Жаңалықтар

Дипломатия дарабозы – Мәлік Фазылов

ашық дереккөзі

Дипломатия дарабозы – Мәлік Фазылов

«Алдыңғы буын өкілдерінің көңілді адам әрі ақылды жетекші ретінде есінде қалған. Оның тұрқы партия шенеунігі немесе бюрократтың түріне келе бермейтін. Оған таңданудың реті жоқ еді. Бала кезден-ақ таудай еңбектің не екенін білетін. Мемлекет қайраткері ауылдықтар мен қалалықтардың мәселесін бір кісідей білетін азамат еді. Тыл еңбеккерлеріне барынша көмек қолын созды». Бұл естеліктер қазақстандық дипломатияның негізін қалаушылардың бірі, КСРО-ның шетелдегі Төтенше және Өкілетті Елшісі болған тұңғыш қазақ Мәлік Фазылов турасында.  Мәлік Фазылов 1927 жылы Қос­та­най облысында дүниеге келген. Аштықтың азапты жылдарында тірі қа­лып, сұм соғыстың ызбары төгіліп тұрған 1942 жылы Петропавл қаласының қор­ға­ныс зауыттарының біріне жұмысқа келеді. Токарлы станоктың тілін игеріп, минометтердің снарядтарын жасасады. Жасы келмегендіктен Ұлы Отан соғысына майданға алынбайды, алайда тылда еңбек етіп, «Ұлы Отан соғысы жылдарындағы ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Ұлы Отан соғысынан кейін жас Шымкенттегі мұғалімдер институтының тарих факультетіне оқуға түсіп, кейіннен Мәс­кеу мемлекеттік халықаралық қатынастар инс­титутын тәмамдаған. 1950 жылы Мәс­кеудегі оқуын аяқ­та­ған­нан кейін Алма­ты­дағы жоғары пар­тиялық мектепте дә­ріс оқып, кейіннен Қазақ КСР сыртқы істер министрлігінің көмекшісі әрі хатшысы болып жұмыс істейді. Сол тұстағы жастардың оқу-ағарту саласына еңбек сіңірген Мәлік Фазылов алпысыншы жыл­дардың аяғы мен жетпісінші жыл­дардың басында Қазақстан Коммунистік партиясы Орта­лық Комитеті оқу орындары мен ғы­лыми бөлімінің жетекшісі болды. Ал 1973 жылы дипломатия саласына қайта оралып, Қазақ КСР сыртқы істер министрі лауазымына тағайындалады. Осылайша Фазыловтың дипломатия са­ласындағы қадамдары айқындала берген еді. Жетпісінші жылдары Малиде ауыр саяси, экономикалық дағдарыс орын ал­ған еді. Жаһан болып Малиге көмек қо­лын созса да, елдің жағдайы соншалықты мүшкіл еді. Сол тұста КСРО үкіметі Траоре режимімен ортақ келісімге келе алу үшін Бамако қаласына төтенше және өкілетті елші жолдау туралы шешімге келеді. Бұл жауапты іске Қазақ КСР сыртқы істер министрі Мәлік Фазылов тағайын­далады. Аталған салмағы ауыр істі Фазылов мүлтіксіз орындап шықты. Фа­зыл­овтың сыртқы істер министрі лауа­зы­мына тағайындалмай тұрып, министрдің кө­мекшісі болған тұсында сол тұстағы Қазақ КСР сыртқы істер министрі болған Т.Тәжібаев «1951 жылы сәуірде М.С.Фа­зылов Қазақ КСР сыртқы істер министрлігіне жұмысқа шақырылып, саяси мә­се­лелер бойынша бірінші хатшы болып тағайындалды, ал шілдеден бастап ми­нис­трдің көмекшісі қызметін атқарып жүр. Министрлікте жұмыс істеген уақыт аралығында М.С.Фазылов өзін қалыпты тұрғыда көрсете білді, саяси тұрғыда да­мы­ған, жұмысты жақсы орындайды, тәр­тіпке бағынады», – деп мінездеме жазған. Өзіне артылған жауапкершіліктің жү­гін сезініп, оны жеткілікті деңгейде орындап, дипломатияның сардарына айнала білген Мәлік Фазылов Малидегі қызметі үшін Малидің ұлттық орденінің кавалері болды. Атап өтерлігі, дәл осы құрметке бұған дейін Жапония императоры Акихито, Нельсон Мандела және Британия патшайымы ІІ Елизавета ие болған еді. Қазақтан шыққан дипломат өзінің тап­қыр­лығы мен өлшеусіз еңбегінің арқа­сын­да аталған әлемдік құрметтің шыңына шыға білді. Мұны бүгінде бірі білсе, бірі білмейді. Фазылов 1962-1976 жылдары сыртқы істер министрі болған тұста Камбоджа, Мысыр, Канада, Шри-Ланка, Марокко, Мозамбик, Эфиопия елдеріне мемлекеттік сапармен барған. Көбіне Кеңес Одағы делегациясын басқарған. Өзінің 1983 жылы Марокко патша­лы­ғындағы КСРО-ның төтенше және өкі­летті елшісі болған тұсында да жемісті қызмет атқарған Мәлік Сабырұлы туралы Ресей Федерациясының дипломаты Валерий Воробьев өз естеліктерінде айтады. «Мәлік Сабырұлы Мароккодағы елшілік қызметі тұсында экономикалық серіктес­тікті орнатуға қаншама күш жұмсады. Мәселен, сексенінші жылдары Кеңес Ода­ғы Марокко жақта жыл сайын 1 миллион тонна балық аулайтын. Бүгінгі күні Ресей үшін бұл көрсеткіш бар-жоғы 120 мың тоннаны құрайды» – дейді В.Воробьев. Мароккода қызмет еткен жылдары ІІ Хасан Мәлік Фазыловты Алауиттер тағының орденімен марапаттаған. Мәлік Сабыр­ұлы­ның қос мемлекет арасындағы бай­ла­ныстың әрі қарай нығаюына қосқан үлесі орасан зор болды. Мароккода Қазақ­стан мен Өзбекстанның мәдени күндерін өткізіп, тіпті Алматы мен Марокконың Мекнес қалаларының өзара достас қа­рым-қатынастың жаңа белес алуына күш сал­ды. Мәлік Фазылов Африка құр­лы­ғында өмірінің 15 жылын өткізген. Сан алуан этнос өкілдері, тайпалардан құрал­ған құрлық пен Кеңес Одағы арасындағы жылы қатынастың бекемделе түсуіне атал­ған уақыт аралығында барын салды. Мәлік Фазыловтың қазақ дипло­ма­тия­сының негізін қалаушы­лар­дың бірі атануы да осынау ерен еңбегінің арқасы бол­са керек. Ақтаңдақ дипломат 68 жасында өмір­ден озды. Бүгінде Мәлік Фазы­лов­тың ең­бек жолы елдің сыртқы саясат саласына орасан зор әрі адал қызмет етудің үлгісі іспетті. Қанша ауыр ке­зеңдерден өтсе де өз сертіне беріктігі мен қайсарлығы, қызметіндегі кәсібилігі мен құзыреттілігі баршаға үлгі болары анық.

Олжас БЕРКІНБАЕВ,

Журналист