелде оқыды,орталық органдарда істеді. Шамасы мәліметтерді уақтылы, сапалы жинап отырды,сол арқылы басшысының көңілінен шыға білген шығар. Оған үлкен сенім артылып, жауапты да жоғары лауазымды қызмет берді. Бірақ тәжірибесінің аздығынан, тіпті жоқтығынан десе де болар, сенімді ақтай алмады. Президент Аппаратының басшысы осылай демеді ме кеше? Содан да халықтың әл ауқатын көтеру үшін нақты іс жүргізуді былай қойғанда, бағдарламасын да естімедік.
Қаланың жаңа әкімі өз бағыт-жоспарларына қоса мынадай істерді қолға алып, жүзеге асыратын болса жұмысының нәтижелі болуына, қаланың дамуына аз да болса ықпалы тиер еді деген оймен сол ұсыныстарды жолдап отырмын.
Бірінші кезекте қаланың әлеуметтік-экономикалық жоспарын қайта қарап, еңбек және өндіріс ресурстарының теңгерімін жасап алу керек. Жұмыссыз бос жүрген қаншама азаматтарды атқаратын мамандықтарына қарай топ топқа бөліп, олардың ішіндегі ер адамдар мен әйел адамдардың санына назар аудару қажет.
Бұдан соң жұмыс орнын ашпас бұрын кәсіпкерлермен кездесіп нақты жұмыс орындарын анықтап алудың және кәсіпкерлерге ең төменгі пайызбен несие беріп, олардың өз кәсіптерін ашуына жәрдемдескен жөн..
Жұмыссыздар іске кіріскен соң косымша кіріс табумен бірге кала бюджетінің толығуына да үлес қосады. Мемлекеттік кірістерді толықтыруда танымалы донор болып отырған республикалық бағыныстағы Астана мен Алматы қалаларыныың деңгейіне жетуге тиіспіз. Ал, біздің қала тұрғындары негізінен о бастан кәсіпкерлікке бейім, істің көзін таба білетін, еңбеккер халық бола тұра әлі күнге дейін республикалық бюджетке тәуелділік құрсауынан шыға алмай келеді.
Содан соң қала бойынша шығатын өнімдердің өтуіне көмектесуді міндетіне алып,айлық жалақының төменгі көлемін бірлесе бекітіп, бақылап отыру қажет. Бұл жерде қаланың әлеуетіне қарай эконмикалық аймаққа (ауыр өндіріс,жеңіл өндіріс,химия өндірісі,ауыл шаруашылығы өндірісін қайта өңдеу т.б.) бөліп алған дұрыс болар еді.
Әлеуметтік теңгерім жасауға баса назар аударған жөн. Ол үшін бірінші кезекте халықтың орташа өсу қарқынын (балабақша жасына дейінгі, мектеп жасындағыларды,жоғары оқу орындары мен колледждерде оқитындарды,қарттар мен зейнеткерлерді) анықтап,соған байланысты қала бойынша қанша әлеуметтік нысандар қажет екенін белгілеп,оның шешу жолдарын нақтылап алу керек.
Екінші кезекте, әлеуметік төлемдер (атаулы әлеуметтік көмек, заңмен белгіленген басқа да жәрдемақылар мен төлемдер) көлемін анықтап, бұл көмектердің жылдан жылға азаюы үшін нақты есеп жүргізіп отыру керек. Бұл орайда қанша адам жұмысқа орналасып, отбасылық кірістер көлемін ұлғайтқанын бақылап, біліп отыру маңызды. Осылайша халықтың әл-ауқатын жақсартуға ықпал етумен бірқатарда әлеуметтік көмекке мұқтаж отбасыларының санын мейлінше азайтуды бірінші кезектегі және ең маңызды мақсат ретінде санау керек.
Шымкент – инфрақұрылымы жақсы дамыған, Қазақстанның жетекші өнеркәсіп және экономикалық орталықтарының бірі. Қарқындап дамып жатқан қазіргі жаһандану заманы ырғалып-жырғалуды көтермейді. Сондықтан бұл жоспар кем дегенде үш айдан аспай толық жұмыс істеуі тиіс.
Халық әр әкімнен нақты нәтиже мен қамқорлық күтеді. Құр сөзден шаршады. Жұрт шынайы бетбұрысты сезгенде ғана басшыны сыйлап, құрметтейді,қолдайды. Кез-келген әкім қабылет-қарымын нақты ісімен дәлелдей алса олар үшін там-тұмдап қана, тіпті сараң қалыптасатын бедел, сенім, рейтинг сияқты зәру көрсеткіштерді тез-ақ көтеріп алуына болады.Сонда БАҚ-дағы қыңыр,бұралқы сөздер,аяқтан шалу,өсек айту дегендер де өзінен өзі жойылады.
Слам НҰРМАҒАНБЕТҰЛЫ,
«Қаржы» экономикалық газетінің бас редакторы,
Қазақстанның құрметті журналисі.