8 Тамыз, 15:48 389 0 Аймақ "Түркістан" газетінің авторлары

Сапун баурайында 52 фашистің көзін жойған батыр

Сарғайған (27.01.1983ж.) «Казахстанская правда» газетінен мынадай бір хабар жылы ұшырай кеткені. Тақырыбы – «Батырды кім біледі?». Мен міне 12 жылдам астам 417-ші Қызыл Тулы 2-ші дәрежелі Суворов орденді атқыштар дивизиясының жауынгерлері жайында кітап жазу ниетімен материал жинау үстіндемін. Шабуыл кезінде, сондай-ақ Сиваш көлін алуда 1372-полктың 3-батальонның парторгы Ысқақов Сұлтанбай ерекше ерлік көрсетті. Ұлты қазақ, Жамбыл облысынан, әйелі Тартариева Сара. Қазір материал жинақтап жүрмін, – деп журналист Михаил Глущенко хабарлаған. Батыр-жауынгерді білетіндер болса, болмаса семьясын білетіндер болса, хабар берсе деген өтініші бар. Аяғында іздеушінің адресі, аты-жөні түгелдей жазылыпты.

Кейіннен запорожьелік журналист Михаил Глущенко «Казакстанская правда» газетінің оқырмандарына алғысын айтып, жылдар бойы іздестірген адамының табылуына көмектескен адам­дар­ға ризашылығын білдіріп хат жазыпты. Хат­тың соңында 3-атқыштар ба­тальон­ның бұрынғы командирі Бондарь Петр Семеновичтің сау-саламат жүріп жат­қанын, сол бір қиын-қыстау шақта парторг Сұлтанбай Ысқақовпен бірге қатты жараланғанын, бірақ кейін сапқа қайта қосылып, батальон басқара бергенін де еске салыпты. Осы ерлігі үшін кіші лейтенант Ысқақов Сұлтанбай Совет Ода­ғы­ның Батыры атағына ұсынылған. Бірақ Сұл­танбай Ысқақов өзінің Совет Ода­ғының Батыры атағына ұсынылғанын сол жолы да, содан кейін де білген жоқ. Сол білмеген қалпы жүре берер ме еді, кайтер еді, егер Запорожьелік журналист Михаил Глущенко болмағанда...

Сұлтанбай 1915 жылы 5 мамырда Жамбыл облысы Шу ауданы бұрынғы Чкалово, Ленин атындағы колхозының Троицкое ауыл кеңесінде, Көктөбе ауылында қарапайым шаруа отбасында жарық дүниеге келген.

Әкесі Ысқақ Сазанбеков 1929 жылға дейін кедей шаруа болған, 1929 жылы  кол­хоз қатарына кіреді. Шешесі Рысбала үй-шаруашы. 1926 жылы  1-сыныпқа барады. Сынып бітіреді де 1933 жылы  тракторист курсын оқиды, оны бітіріп тракторшы, бригадир болып жұмыс атқарады. 1937 жылы  әскер қатарына шақырылып, Қиыр Шығыста Хабаровск өлкесінде Красное Речка елдімекенінде 185-автобатальонында қызмет атқарып, өз борышын өтеп аман есен ауылына оралады.

1939-1941 жылдары Көктерек ауылында учаскелік милиционер, штаттан тыс автоинспектор болып жұмыс істейді. 1940 жылы Тартариева Сара азаматшамен отбасын құрайды.

Ел басына күн туғанда ол алғаш­қы­лардың бірі болып қолына қару алып, майданға аттанды. Шаруа Қызыл Армия қатарына Жамбыл облысы Шу аудандық әскери комиссариатынан шақырылған. Ол соғысқа алғашқы күндерден соңғы күндерге дейін қатысқан майдангер. Алғашында 2-3 ай дайындықтан өткеннен кейін 1941 жылы қазан айынан – 1942 жылдың тамыз айына дейін 105-атты әскер кавалерия дивизиясында қызмет атқа­рады, бірақ аталмыш 105-атты әскер кава­ле­риялық дивизиясы соғысқа кетпей таратылады.

Сонан кейін Ысқақов Сұлтанбай бас­­қа дивизиялармен соғысқа аттанып Дон майданының құрамында Сталинград қаласын қорғайды, одан соң Оңтүстік-Батыс майданының құра­мын­да 5-танк Армиясында жаудан Сталинград, Ростов облысын тазартады. Сонан кейін Бас қол­басшы резервіндегі, 179-танкіге қарсы артиллериялық полкінде атқыш, старшина, кейіннен кіші лейтенант (4-айлық курс 1943 жылы  қыркүйек – 1943 жылы  желтоқ­сан айын­да партия ұйымдастыру курсын оқып бі­ті­ріп батальон партия ұйымдас­ты­рушы болып қызмет атқарады). Лейтенант, 1372-атқыштар полкінде рота, батальон партия ұйымдастырушы.

