Қонаевтың көлігі қойылған көрме

Қонаевтың көлігі қойылған көрме

Қонаевтың көлігі қойылған көрме
ашық дереккөзі
Қапшағайда ашылған ретро автокөліктер көрмесіне қазақ халқының біртуар перзенті Дінмұхамед Қонаевтың темір тұлпары қойылды. Ретрокөліктерді жинаумен айналысатын кәсіпкер ашқан көрмені тамашалаушылардың саны да күн санап артып келеді. «Алматы – Өскемен» тас жолының бойында орналасқан көрмеге өткен ғасырдың 50-жылдарында шыққан жеңіл автокөліктер қойылған. Солардың бірі – Дінмұхамед Қонаевтың «Чайкасы». Бұл көлікті Димаш Ахметұлы 1985 жылға дейін мінген көрінеді. Бұл көлікке қазір «Додж» автокөлігінің қозғалтқышы орнатылған. Осы тәріздес тарихқа толы темір тұлпарлар келушілердің назарына ұсынылуда. Көрмеге қойылған ретро көліктердің бәрін кәсіпкер Мұрат Сергебаев өзі жинақтаған. Көліктер қатарында «Москвич», «Волга», «Запорожец», мотоциклдердің сан түрі бар. Оның үстіне, ретрокөліктер салонынан темір тұлпарлардан бөлек өткен ғасырда шыққан магнитофон, фотоаппарат, музыкалық аспаптарды да тамашалауға мүмкіндік бар. 15 жыл ішінде талай автомобильді қалпына кел­ті­ріп, соңында жинаған көліктерін ха­лыққа көрсетуге бел байлаған кәсіп­кер көрмеге келушілер қатарының артқанына дән риза. Айта кетейік, бұған дейін Тараз қаласында да тұңғыш рет дәл осындай ретро көліктер көрмесі ұйымдастырылған болатын. Танымдық шараға қатысушылар ХХ ғасырда зауыттан шыққан 50 машинаны тамашалады. Бұл шарада көптің көзайымына айналған көліктер көшін 1947 жылғы «Фиат» жеңіл көлігі  бастады. «ГАЗ-67» машинасынан бастап, соңғы үлгідегі темір тұлпарларға дейін қойылған көр­меден келушілер көне үлгідегі «Волга» мен «Москвич», сондай-ақ жол талғамайтын жүрдек джиптерді де тамашалауға мүмкіндік алды. Тіпті, атышулы «Бригада» сериалындағы көліктер де айтулы көрмеден табылды. Қалың жұртшылық назарына екінші дүниежүзілік соғыстың көзін көрген көліктер де таныстырылды. Соның бірі «Ford GPW» автокөлігін иесі көрмеге эвакуатормен әкелген.

Әсел МАҚСАТҚЫЗЫ