Саяси эмиграция сергелдеңі

Саяси эмиграция сергелдеңі

Саяси эмиграция сергелдеңі
ашық дереккөзі
Саналы түркістандықтардың тәуел­сіз­дік идеясын іске асырудағы үміті ақталмады. Олардың Мұстафа Шоқаймен кездескеннен кейін туған шынайы биік мұраттарын Уәли Каюм түкке тұрғысыз, ұсақ әрекет­терімен көлеңкелеп кетті. Екі оттың ортасында қалған түр­кістандықтардың жай-күйін айтып жеткізу мүмкін бе еді?.. Төмендегі мақалада автор екі үлкен деректі алға тартқан. Бұл екеуі Түркістан легионерлері өмі­рі­нің беймәлім, күңгірт тұсын ашып береді.  
  1. ТҮРКІСТАН ҰЛТТЫҚ КОМИТЕТІ (ТҰК)
  1941 жылдың 27 желтоқсанында Мұстафа Шоқай түсініксіз жағдайда қаза тапты. Артынша-ақ әскери тұтқындардан тұратын әскери құрылымдар (солтүстік кавказ, татар, қалмақ, түркістан, т.б. легиондары, сондай-ақ Власов армиясы) пайда болды. Түркістандық эмигранттарды, әскери тұтқындарды басқару Уәли Каюмға жүктелді. ТҰК-ның (Түркістан Ұлттық Комитеті) президенті болған ол, Мұстафа Шоқай идеяларын өзінше іске асыруға кірісті. Немістер ТҰК-мен бірлесе отырып, баспа қызметін (түркістан халықтары тіліндегі газет-журнал, парақшалар) жандандыруды қолға алды. Орыс мәдениетінің ықпалына қарсы тұру үшін жалпытүркілік әдеби тілді қалыптастыру мақұлданды. Дрезден қаласында молдалар мектебі ашылып, ол тікелей остминистериумге бағынды. Әскери мектептерде бір жыл ішінде 15 мың түркістандықтар білім алып шықты. Неміс командованиесы медициналық қызмет ұйымдастырып, Түркістан легионының жаралы, ауру офицерлеріне барлық қажетті жағдайды жасады. Бірақ немістер жүйесін жақсылап ойластырған Түркістан комитетінің өмірі ұзаққа созылмады. Мұның себебі ТҰК-ның президенті Уәли Каюммен тікелей байланысты еке­ні күмәнсіз еді. СС қызметінің Уәли Каюмға берген мінездемесінен: «Германияға оқуға келген 70 жас түр­кіс­тандықтар арасында Уәли Каюм да бар-ды. Ол Берлинде ауыл шаруашылығын оқыса да, дипломға қолы жетпеді. Түркістандық имигранттар арасында саяси белсенді ретінде танылмаған. Мұстафа Шоқай қайтыс бол­ғаннан кейін остминистериум оны түркістандықтардың ресми өкілі етіп тағайындады, артынша ТҰК-ның пре­зиденті болды. Немістердің сені­міне кірген ол толық еркіндікте жұмыс істеді. Дипломатиялық паспорт пен жеке автокөлік иеленді. Каюм барлық Түркістан халықтарының өкіл­дерін біріктіру туралы бағдарламасын остминистериумның алдына тартты. Оған қарсы келген бірде бір неміс, бірде бір түркістандық болмады. Бірақ Каюм мұны көтере алмады. Оның басшылығы кезінде ұлтаралық келіспеушіліктер жиі орын алды. Үйреншіксіз ортада өздерін ыңғайсыз ұстаған отандастарының менталитетін терең талдай алмаған Каюм парақорлыққа, трайбализмге бой алдырды. Жан-жағына өзі сынды таяз адамдарды жинағаны үшін оған жас та, ойлы түркістандықтар сенімсіздік білдірді. Шағым айтып, қарсы тұрған өзбек еместер большевиктер мен сепаратистер ретінде түрмеге аттандырылып отырды». Ақыры Уәли Каюмды саяи ойыннан шығару үшін заговор ұйымдастырылып, оны неміс офицері Андреас Майер Мадер басқарды. Оның жақтастары Уәли Каюмның түркістан легионерлерін басынып, ойына келгенін істеген опасыздығын бетіне басты. Майер-Мадер Рейх пен Түркістан легионерлерінің ұстаған бағыты сәйкес келетіндіктен де, Түркістан легионерлерін тең дәрежелі әріптестер бейнесінде көргісі келетінін мәлімдеді. Бұл деректер әскери трибуналдың архивтік материалдарында сақталған. Майер- Мадер мен оның жақтастары атылды.
