Тіршілігі қайнаған Түркістан
Тіршілігі қайнаған Түркістан
«Ырыстан» несие алып, ырысын арттырған
Оңтүстік өңір халқы нәсібін жерден теріп, мол өнім алып келеді. Түркістан облысы, Бәйдібек ауданында бүгінге дейін 343012,16 гектар бидайдың 3000 гектары орылып, 60 мың тонна астық қамбаға құйылды. Гектар түсімі орташа 20 центнерді құрады. Жаздық арпа егістігінің 900 гектары орылып, қамбаға 13,5 мың тонна арпа түсті. Түсім – 15 центнерден айналды.
Осы орайда шаруаларға мемлекет тарапынан жасалынып жатқан көмектің де пайдасы орасан. «Ырыс» микроқаржы ұйымы 10 жылға жуық уақыттан бері кәсіппен айналысамын деген азаматтарға көмек қолын созып келеді.
«Ырыс» МҚҰ кәсіптің кез келген түрін қаржыландырады. Бұл ұйымның арқасында ауыл шаруашылығы саласының ерекше қарқын алғанын атап өтуге болады. Мақтаарал ауданы бойынша 162 шаруа қожалығы аталмыш ұйымның есебінен несие алған. Қаржының жалпы сомасы 298 млн теңгені құрайды. Шаруасын дөңгелетіп отырғандардың бірі – Мақтаарал ауданындағы «Укажан» шаруа қожалығы басшысы Құлтай Аманқұловтың айтуынша, 2010 жылдан бері «Ырыстан» несие алып келеді. Нәпақасын жерден айырып отырған шаруа мақта егумен айналысады. Шаруа қожалығына тиесілі 40 гектарға жуық жерге мақта егу үшін жылына 5 120 000 теңге несие алады екен.
Ал Жетісай ауданының тұрғыны мақта егумен 40 жылдан бері айналысып келетін Аралбай Әбдіразақов «Әшірхан ата» шаруа қожалығын құрып, «Ырыстың» несиесін алып келеді. Жыл сайын 13 млн теңге несие алатын Аралбай Әбдіразақовтың шаруа қожалығына 100 гектар жер тиесілі.
Жалпы, Жетісай ауданы бойынша микроқаржы ұйымының көмегіне 209 шаруа қожалығы жүгінеді. Олар жыл сайын 389 млн теңге несие алып, уақытылы қайтарып отыр.
Шардара ауданында 210 шаруа қожалығы «Ырыс» МҚҰ-ның арқасында нәпақа тауып жүр. Олар жыл сайын аталмыш ұйымнан 489 млн теңге алады. Тиісінше, өнім жиналып біткен соң сол соманы 6 пайызбен қайтарады.
– «Ырыстан» несие алудың тиімділігі – қаржыға ерте қол жеткіземіз. Сол арқылы шит пен жанар-жағармайды арзан кезінде ала аламыз. Бұл әрі қаржы үнемдеуге, әрі өнімді ертерек алуға сеп болады. Сонымен қатар «Ырыс» МҚҰ тұрақты несие алушы шаруаларға қаржыны оңай алу жолдарын қарастырған, – дейді шаруа қожалық иелері.
Қазіргі таңда «Ырыс» микроқаржы ұйымы 1,2 миллиард теңгені Түркістан облысының кәсіпкерлеріне бөліп отыр. «Ырыстықтар» жергілікті кәсіпкерлерге жыл басынан бері 1145 жобаға 3,5 миллиард теңгенің несиесін таратып үлгерген.
