Арыстағы апатқа кінәлілер жазаланды
Арыстағы апатқа кінәлілер жазаланды
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Арыстағы жарылыстың орын алуына байланысты Қазақстанның Қорғаныс министрлігінің бұрынғы басшылығына сөгіс жариялады.
Мемлекет басшысының Арыстағы жарылысқа орай кінәлілерді жазалауға арналған Өкімімен «қару-жарақ пен оқ-дәрілерді көшіру кезінде қауіпсіздік шараларының сақталуын қатаң бақылай алмағандығы үшін, соның салдарынан Арыс қаласында орналасқан әскери бөлімшедегі қару-жарақтың жарылуына және қалада адам шығынының орын алуына, тұрғын үйлер мен түрлі ғимараттардың қирауына жол бергені үшін» бұрын Қазақстан Республикасы қорғаныс министрі болып қызмет атқарған Сәкен Әділханұлы Жасұзақов Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері қатарынан шығарылды.
Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Бас штабының бастығы Мұрат Кәрібайұлы Бектановқа, Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Бас штабының бастығы болып қызмет атқарған Мұрат Жәлелұлы Майкеевке, Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің орынбасары болып қызмет атқарған Талғат Жеңісұлы Жанжүменовке қатаң сөгіс жарияланды.
P.S.
Өткен айдың ортасында Үкіметтің кеңейтілген отырысында Арыс оқиғасы арнайы сөз болып, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Арыстағы жойқын жарылысқа жол бергені үшін Нұрлан Ермекбаевқа қатаң сөгіс жариялаған болатын.
2019 жылдың 24 маусымында Түркістан облысының Арыс қаласындағы әскери бөлім аумағында Қазақстан Республикасы Қарулы Күштеріне қарасты әскери арсеналдардың бірінде оқ-дәрілер сақталған ғимараттан өрт шығып, ізінше болған жойқын жарылыс салдарынан кісі өлімі орын алып, қаладағы көптеген тұрғын үйлерге зиян келгенді.