  1. ТҮРКІСТАН ЛЕГИОНЕРЛЕРІ ҚАТАРЫНДАҒЫ КИКІЛЖІҢ. ОЛАРДЫҢ ЖАППАЙ ПАРТИЗАНДАР ЖАҒЫНА ӨТУІ
Біздің пайымдауымызша, төмендегі екі құжат Түркістан легионы қатарында шын мәнінде не болғанын анықтап береді. Оның бірі:Үшінші Рейх архивінен, екіншісі – Француз қарсылығы архивінен алынған. Бұл материалдар алғаш рет жарияланып отыр. Үшінші Рейх архивінен Штурмбанфюрер Алиевтің есебі. Мұсылман дивизиясы Польшаның Понятова деген жерінде майор Майер-Мадердің басшылығымен қалыптаса бастады. 100 әзербайджандықтар мен 200 түркістандықтар топ құруға ұйытқы болды. Олардың қатарында, Сүлейманов, Абдуллаев, Асан­құлов, Туроевтар бар. Меніңше, майор Мадер мен Сүлейманов үлкен қателік жіберді:
  1. Олар өз дивизияларын толықты­ру мақсатында ОКВ-мен (вермахтың жоғары командованиесіБ. С.) үне­мі тығыз байланыста болуы керек-ті.
  2. Олар ұлттық бірлестіктерді өзін­дік маңызы бар ұлттық комитеттер ретінде мойындай алмады, және солдаттарға нағыз Түркістан легионы осы дивизияда құрылатынын, ал Берлиндегілер (түркістан және әзірбайжан бөлімшелері) тек өздері үшін жұмыс істейтінін түсіндіріп бақты. Сондықтан оларға міндетті түрде көмектесу қажет емес, керісінше оның қайта тарауын талап ету керек дегенді айтты. Сүлейманов Түркістан мен Әзірбайжан президенттігінен дәметті. Өзгелер оны министрлікке лайықтады.
  3. Майер-Мадер солдаттарға бордель ұйымдастыруға, ал офицерлерге 25 татар қызын «сыйлауға» уәде етті. Майер-Мадер белгісіз жаққа аттанып, ақыры оралмады. Артынша оның орнына полк командирі гауптман Биллиг пен оберштуфлейтенант Алимов басқаратын топ келді. Төрт-бес күннен кейін Алимов, Сүлейманов және лейтенант Авликулиев арасында төбелес басталды. Сүлейманов құлады да, 40 минуттай ес-түссіз жатты. Алимов оған көмектесуге ұмтылған да жоқ. Бұйрық бойынша Сүлейманов командир Биллигтің орынбасары болды. Осыдан кейін-ақ түркістандықтар арасында дау-дамай, төбелес басталды. Жағдайды пайдаланған Сүлейманов пен Абдуллаев солдаттар арасында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп, гауптман Биллигтің озбырлығына қарсы тұруға шақырды. Олардың айтуынша, гауптман Биллиг 74 Түркістан легионерлерін атқан. Үш күн өткен соң-ақ барлығының көз алдында 3 түркістандық атылды. Абдуллаев өз үйінің алдында атылды, Сүлейманов Люблинге аттандырылды, Асанқұлов жалғыз қалды.
16 наурызда полк Польшаның Юрашичи деген жеріне кеп ат басын тіреді. Түркістандықтар осы жерде пәтерге орналастырылды да, әзірбайжандықтар Кости деревнясына орын тепті. 24 наурызда басқа топқа ауыстыруын өтінгені үшін гауптман Биллиг әзірбайжандар арасынан шыққан мықты жетекші — Уша Агаевты ату жазасына бұйырды. Бір күні кешкісін гауптман Биллиг қорғаушыдан құпия белгіні айтуды талап етті. Ол білмейтінін айтты. Сол кезде Биллиг қорғаушының бетіне гранат лақтырады. Офицерлер мен солдаттар Биллигтің әділетсіздігі мен дөрекелігіне шыдай алмай, орманға, партизандарға кетуге ыңғайланды. 26 наурызда Асанқұлов 48 солдатпен партизандар жағына шықты. 2 сәуірде партизандар Юрашичи деревнясына баса-көктеп кіріп, 100 түркістандықтарды әкетті. Бірақ олар бұл жолда 40 адамнан айырылды. Біздің полкке Майер-Мадердің түркістандық батальоны келіп қосылды. Майер-Мадердің өзі болмады. Түркістандықтардың оның мекен-жайы туралы сұрағына жауап қысқа болды: Майер-Мадер — орыс тыңшысы Минскіде атылды. Бұдан кейін де түркістандықтар кішігірім топтармен партизандар жағына өте берді. Биллигтің әрекетінен жұрт қатты шошынды. Оның сау жүрген кезі болған емес. Кейде есінен танғанша ішеді. Гауптман Биллигтің осындай тәртібі түркістандықтарды партизандарға кетуге мәжбүр етті. Әзірбайжандықтар мен түркістандықтар әйтеуір бір күні кек алатынын айтты. Нәтижелі жұмыс істеу үшін адамдармен санасу қажет. Алиев (қолы). Француз қарсылығы архивінен Баяндама Неміс гарнизонынан аласталған топ 47 адамнан тұрады. Олардың ішін­де 27 қазақ, 6 түрікмен, 1 қырғыз, 1 тәжік бар. Бұл дерек бұрынғы совет әскери тұтқындарынан құралған неміс әскерінің құрамы әр текті екенін аңғартады. Жоғарыда аталған ұлт өкілдерімен қатар, грузин, әзірбайжан, чешен, т.