Атаулы әлеуметтік көмек – кәсіп ашуға жол
Түркістан облысының тұрғындары атаулы әлеуметтік көмекке кәсіптерін ашуда. Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ербол Садыр Сарыағаш ауданына барып, белгіленген мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекке қол жеткізген тұрғындармен кездесті. Тұрмысы төмен отбасылардың үйлеріне барып, жағдайларымен танысты. Атаулы әлеуметтік көмек алғандардың бірі Сарыағаш қаласы тұрғыны Бахтияр Лесбеков. Бес баланың әкесі мемлекеттен тағайындалған 861 мың теңгесін алып, жеке кәсібін ашты. Қазіргі таңда отағасы тұрақты жұмыспен қамтылса, ал жұбайы түшпара жасайтын шағын кәсібін дөңгелете бастаған. Тағы қосымша екі азаматшаны жұмыспен қамтып отыр. Жеке кәсібін бұдан әрі дамыту үшін отбасы мемлекеттен берілетін қайтарымсыз «Грант» 500 мың теңге алуға ниет білдіруде. Бүгінде көпбалалы жанұяның табысы ұлғайды. Атаулы әлеуметтік көмектің игілігін көргендердің қатарында Түлкібас ауданының тұрғыны Райхан Жасұзақова да бар. Алты баланың анасы тағайындалған 621 мың теңгенің 380 мыңын қолына алған. Қомақты қаржыға көптен бері армандап жүрген кәсібін іске асырып, аудан орталығында орналасқан әсемдік салонынан бір орынды жалға алған. Қажетті құрал саймандарын толықтырған келіншек сүйікті кәсібімен шұғылданып, табыс табуда. Алдағы уақытта ол мемлекет тарапынан көрсетілген үлкен қолдауды пайдалана отырып, сұлулық салонын ашуды жоспарлап отыр.
Кәсіпкерлерді қолдаған «Атамекен»
Президент Қ.Тоқаевтың кері байланысты жандандыру тапсырмасына орай мемлекеттік бағдарламаларды халыққа ашық форматта түсіндіру, жаппай кәсіпкерлікпен айналысуға үйрету, халыққа қолжетімді ақпарат ұсыну мақсатында Шымкент қаласында «Атамекен» қолдау орталығы ашылды. Орталықтың тұсаукесер рәсіміне қатысқан қала әкімінің орынбасары Гүлжан Құрманбекова аталмыш мекеменің болашақта тұрғындармен тығыз байланыста жұмыс істейтіндігін айтты.
– Орталықтар блок-модульді павильондарда, халық жаппай жиналатын жерлерде – базарлар мен вокзалдар маңы, халық тығыз орналасқан аудандар, шеткі аудандар мен көшелерде ашылады. Шаһардағы 4 аудан әкімдігінде және халыққа қызмет көрсету орталықтарында да мобильді орталық жұмыс істейтін болады. Қала әкімдігі «Атамекен» кәсіпкерлер палатасымен бірігіп, іс-жоспар бекітті. Тұрғындардың ақпаратты ашық түрде алуына барлық мүмкіндіктер қарастырылады, – деді Г.Құрманбекова.
Бүгінде «Атамекен» қолдау орталықтары» пилоттық режимде Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында іске қосылған. Мұндай қызметтер өзге елдерде жақсы жолға қойылған. Мәселен, бір ғана психолог-кеңес берушілердің өзі келушілердің қызығушылықтарын сұрай отырып, олардың қандай іске бейімі барын анықтап береді екен. Бізде де енді мобильдік орталықтар адамдардың тұлғалық қасиеттерін дамытуға көмектесетін болады.
– Қазіргі кезде тұрғындар қалай, қайдан ақпарат алуды біле бермейді. Көп жағдайда қол жеткізгені жалған ақпарат болып шығады. Сондықтан біз бір көзден жан-жақты ақпарат беру, жұмыссыз жүрген азаматтардың дәрежесін анықтау мақсатында жұмыс істейміз. Бүгінгі таңда Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен бірге базалар интеграциясын жасап жатырмыз. Қай ауданда қанша адам жұмысқа мұқтаж, қай кәсіпорынға жұмысшы тапшы деген сияқты сауалдарға жауап беретін Шымкент қаласының әлеуметтік картасын жасап, нақтылаймыз. Кәсіпкерлікке бейімі бар азаматтарға мүмкіндік көп. Қала бойынша 2000-ға жуық тұрғын қысқа мерзімдік оқытудан өтті. Микроқаржы ұйымынан 450 мың теңге, республикалық бюджеттен 4500 грант бөлініп отыр. Алдағы кезде де әлеуметтік жағдайы төмен азаматтардың бәрін оқытып, жұмыспен қамтымақпыз, – деді «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының директоры Нұрлан Қабыштаев.
