Күрделі пәндер ағылшын тілінде оқытылмақ

Күрделі пәндер ағылшын тілінде оқытылмақ

Күрделі пәндер ағылшын тілінде оқытылмақ
ашық дереккөзі

Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде 2015-2020 жылдарға арналған үштілді білімді дамытудың Жол картасы таныстырылды. Басқосуда Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының вице-президенті Мариям Мұқатова «Қазақстан тарихы» пәнінің мектептерде мемлекеттік тілде оқытылатындығын хабарлады.

Мариям Мұқатованың айтуынша, үш тілде білім беру тек ағылшын тілінде оқытуға көшу деген сөз емес. «Біз бұл тұрғыда мемлекеттік тілдің басымдығы жөнінде ұмытпауымыз керек. Сондықтан да қазіргі кезде Ұлттық білім академиясы барша білім беру ұйымдарында оқыту тіліне қарамастан, «Қазақстан тарихы» пәнін қазақ тілінде, ал «Дүниежүзі тарихы»  пәнін орыс тілінде оқыту мәселесін қарастырып жатыр», – дейді Мариям Мұқатова.

Сондай-ақ, таныстырылым кезінде Ұлттық білім беру академиясы жанында Үш тілді білім беру орталығы құрылатындығы мәлім болды.

Ал 10 жылдан кейін еліміздегі мектептердің жоғары сынып оқушылары күрделі пәндерді ағылшын тілінде оқитын болады. Бұл мәселе де аталмыш Жол картасында қарастырылған.

Мариям Мұқатова: «Жол картасы аясында барша деңгейде үш тілді білімге көшудің кестесі даярлануда. Осы орайда жоғары сыныптарда білім беруді ағылшын тіліне ауыстыру кестесі де ескеріліп отыр. Жоғары сыныптарда ағылшын тілінде оқыту төрт пән бойынша жүргізіледі, яғни информатика, физика, химия және билогия ағылшын тілінде өтеді. 2017-2018 оқу жылында бесінші сыныпқа ағылшын тілін бірінші сыныптан бастап оқып келе жатқан балалар келеді. Айта кетейік, 2013 жылы бірінші сыныптың бағдарламасына  ағылшын тілі енгізілген болатын. Осы уақыттан бастап жоғары сыныптарда  ағылшын тілін оқытуға көшудің даярлық кезеңі басталады», – деп атап өтті.

Жол картасына орай 2022-2023 оқу жылында ағылшын тілінде білім беруге көшу қазақ-түрік лицейінде, халықаралық мектептерде, гимназиялар мен лицейлерде іске асырыла бастайды. 2023-2024 оқу жылында барша білім беру мектептерінде осы жоспарға ауысады.