Қасым ханның қасқа жолы

      Қасым ханның қасқа жолы

      Қасым ханның қасқа жолы
ашық дереккөзі
Қасым хан – қазақтың дана да дара ханы, Қазақ хандығының негізін қалаушылардың бірі – Әз-Жәнібек ханның ортаншы баласы. Қасым хан десек бірден «Қасым ханның қасқа жолы» заңдар жинағы еске оралады. Оның себебі Қасым ханның ерекше білімділігі мен тектілігінде. Атақты Қасым хан жай ғана Шыңғыс ұрпағы емес, Шығыс Дешті Қыпшақ аумағында үздіксіз билікте болған текті әулеттің өкілі болып саналады. Ата-бабасынан қалған дәстүр, тектілік оның бойынан да табылады. Ол тек қана хандық әулеттің жолын жалғастырушы емес, сонымен бірге қалыптасқан жаңа саяси жағдайларға сай хандық билікті, мемлекеттілікті дамытушы қайраткер ретінде тарихта өз орнын алған тұлға. «Қасым ханның қасқа жолы» – қазақ халқының хандық дәуіріндегі әдет-ғұрыптық заң ережелерінің жиынтығы. Негізі орта ғасырларда  қолданған жарғы заңынан  алынған көрінеді. Қасым хан өз заңында Құран талаптарына қайшы келмейтін қазақи ғұрып ерекшеліктерін сақтайды. Мысалы, жеті атаға дейін үйленбеу, әмеңгерлік, қазылық билік, т.б. Ол халықтың көкейінен шыққан әрі ежелден келе жатқан билік дәстүрді, әдет-ғұрыптық «жарғыны» жаңғыртып, күшейтті. Заңның қысқаша мазмұны: - мүлік заңы (жер дауы, мал-мүлік дауы) - қылмыс заңы (кісі өлтіру, талау, шапқыншылық жасау, ұрлық қылу) - әскери заң (аламан міндеті, қосын жасақтау, қара қазан, ердің құны, тұлпар ат) елшілік жоралары (майталман шешендік, халықаралық қарым-қатынастағы сыпайылық, әдептілік, ибалылық) - жұртшылық заңы (шүлен тарту, ас, той, мереке, думан үстіндегі ережелер, ат жарыс, бәйге ережелері, жасауыл, бекеуіл, тұтқауыл міндеттері). 1446-1518 жылдар арасында өмір сүрген Қасым ханның ресми түрде ақ киізге отырып, хан көтерілген, таққа отырған кезі – 1511 жыл. XVI ғасырдың бірінші ширегінде қазақ атын жер жүзіне жеткізген Қасым хан есімі қазақ халқының тарихи санасында мәңгі сақталмақ. Альбина Тумарова, Шәкәрім атындағы Мемлекеттік университетінің журналистика мамандығының 3 курс студенті