Орталықта менеджер-консультанттар өтінім берушінің алған білімі мен кәсіби деңгейіне қарай жұмыс табу; жаңа мамандық алу (мәселен, клиенттер 2 айдан 6 айға дейінгі қысқа мерзімді оқу курстарына жазыла алады, тыңдаушыларға шәкіртақы және ары қарай жұмысқа орналастыру мүмкіндігі қарастырылған); «Жас кәсіпкер» жобасына қатысу (18-29 жас аралығында жұмыссыз және өзін-өзі жұмыспен қамтыған жастар кәсіпкерлік негіздері курсына жазыла алады); «Бастау» жобасына қатысу (жас ерекшеліктеріне қарамастан өзін-өзі жұмыспен қамтыған және жұмыссыздар бір ай ішінде бизнес жүргізудің негізгі дағдыларын үйренеді, микронесие алуға, кәсіп ашып, немесе қолдағы бизнесті кеңейтуге мүмкіндік алады) сияқты кеңестер береді. Қазіргі кезде 14 мыңға жуық тұрғын осы бағдарламаға қатысып, 6 мыңы тұрақты жұмыс орындарына жолдама алған.
Жылыжайдың көптігі артықтық етпейді
Ауа райы қолайлы, жері шұрайлы Қазығұрт ауданында жылыжай шаруашылығын өркендетуге мүмкіндік мол. Өңірде жылыжай көлемінің айтарлықтай бөлігі – осы ауданның еншісінде. Сол қиындықтар соңғы екі жылда жылыжай өнімінің азайып кетуіне әкелуде. Қазіргі таңда шаруалардың көбі бұл кәсіптерінен бас тартуда. Оған мемлекет тарапынан диқандарға қолдаудың азайып кетуі мәжбүр болуда.
«Қызылқия» жылыжай кооперативінің төрағасы Тіллабай Сұлтанов: «Мемлекет тарапынан бұрындары жанар-жағармайдың 40 пайызын өтеуге субсидия беруші еді. Соны тоқтатып қойғанына екі жыл болды, – деді төраға. – Екінші, көмір мәселесі. Оның бағасы шарықтап кетті. Қазір көмірге қарыз емес диқан қалмады. Бүгінде оның тоннасы 20 мың теңге, әкеліп беруімен 21 мың теңгеге түсуде. Оның үстіне топаны көп. Бұлар өнім бағасының өсуіне айтарлықтай әсерін тигізуде. Бір келі қызанақтың өзіндік құны – 200 теңге. Ал, бұған жұмысшылардың айлығын қосыңыз, оның үстіне өзіміз де табыс табуымыз керек. Аудан бойынша 120 гектар жерде жылыжай орын тепкен. Тоқтап қалған жылыжайлар аз емес. Жылыжай неғұрлым көп болса, қыста жұртты көкөніспен қамтамасыз етуге мүмкіндік зор» дегенді айтады.
Жылына екі рет өнім алатын егіншілер мемлекеттен субсидияны да жылына екі рет, көктемде және күзде алатын. Оны гектарына алғашқы жылдары 1 миллион 300 мыңнан, кейін 1 миллион 500 мыңға көтерді. Одан 1 миллион 800 мыңға жеткізген. Оның едәуір көмегі бар еді. Елбасы ауыл шаруашылығын отандық экономиканың драйверіне айналдыру жөнінде тапсырма бергені белгілі. Соған қарамай шаруаларға қолдаудың азайып жатқаны түсініксіз дейді сала мамандары.
Жолдар күрделі жөндеуден өтуде
Түркістан облысында республикалық маңызы бар жолдар күрделі жөндеуден өтуде. Қазір Келес ауданы арқылы өтетін «Жызақ-Жетісай-Қызыләскер-Абай-Сарыағаш-Жібек жолы» автомобиль жолының 31 шақырымына орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
«ҚазАвтоЖол» Ұлттық Компаниясы» АҚ Түркістан облыстық филиалының тапсырысымен жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарына республикалық бюджеттен қаржы бөлініп, ағымдағы жылдың мамыр айынан мердігер мекеме асфальт төсеуде. Қазан айының соңында пайдалануға берілуі тиіс жолды аталған аудан әкімі Ақментай Есбаев арнайы барып көрді. Ол жауапты тұлғалармен бірге жұмыс барысын бақылауда. Қазір жүргізушілер облыстық маңызы бар КХ-72 «Абай –Шардара» айналма жолымен өтуде. Ауданда сондай-ақ, Абай ауылындағы ішкі көшелердің басым бөлігін орта жөндеуден өткізу жоспарланған. Әзірге 23 көшенің сметалық құжаттары әзірленіп, облыстық қаржы басқармасы тарапынан тиісті қаржы қаралып жатыр. Атап айтқанда, А.Мамытбекұлы мен Д. Қонаев көшелеріне асфальт төселіп, жарық шамдар мен суағар орнату жоспарланды. Ал Т. Рысқұлов көшесіне орта жөндеу жұмыстары жүргізіліп, ауылдың басым көпшілік көшелеріне тас төселмек. Бүгінгі таңда ауыл аумағындағы Жамбыл, Асан қайғы, Б.Қырғызалиев, Т.Рысқұлов, Д.Қонаев, Ә.Сатбаев көшелері бойларына жол бөлу сызықтары сызылып, бірқатар көшелердің білім беру мен әлеуметтік мекемелері орналасқан тұстарына тиісті жол белгілері орнатылды.
