6 Тамыз, 16:09 606 0 Білім Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Арыстың мектептері жаңа оқу жылына дайын

 ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Арыстағы жаңа оқу жылына дайындық туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біз Арысқа бірнеше рет бардық. Қазіргі уақытта онда Білім және ғылым министрлігінің өкілі жүр. Ол мектептердегі жөндеу жұмыстарын қадағалайды. Жаңа оқу жылына қала мен ондағы білім беру мекемелері толық дайын болады деп айта аламыз», - деді Асхат Аймағамбетов елордада «Burabay Forum» ашылуында тілшілерге берген сұхбатында. Сонымен бірге, министр мектептердің жай-күйі туралы айтып берді. «Терезесіне ғана зақым келген мектептер бар. Тек ішінара жөндеу жұмыстары қажет мекемелер болды. Бірақ, іс жүзінде шамамен барлық мектепке күрделі жөндеу жүргізілді. Мәселен, жарылыстан зардап шекпеген спорттық залдардың да едендері ауыстырылды. Апта сайын Арысқа барамыз және үлкен өзгерістердің куәсі болып жатырмыз. Барлық мектеп оқу жылына әзір болады, оған алаңдаудың қажеті жоқ», - деді ол. Бұған дейін Арыс қаласында 6 704 үйдің жөндеу жұмыстары аяқталғаны хабарланған еді. Қаланы қалпына келтіру жұмыстарына 184 компания, 7 382 құрылысшы және 298 арнайы техника қатысуда.

Соңғы жаңалықтар