Масылдық мұратқа жеткізер жол емес
Масылдық мұратқа жеткізер жол емес
Кез-келген мемлекет өз халқының бай-қуатты өмір сүруі үшін жұмыс істейді. Халық арасындағы әлеуметтік тұрмысы төмен отбасыларға қолдау білдіру бағдарламаларын құрады. Еңбекке жарамсыз азаматтарға әр түрлі көмектер көрсетіледі. Мұндай көмектер мен бағдарламалар әрбір елде алуан түрлі жолдармен жүзеге асып жатыр. Ал халыққа жаппай ақша таратса немесе банкіден алған қарызын мемлекет түгел жауып берсе деген сияқты түсінікте болу бүгінгі ақпараттық қоғамның көзі ашық азаматтарына тән мінез емес.
Біздің еліміз де көмекке зәру азаматтарға қол созудан кенде қалып отырған жоқ. Биыл көктемнен бері көпбалалы отбасындағы әрбір балаға 21 мың теңге төлеу жайлы шешім шықты. Көптеген отбасы сол қаржының игілігін қазір көріп те отыр. Ал әлеуметтік жағдайы төмен немесе өмірде әртүрлі қиын жағдайға тап болған азаматтардың қарызын кешіру жайлы жарлық талай отбасының үмітін жандырды. Ал тепсе темір үзетін азаматтардың мұқтаждық пен масылдықты ажырата алмай Үкіметке тепсінгені ұят-ақ. Өздері еңбекке жарамды, кейбірінің әлеуметтік жағдайы әжептәуір жоғары бола тұра кедей-кепшікке арналған азғантай ақшаға жармасу барып тұрған масылдық психология дерті демеске лаж жоқ. Бұл дертпен күресіп, одан арылу жолдарын нұсқап, сауықпасақ жиырма бірінші ғасырдағы бәсекелестік қоғамға сай мемлекет құрып жатырмыз деп айтудың өзі бекершілік.
Көктемде ғана осы әлеуметтік жағдайы төмен азаматтарға берілетін көмек мәселесіне қатысты заңдарды пысықтау барысында сенатор Сәрсенбай Еңсегенов масылдық мәселесін атап өтті. Сенатор былай дейді: «Жақында өткен кездесуде анықталғаны – үлкен жолдың бойында салынып жатқан мектеп құрылысындағы жұмысшылардың 90 пайыздан астамы өзбек мемлекетінің азаматтары. Құрылыс мекемесінің басшысы сол ауылдың тұрғыны. Ол кісінің айтуынша, жергілікті тұрғындар жұмысқа келмейді. Қара жұмысшының айлығы 90 мың теңге, сылақшы мамандар 150 мың теңге алады. Мұндай ақшаға жергілікті тұрғындардың жұмыс істеуге ықыласы жоқ. Кейбіреулері «мұндай жалақыға жұмысқа барсақ, жәрдемақыдан қағыламыз» деген уәж айтады екен», – деді ол. Иә, сенатордың айтып отырған мысалына қарсы айтар уәжіміз жоқ. Қаншама жылдан бері Өзбекстан азаматтары біздің елде құрылыс жұмыстарын, егіншілікті тағы да басқа қара шаруаны атқарып келе жатыр. Ал бірақ өзіміздің қазақстандық азаматтар жұмыс таппадық деп екі қолын қусырып отыр. Олар үйде отырып алып, мемлекет ақша берсе, қарызымды үкімет жауып берсе деп армандайды.
Әрине, қаншама қазақстандық азаматтардың бизнесте, мемлекеттік қызметте, қоғамдық жұмыстарда белсенділік танытып, елге ұйытқы болып жүргенін де естен шығаруға болмайды. Бірақ кейбір азаматтардың әлі де сонау келмеске кеткен кеңестік жүйедегі «өкімет өлтірмейді» дейтұғын түсініктен арыла алмай отырғаны өкінішті-ақ.
Нұр-Сұлтан қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Сәуле Нұрғожина ханым былай дейді: «Әйел азаматтардың ішінде негізсіз талап қойып, әкімдік қызметкерлерін заңсыз жолмен жеке бастарының мәселелерін шешуге итермелейтіндер бар. Нақты айтқанда 14-15 әйел азамат бар. Олар 15-20 млн.теңге несиесін жауып беруін талап етеді. Заңсыз жолмен баспана алып беріңдер дейді. Өзіңіз білесіз, қалада 40 мыңнан аса адам баспана кезегінде тұрғаны жиі айтылады. Әкімдікке келіп айқайлағанның бәріне пәтер беріле берсе, әділет қайда қалады? Біз құқықтық мемлекет емеспіз бе?! Заң бәріне ортақ. Осыларды айтып, мән-жайды қанша түсіндірсек те «Егер шешпесеңдер, біздің чаттарымызда әйелдер көп. Қажет болса 200-300 әйелді көшеге шығарамыз» дейді». Сонымен қатар Сәуле ханым қаншама азаматтың көмекке қолы жетіп, әлеуметтік жағдайының оңалғандығын және талай тұрғынның ризашылық білдіргендігін атап өтті. Ал енді үй бермесең, қарызымды жаппасаң көшеге әйелдерді шығарамыз деген бұзақылық қылмысқа апаратын жол ғой. Оның соңы жақсылыққа жеткізбесі де түсінікті.
Ал жуықта ғана Маңғыстау өңірінде болып, халықпен кездесу жасаған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев масылдық жайлы тілге тиек еткен болатын. Президент өз сөзінде азаматтардың мұқтаждық пен масылдықты ажырата алмай отырғандығын атаған. Тек қана Үкімет тарапынан бөлінетін жәрдемақыға қарап өмір сүруге болмайтынын, кәсіпкерлікпен айналысудың мемлекет үшін де жеке азамат үшін де тиімді екендігін ескерткен. Президент ескертіп отырған мәселе бүгінгі күннің ең өзекті тақырыбы болып отырғаны да жасырын емес.
Феодалдық қоғамда өмір сүрген ұлы Абайдың:
«Байда мейір, кедейде пейіл де жоқ,
Аңдыстырған екеуін құдайым-ай!» – дейтіні бар ғой. Ал бірақ қазір нарықтық қоғамда өмір сүріп жатырмыз. Талабың мен талантыңды ұштастыра білсең, әлемдік деңгейдегі бизнеске аралассаң да саған ешкім қой демейді. Тәуелсіз мемлекетіміздің көркеюіне әрбір қазақстандық үлес қосам десе жол ашық. Ауадан ақша, тезектен теңге табуға болады. Мемлекет мейірін беріп, халқына қол ұшын созған екен, сіз бен біздің пейіліміз кетпесін ағайын! Мұқтаждық болмаса да мемлекетке қол жаю масылдық психология көрінісі. Масылдық мінез тоғышарлыққа, әрекетсіздік пен мешкейлікке апаруы да мүмкін. Халқына қабат-қабат әлеуметтік көмекті аямаған Ливия басшысын да жалқаулық жайлаған жұрты орнынан жұлып алған. Мұндай мысалдар әлемде көп. Сондықтан да халыққа мемлекет ақша үлестіреді деген қате түсінік. Оны біздің еліміз жақсы біліп отыр. Бірақ халықтың кейбір бөлігіндегі масылдық дерттің дауасын іздейтін мезгіл жетті. Әрі ол уақыт оздырмайтын мәселе.
Бейбіт ТОҚТАРБАЙ
«Тúrkistan»