Бірнеше ғимарат сыйламақ
Бүгінде облыс әкімдіктері мен еліміздің ірі компаниялары Түркістан қаласын түлету жолында күндіз-түні еңбек етуде. Солардың бірі – «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ. Аталған компания киелі шаһарда 5 ғимараттың құрылысын жүргізуде. Осыған орай, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ басқарма төрағасы Ахметжан Есімов Түркістанға арнайы келіп, құрылыс жұмыстарының барысымен танысып қайтты.
Мәселен, 2020 жылы пайдалануға беріледі деп жоспарланған оқушылар сарайының талапқа сай болуы бүгінде басты назарда тұр. Бұл нысанның құрылысына 100 адам жұмысқа тартылады. Сонымен бірге Ұлттық әл-ауқат қоры 7 мың орынға лайықталған орталық стадион да салуда. Оның аумағы – 8,3 гектарға тең.
УЕФА талаптарына сай келетін нысан 2020 жылы ел игілігіне берілмек. Облыс орталығында бой көтеріп жатқан ғимараттарды аралаған А.Есімов конгресс-холл мен амфитеатр және Қ.А.Ясауи музейінің құрылысын көрді. Аумағы 3200 шаршы метрді құрайтын музейді «Самұрық-Қазынаның» тапсырысымен «Базис-А» компаниясы жүргізуде. Мұражай келесі жылы пайдалануға беріледі деп жоспарлануда.
Жалпы биыл наурыз айында іргетасы қалана бастаған нысандар 2020 жылы салынып бітпек. А.Есімов құрылысқа жауапты тұлғаларға ғимараттарды сапалы әрі уақтылы елге тапсыру керектігін ескертті. Нысандар толық салынғанша қадағалауда болады.
Арыс қаласы қалпына келді
ҚР Премьер-министрі Асқар Мамин кезекті рет іссапармен Арыс қаласына келді. Сапар барысында Үкімет басшысы бірнеше нысанды аралап, олардың құрылысымен, жөндеу жұмыстарымен танысты.
Солардың ішінде әскери қалашық, «Көктем-2» шағынауданындағы Иван Журба атындағы мектеп, М.Жұмабаев көшесіндегі қалалық аурухана, Т.Тәжібаев көшесі бойындағы екі қабатты тұрғын үйлер, Привокзальный көшесіндегі «Арыс-1» теміржол вокзалы, Н.Исмаилов көшесінде орналасқан Орталық стадион және Ергөбек көшесіндегі №126 тұрғын үй бар.
Осы ғимараттардың ішінде Иван Журба атындағы мектеп жарылыстан көбірек зардап шеккен болатын. Бүгінгі таңда мектептің есік-терезесі, шатыры толық жаңартылып бітті. Енді ішкі әрлеу жұмыстары жалғасуда. Сондай-ақ, спорт алаңы да заманауи талаптарға сәйкес қайта қалпына келтіріліп жатыр. Өз кезегінде ҚР Премьер-министрі А.Мамин аталмыш оқу ғимаратын 1 қыркүйекке дейін толық аяқтап бітіруді тапсырды.