Солтүстік-Кавказ майданында Сиваш көлінен Севастополь қаласына дейін жау­дан Қырым түбегін босатады, соғыстың аяғында Бас қолбасшының резервіндегі таулы жүк артылатын Қызыл Тулы Карпат полкінің дивизиондық партия ұйым­дастырушы.

Ер мінезді Сұлтанбай ұрыста батыл, өте жауапты, табанды қасиеттерімен, өжет­тілігімен көзге түсіп, қанды ұрыста неше мәрте ерліктің үлгісін көрсетті.

Верхне-Ясеновский хутор үшін шайқаста, ынта, жігер көрсетіп зәресін ұшқан шопырды ауыстырып, рульге өзі отырып, жаудың миномет атқылауына қарамастан, қару-жарақты, бензинді дер кезінде жеткізгені үшін «Жауынгерлік еңбегі үшін» медалімен марапатталған.

Сиваш көлінен Севастополь плац­дарм­ға дейін шабуыл бағытындағы ұрыс­та Ысқақов жолдас жауынгерлерге рух, ынта, жігер бергені үшін, бұйрықты мүлтіксіз орындағаны үшін, өз міндетін белсенді атқарғаны үшін полк және дивизия командирлері подполковник Баранов, генерал-майор Вожраков осы ерлігі үшін «Қызыл Жұлдыз» орденіне ұсынады, бірақ корпус командирі генерал-майор Кошевой өз шешімін жөн санап «Өжеттігі үшін» медалін алуына қол қояды.

Жеке құрамында тәрбие жұмысын жүргізіп, командованиенің бұйрығын мүлтіксіз орындауға және үгіт, насихат жасап 1944 жылдың желтоқсан айынан – 21.02.1945 жылға дейін 25 адамды партия қатарына алады. Осы қорытынды бойынша «Қызыл Жұлдыз» орденіне ұсы­ны­лып, және сонымен марапатталады.

...сол күні әбден тұзға сінген, суық, сасық Сиваш көлінен өтіп, арғы бетке бекінуге Сұлтанбайларға да бұйрық кел­ген. Ол бұйрықты орындау оңайға түспеді әрине. Жаңбырша жауып тұрған жау оғына қарамай, Сиваштың суын кешіп, көлдің арғы бетіне өтіп орналасты. Яғни 1944 жылы 8 сәуірде 3-атқыштар батальоны алға қойған міндетті орындай отырып шайқаспен Сиваш көлінен өтті.

1944 жылы 9 сәуірде жауды бірінші траншеядан қуып шықты. 14.9 белгісі маң­ын­­да­ғы биіктікте дұшпан қор­ға­ны­сының қойнауында ұрыс жүргізді. Күндізгі сағат он екіде кіші лейтенат Ысқақов өз батальон командиріне капитан Бондарьға баяндады – «бірінші траншеядан фашистерді түгелдей жойып, сонда өзіміз бекініп алдық. Енді екінші траншеяны алуға дайындалып жатырмыз» – деген хабарды жеткізді.

13.5 белгісінің биіктігінде батыс беткейіндегі мықты бекініс торабынан жау аса күшті пулемет миномет оғын жаудырып, батальонға бас көтертпей тастады. Бекініп алған жау қатты қарсылық көр­сетті. Нағыз қиямет басталды да кетті, 3-батальонның алдына қойылған тапсырманы орындау осы жолы қиынға түс­ті. Айнала төңірек азан-қазан, жау төбе­шік­те, бұлар жалбағай жазықта стра­те­гиялық жағдайда инициатива жаудың қолында, кескілескен қанқұйлы шайқас, оқ пен отқа оранған ондаған шаршы километр алқаптарында ондаған мың әр түрлі калибрлі қарулар.

Әсіресе 8-атқыштар ротасының шабуыл шебінде қиын жағдай туды.

Сол ұрыста траншеяға, жаудың блиндажына ең бірінші болып, бұзып-жарып кіріп, өзінің батылдығымен, әскери шеберлігімен, ұтқырлығымен, қолма-қолдық шапшаңдығымен, мергендігімен, Ысқақов жолдастың бір өзі ғана гранатамен және автомат оғымен 52 фашисті өлтірді, жау­дың 2 пулеметін, танкіге қарсы ататын рас­четын жойды, 7 неміс солдатын тұт­қынға алды. 2 сағаттық ұрыста 25 жауынгерді ерлікке бастады. Дұшпанның қар­сы­ласу торабы талқандалып, тек ба­тальон­ның ғана емес, бүкіл полктің ілгері басуына мүмкіндік берді.

1944 жылы 18 сәуірде Микензия ай­мағында болған ұрыстарда кіші лейтенант Ысқақов үш жауынгермен ұзақ мерзімді атыс нүктесінде ДОТ-ты (долговременная огневая точка) қоршау үстінде жараланды. Жарақатына қарамастан өз тобымен бірге, ДОТ-тың ауызына танкіге қарсы қолданылатын гранатаны лақ­тыр­ды. Дәл сол күні жаудың қарсы шабуылын тойтара отырып кіші лейтенант Ысқақов жанғыш сұйығы бар шөлмекпен жаудың танкісін өртеп жіберді, өзі қайтадан ауыр жарақаттанды.

