Бата қасиеті

Бата қасиеті

Бата қасиеті
ашық дереккөзі
Қазақ халқында әрбір игі бастамаларға, ақ астарханға, жас отауларға берілетін сан қилы баталардың түрлері бар. Халқымыз ақ ниетпен бата беріп, жақындары үшін тілек тілеуді дәстүрге айналдырған. Сол дәстүрлер қазіргі күнге дейін сақталып, жаңғыруда. Батаны кез- келген адам бере бермейді. Сонымен қатар, кімге қаратылып айтылса соған байланысты батаның мәтіні де өзгеріп отырады. Этнограф-фольклоршы ғалым Александр Васильев өзінің 1905 жылы Орынборда шыққан «Образцы киргизской народной словестности, молитвенных благожеланий – бата сөз» атты мақаласында «Кімде-кім қазақ даласында болса, ол батаның халықтың қандай ерекше назарында болатынын жақсы біледі. Бата қазақ поэзиясының ерекше түрі, онда бата беруші адамның үй иесіне деген шын жүректі жарып шыққан ықылас-пейілі, ақ ниеті, Алладан тілер тілегі поэзиялық өлең түрінде ақтарылады» деп жазған. Бата беру – қазақ халқында көбіне астан кейін табақты  жинап алудың алдында атқарылатын ғұрып ретінде сақталып келет. Ақсақалдар, ақ жаулықты аналар бата беріп жатқанда жас отаулар,жастар, кейде тіпті егде адамдар да түрегеп тұрып қол жаяды. Осы арқылы да батаның қасиетіне көз жеткізе аламыз. Бата қай кезде және кімге қарата айтылып тұрғанына қарай бірнеше түрге бөлінеді. Олар – жарапазан батасы, серттесу батасы, жол батасы, жаңа ай батасы, теріс бата, соғым батасы, көші-қон батасы, жас отау иелеріне арналған бата және өлім шыққан үйде айтылатын бата және т.б.-лар Халқымыз әрдайым жұрттың қарғысына ілігіп, теріс бата алудан сақтанған. Теріс батаны қарғыс пен жазаның ең ауыр түрі деп қарастыруға болады. Мұндай бата көп жағдайда ата-тегін көпшілік алдында ұятқа қалдырғандарға беріледі. Ғалымдардың айтуынша, қазақ қоғамында батаның бұл түрі сирек айтылған. Бұдан өзге теріс батаны алғаннан кейін оны қайтару үшін жалбарыну рәсімдері жасалатын болған. Альбина Тумарова, Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің студенті