Мұнан соң Үкімет басшысының төрағалығымен қалалық әкімдікте арнайы жиын өтті. Онда салалық министрлер атқарылған жұмыстар жөнінде есеп берді. ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі Қ.Өскенбаевтың айтуынша, қаланың 90 пайызы қалпына келтірілді. Бір ай ішінде үлкен жұмыстар атқарылды. Соның нәтижесінде 6,5 мың тұрғын үй жөнделді. Бұл – осыншама отбасы үйлеріне кірді деген сөз. 60-тан астам әлеуметтік нысан – мектеп, аурухана, балабақша, спорт кешендері 20 тамызға дейін жөнделіп бітеді. Түрлі себептерге байланысты 144 үйде әлі қалпына келтіру жұмыстары басталған жоқ. Соның ішінде 80 үйдің иелері келіспегендіктен құрылысы тоқтап тұр. Жалпы, Арысқа екі жүзден астам құрылыс компаниясы, сегіз мыңдай жұмысшы және үш жүзге жуық техника жұмылдырылды. Бірінші вице-министрдің мәлімдеуінше, Атырау облысына тиесілі 466 үйдің 409-ы толық қалпына келтірілді. 56 үйдің құрылысы жаңадан басталды. Мұнда 475 құрылысшы жұмыс істеп жүр. Сондай-ақ, Павлодар облысына бекітілген сектордағы 334 үйдің 312-сі аяқталса, 20 үйді қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр.
Мұнан соң сөз алған ҚР Білім және ғылым министрі А.Аймағамбетов баяндамасында 3800 бала лагерьлерде демалғаны, әлі кезекте 4800 бала тұрғаны жөнінде мәлімдеді. «5 тамызда 150 оқушы Түркістанға демалуға аттанбақ. Бүгінгі таңда жаңа оқу жылына қызу дайындық жүріп жатыр. Оқушылар жаңа оқулықтармен жүз пайыз қамтылатын болады. Министр 1 қыркүйекке дейін мектептер оқушыларды қабылдауға толық дайын болады» деген уәдесін берді.
ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Арыстағы жаңа оқу жылына дайындық туралы айтып берді. «Біз Арысқа бірнеше рет бардық. Қазіргі уақытта онда Білім және ғылым министрлігінің өкілі жүр. Ол мектептердегі жөндеу жұмыстарын қадағалайды. Жаңа оқу жылына қала мен ондағы білім беру мекемелері толық дайын болады деп айта аламыз», – деді министр. Сонымен бірге, министр мектептердің жай-күйі туралы айтып берді. «Терезесіне ғана зақым келген мектептер бар. Тек ішінара жөндеу жұмыстары қажет мекемелер болды. Бірақ, іс жүзінде шамамен барлық мектепке күрделі жөндеу жүргізілді. Мәселен, жарылыстан зардап шекпеген спорттық залдардың да едендері ауыстырылды. Апта сайын Арысқа барамыз және үлкен өзгерістердің куәсі болып жатырмыз. Барлық мектеп оқу жылына әзір болады, оған алаңдаудың қажеті жоқ», – деді ол. Бұған дейін Арыс қаласында 6 704 үйдің жөндеу жұмыстары аяқталғаны хабарланған еді. Қаланы қалпына келтіру жұмыстарына 184 компания, 7 382 құрылысшы және 298 арнайы техника қатысуда.
ҚР Денсаулық сақтау министрі Е.Біртанов аудандық аурухананың жөндеу жұмыстары 15 тамызға қарай бітетінін баяндады. Төсек-орын жергілікті жерден сатып алынса, медициналық құрал-жабдықтар уақытша өзге өңірлерден әкелінбек. Республикалық бюджеттен 800 млн теңге бөлініп отыр. Осы және демеушілер есебінен түскен 144 млн теңгеге керекті аппараттар сатып алынады. Өзге емдеу мекемелері де күзге қарай толық аяқталады.
Жиынды қорытындылаған Үкімет басшысы жұмысты үйлестіре білгені үшін Түркістан облыстық әкімдігі мен аудандық әкімшіліктерге, сонымен бірге, құрылыс алаңында жүрген барша азаматтарға алғысын білдірді. «Халықтың бірлігі мен тиімді жоспардың арқасында аз уақыттың ішінде қаланы қалпына келтіре алдық. Жөндеу жұмыстарының 90 пайызы бітті. Енді күрделі құрылыстарды тамыздың 20-на дейін аяқтауымыз керек. Қазір шаһардың инфрақұрылымын жаңғырту жүргізілуде. Таяу күндері ол жұмыстарды да аяқтап үлгеруіміз қажет», – деді А.Мамин.
Динара Мыңжасарқызы