9 Тамыз, 14:56 431 0 Ішкі саясат Әсел ӘНУАРБЕК

Бейбітшілік орнатуға бастайтын қадам

Қазақстан астанасы – Нұр-Сұлтан қаласында Сириядағы ахуалға арналған келіссөздердің он үшінші кезеңі өтті. Кезекті кезеңнің бұған дейінгі келіссөздерден ерекшелігі – қарулы қақтығысты тоқтатуға ықпал етуші мемлекеттер қатарының артуында. «Астана процесінің» бұл кезеңінде Ирак пен Ливан да Сириядағы түйткілдің түйінін тарқатуға өз үлестерін қосуға бел шешті. Ал алдыңғы кезеңде Иордания мен БҰҰ процеске бақылаушы ретінде қатысқан еді.

 Сирия келіссөзінің 13-ші кезеңіне мүдделі тараптар толық жиналды. Мәселен, Ресей делегациясын РФ Президентінің Сирия жөніндегі арнайы өкілі Александр Лаврентьев, Түркия делегациясын Түркия Республикасы сыртқы саяси ведомство басшысының орынбасары Седат Онал бастап келді. Иран делегациясына Сыртқы істер министрінің саяси істер жөніндегі жоғары көмекшісі Али Асгар Хаджи басшылық етті. Сонымен бірге, аталған кездесуге Сириядағы екі қақтығысушы тарап – Сирияның БҰҰ-дағы Тұрақты өкілі Башар әл-Джаафари бастаған САР үкіметтік делегациясы және Ахмад аль-Тоума бастаған қарулы оппозиция қатысты. Өкінішке қарай, БҰҰ Бас хатшысының Сирия жөніндегі арнайы өкілі Гейр Педерсен денсаулығына байланысты алдағы келіссөздерге қатыса алмайтын болды. БҰҰ делегациясын оның орынбасары басқарды.

Екі күнге жалғасқан шарада «Астана процесінің» қатысушылары Шам жеріндегі жағдайға қатысты ортақ шешімге келуге тырысты. Жиынның алғашқы күні тараптар жабық есік форматында екіжақты кездесулер өткізіп, екінші күні пленарлық мәжілісте қорытындысы шығарылды. Ал 2 күнде көтерілген мәселелер мен айтылған ұсыныстар кепіл мемлекеттердің бірлескен мәлімдемесіне енгізілді. Бірлескен мәлімдеме 13 тармақтан тұрады. Олардың арасында қарулы қақтығыстан зардап шеккен тұрғындарға гуманитарлық көмекті көбейту, босқындарды Шам жеріне қайтару сияқты қадамдар да бар. Бұдан бөлек, құжатқа астаналық формат негізінде жұмыс істейтін арнайы топтың тұтқындарды босату операциясы да енді.

Басқосуда талқыланған басты тақырыптардың бірі – Идлиб провинциясындағы жағдай. Қазіргі уақытта бұл аймақта түрлі қарулы топтар әрекет ету үстінде. Келіссөз қорытындысы бойынша, Идлибтегі қарулы қақтығыстар тоқтатылатын болды. Лаңкестік ұйымдармен күрес жалағаса бермек. Сирияның Конституциялық комитетін құру бойынша жұмыстар тиянақталып, оның алғашқы отырысы қыркүйекте өтіп қалуы мүмкін екендігі айтылды. Ресми Дамаск «ұсынылған идеялар нақты іске ұласуы керек» деп отыр. Ал келіссөз үстеліне отырған өкілдер жауласқан тараптар арасында сенім орнатуға тырысты. «Бір күнде соғысты тоқтату мүмкін емес, бірақ осы бағытта жұмысты бастап кету маңызды. Конституциялық комиссияны құру және оның жұмыс тетіктерін қалыптастыру бейбітшілік орнатуға жасалған алғашқы қадам болмақ. Қазақстанда бұл мәселе бойынша келісімдер жасалуы мүмкін», – дейді халықаралық құқық докторы Аббас Кучнежад.

«Астана процесіне» Сирия үкіметінің делегациясын бастап келген Башар Джафари жиында айтылған ұсыныстардың нақты іске асырылуы қажеттігін айта келе, әсіресе, бұл мәселеге Түркия тарапының баса назар аударуын сұрады. «Бұған дейінгі Астана форматындағы келіссөздерді және Сочиде өткен Ресей мен Түркия президенттері қабылдаған резолюцияны Түркияның өзі орындамай отыр. Қазірдің өзінде Сирия аумағында Түркияның 10 мыңнан астам әскери қызметкері жүр. 166 танк пен оқ өтпейтін техника, 18 зымыран, 123 пулемет пен 41 зымыранға арналған база бар. Осылайша олар біздің егемендігімізге қол сұғып отыр. Сирияның 3 қаласына өз адамдарын басшы ретінде тағайындап, халыққа азаматтық беріп жатыр. Мектептерді түрік тілінде оқытуға көшіріп жатыр», – деп атап өтті Башар Джафари.