Осы ерлігі үшін полк командирі под­пол­­ковник Баранов Сұлтанбай Ысқа­қов­тың ерлігін Совет Одағының Батыры атағын алуға лайық деп 1944 жылы                   18 ма­мырда тұжырымдама жасап қол қояды, оны 417-Сиваш атқыштар ди­ви­зия­­сы­ның командирі генерал-майор Бо­бра­ков қолдап, қуаттап Совет Одағының Батыры атағына лайық деп сол күні, яғни 18.05.1944 жылы  қол қойып үстіге жібереді, ал 63-атқыштар корпусының командирі генерал-лейтенант Совет Одағының Батыры Кошевой Батырға тұрарлық деп, ұсынысын қолдап 23.05.1944 жылы рапортына қол қойып 51-Армиясының қолбас­шысына өткізеді, 51-Армиясының саясат бөлімінің бастығы генерал-майор Зяблицын кіші лейтенант Ысқақовтың ерлігін бағаламай төмен бір екі саты түсіріп 25.05.1944 жылы  «Қызыл Ту» ор­де­ніне беруіне қол қояды, ал 51-Ар­мия­сының командашасы Совет Одағының Батыры генерал-лейтенант Крейзер, 51-Армия­сының мүшесі генерал – майор Уранов қорытынды жасап, кіші лейтенант Ысқақов Сұлтанбай Совет Одағының Батыры атағына лайық деп 28.05.1944 жылы қол қойып, ұсынысты майдан қолбас­шы­сына жібереді.

Бірақ уақытша міндетін атқаратын 4-Украин майданының командашасы генерал-лейтенант Корженевич Мәс­кеу­ге жібермей, қазақ офицерінің ерлігін өз денгейінде мойындамай 1944 жылы 9 маусымда «Қызыл Ту» орденін ғана берумен шектеледі. Неге? Не себеп­тен? Әлде үстінен ауызша ай­тылған тапсырыс па? Іштарлық па? Шо­винисттік пиғыл ма? Оны бір құдай ғана біледі.

Жауынгерлік «Қызыл Ту» (09.06.1944.), «Қызыл Жұлдыз» (07.05.1945.), 2-ші дәре­желі «Отан соғысы» (06.04.1985.) ордендерімен, «Жауынгерлік еңбегі үшін» (11.12.1943.), «Өжеттігі үшін» 28.04.1944., «Гер­манияны жеңгені үшін» және көп­те­ген мерейтойлық медальдарымен мара­пат­талған.

Соғыстан кейін елге аман-есен оралып, қойма бастығы, шофер, бара-бара бригадир болып жұмыс істейді, кейін Шоқпар стансасына қоныс тепті. Өмірлік жолдасы Сара екеуі 2 ұл, 5 қызды аман есен жеткізді. Балалары Әлмырза – 1941 жылы, Алмакүл – 1947 жылы, Айнакүл – 1949 жылы, Елтай – 1950 жылы , Майра – 1953 жылы, Дариякүл – 1955 жылы, Айман – 1961 жылы одан тараған ұр­пақтары егемен еліміздің түпкір-түп­кі­рінде еңбек­тенуде.

Батыр майдангер Сұлтанбай Ысқақов қарапайым күн кешіп 1995 жылы 10 сәуірде Жамбыл облысы Шу ауданы Шоқ­пар стансасында дүниеден озды.

Бүгінде Сапун тауының баурайында сұрапыл соғыс жылдарында Отан үшін от кешкен қаһармандар ерлігіне арналған ескерткіш, диарамма тұр. Онда елі үшін, жері үшін жанын қиған азаматтардың аты-жөні жазылған.

Жамбылдық Кеңес Одағының Батырлары Бауыржан Момышұлы, Ақәділ Суханбаев, Мәди Бегенов, Саттар Естемісов, Сәду Шәкіров сияқты – ол да Сұлтанбай Ысқақов Кеңес Одағының Батыры атағын алмаса да, осылардың қатарында.

Соғыстағы ерлігіне құрметпен қарап және жас ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеуге ықпалының ересендігін ескере отырып мынадай ұсыныстар айтқымыз келеді: майдангер Сұлтанбай Ысқақовтың атына Тараз қаласынан мектеп, не көше аты берілсе. Осы ұсыныстарды көпшілік болып қолдасаңыздар, нұр үстіне нұр болар еді.

«Ежелден ер деген даңқы шыққан» Қазақ елі аман тұрғанда Сұлтанбай ба­тырдың ерен тұлғасы, биік рухы хал­қымен бірге мәңгі жасай беретіні сөзсіз. Ер есімі – ел есінде.

Қайрат Қарамаңдаев,

Құрлық Әскерлері Әскери

институты әлеуметтік- гуманитарлық пәндер кафедрасының оқытушысы, бауыржантанушы,

тарихшы-зерттеуші.

Соңғы жаңалықтар