Сирия келіссөздері бойынша қазақ елінің астанасындағы жиын аяқталғаннан кейін Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған мәлімдеме жасап, түрік әскерлері Сириядағы Евфрат өзенінің шығысында арнайы операция өткізуге ниетті екендігін жеткізді. Әзірше операцияның қай кезде жүзеге асатыны беймәлім. Түркия басшысының айтуынша, Анкара Сирия тарапынан келетін шабуылдарға көз жұмып, шаршаған. Бүгінде Евфраттың шығысы күрд жасақтарының бақылауында. Бұған дейін Түркияның қарулы күштері Сирияның Африн қаласында «Зәйтүн жапырағы» атты әскери операциясын жүргізген болатын. Ол кезде Түркияның оңтүстік-шығысындағы шекарасына жақын аумақтарды күрд жасақтарынан тазалаған болатын. «Енді біз Евфраттың шығысына барамыз. Бұл шешімді Ресейге де, АҚШ-қа дай айттық. Шекарамен шектескен аудандарда қарулы шабуылдар болып жатқанда құр қарап отыра алмаймыз. Біздің елді нысан қылып алған, «Ирак және Левант лаңкестік ұйымы», Күрдістан жұмысшы партиясы сияқты террорлық ұйымдармен күресті жалғастыратын боламыз», – деді Түркия президенті.

Ал Сириядағы қарулы оппозиция өкілдері Түркияны айыптаудан аулақ. Олар Анкараны «бейбіт халықтың қамқоршысы» деп бағалайды. Оппозиция тарапының айтуынша, 4 миллион сириялық Түркияны паналап отыр екен. Келіссөздер аясында оппозиция тарапы өз талаптарын жеткізді. Сирияның қарулы оппозиция делегациясын бастап келген Ахмад әл-Тоума атыс-шабысты тоқтату басты мақсаттары екенін жеткізді. Оппозиционерлердің талабына қарасақ, Идлиб халқы азап шекпеуі керек, әлеуметтік нысандарға зақым келмеуі тиіс, ал тұтқындағы азаматтар босатылуы қажет. «Саяси режим 26 базарды, 24 мешіт пен аурухананы қиратты. Бейбіт халықты қыруын доғарар емес. Біріккен ұлттар ұйымы тездетіп Сирияның конституциялық комитетін құруы қажет. Мәселелер сонда шешілетініне сенеміз. Біз осы алаңды пайдалана отырып, Сирияда азаматтық-демократиялық мемлекет құрғымыз келетінін жариялаймыз», – деді Ахмад әл-Тоума. Орайы келгенде айта кетейік, Сирия оппозициясының бұл келіссөзге қатысу-қатыспауы соңғы уақытқа дейін белгісіз болған еді. Өйткені олар келіссөздерге қатысуға бірден келісім бере қойған жоқ. Халықаралық сарапшылардың айтуынша, оппозиция делегациясының «Астана процесіне» қатысуы – қазақ елінің жетістігі. Оппозицияның айтулы процеске қатысуы бейбіт алаң ретінде Қазақстанның таңдалуы дұрыс шешім болғанын дәлелдейді. «Түрлі деңгейде кездесулер өтті. Оларды тиімді деп айтуға болады. Оған Қазақстан астанасында тараптар қол жеткізген келісімдер дәлел. Астаналық форматтың ең тиімді механизм екенін сеніммен айтамын. Мүдделі тараптар бұл жолы құрғақ сөзге иек артпай, нақты келісімдер жасасты. Бұл ең алдымен Конституциялық комитет құруда ресми Дамаск пен  БҰҰ-на қатысты», – деді РФ президентінің Сирия жөніндегі арнайы өкілі Александр Лаврентьев.

2017 жылдан бері Қазақстан Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қолдауымен жүзеге асырылып жатқан бұл процесс Сирияда бейбітшілікті орнату жолында орасан зор жетістікке жеткені сөзсіз. Бұл процесс – көптеген екіжақты және көпжақты тараптардың Сирия бойынша атқарған күшінің нәтижесі. Ал Нұр-Сұлтандағы кезекті жиын – «Астана процесіне» кепіл елдердің Сирия мәселесін бейбіт жолмен шешуге ұмтылысы болды. 13-ші халықаралық отырыс бұған дейінгі жиындармен салыстырғанда тиімді өтті әрі Шамдағы соғысты тоқтату ісінде айтарлықтай ілгері жылжу байқалды деп бағалады сарапшылар. Дегенмен, бұл Сирия мәселелерін талқылайтын соңғы кездесу емес. «Астана процесінің» келесі кезеңі қазан айында өтпек. Ал Ресей, Түркия және Иран президенттері қыркүйек айында Анкара қаласында бас қосуы тиіс. 

Соңғы жаңалықтар