б. бар. Біздің жаққа өткендердің әлеуметтік құрамы мынадай: колхозшылар —29, қызметкерлер — 10, студенттер — 6, совхоз жұмысшылары — 2. Неміс бөлімшелері бойынша жұмыс барысы бұлардың әртүрлі мәдени-саяси дәрежелерін ескеруді қажет етеді. Ең күрделісі— құрамында сырттан басқарылған «басмач бандаларын» құрып, советтерге қарсы ашық күрес жүргізген өзбек, қырғыз ұлты өкілдері бар әскери бөлімшелермен жұмыс істеу. 1930-1932 жылдары бұлар өз елдерінің территориясында саботаж ұйымдастырып, жабық түрде күрес жүргізген. Бұларды басқарған әлгі ұйым советтік әскери тұтқындарды неміс армиясының құрамына енгізу жөнінде бастама көтерген. Өздерін Түркістанды азат етушілер деп атайтын бұл ұйым 1944 жылы Вена қаласында съезд шақырды. Оған 300 делегат қатысты. Съезд мақсаты: соғысты жалғастыру жөнінде бірқатар түркістандықтардан тұратын неміс әскери құрылымдары ортасында үгіт жұмыстарын енгізу болды. Алайда, Францияның Альби, Родез, т.б. жерлерінде орналасқан гарнизондарда соғыс азабынан қажушылық, наразылық байқалды Неміс әскери бөлімшелерімен жұмыс істеу барысында, біз негізгі ставканы ең сауатты деген әзірбайжан, қазақ, түрікмен ұлты өкілдеріне қоямыз. Және өзгелеріне қарағанда бұлардың наразылығы басымырақ. Осыны басты назарда ұстап, өзгелерін де ұмытпауымыз керек. Біз бұлардан оккупанттарға қарсы белсенді күрескерлер жасап шығарамыз. 16 шілдеге қараған күні бізге 17 адам келіп қосылды. Шаршағанымызға қарамастан 16 шілде күні 3 адамнан тұратын бес топты Кармоға аттандырдық. Әр үштікте бір дезертир болды. Ол өзімен бірге солдаттарға арналған хатты әкетті. Тапсырма: 1. Гарнизондағы қалған солдаттармен байланысқа шығу және жағдайды барлауға алу; 2. Түркістандықтарды қорқытпақ болған немістердің жолын кес-кестеу, яғни, кез келген дезертир сол бойда атылатынын макизарлардың да (француз партизандары – Б.С) дезертирлерге осылай қарайтындығын білдіру. Операция барысында неміс армиясынан аластаған түркістандықтарды немістер мен жергілікті тұрғындар танып қойды. Кармо тұрғындары арасында «көшеде азаматтық форма киген моңғолдар жүр» деген сыбыс тарады. Қысқасы, бұл акцияның нәтижесі немістердің байбалам салуымен, жергілікті тұрғындардың біздің күшімізге сене түсуімен аяқталды. Келесі күні 3 адамнан тұратын 5 топты Кармо қаласының түрлі нүктесіне жөнелттік. Тапсырма: қала маңында орналасқан барлық күзет посттарымен байланысты реттеу. Төрт жерде де немістер кезігіп қалып, операция сәтсіздікке ұшырады. Дегенмен, ол жақтағы түркістандықтар өз жолдастарын таныды. Бесінші нүктеде түркістандықтардың өздері ғана болғандықтан, олармен сөйлесудің реті туды. 18 шілдеде бөлімшелерінен аласталған солдаттар әскери операцияларға қатысты. 4 адамнан құралған 10 топ қаруландырылды. 9 нүктеде олар күзет посттарына жақындап, жолдастарымен кездесті. Оларды макизарлар жағына шығуға үгіттеді. Алайда өздерімен бірге әкете алмады. Аңдып отырған немістер шүріппені басты да, аяқ астынан ұрыс басталды. Олар батырларша соғысты. Біздің түркістандықтар тегіс аман-есен. Бұл бір жағынан неміс армиясы қатарындағы жерлестерінің бұларға оқ атпағанын байқатты. Нәтижесінде немістер өз түркістандықтарын қарусыздандырып, Альбиге (концлагерьге – Б.С.) жөнелтуге мәжбүр болды. Бұл хабарды біздің жаққа өткен 6 түркістандық жеткізді. Қорытынды 1.Біздің жаққа өткен көптеген  түркістандықтарды біз неміс армия-сын ыдырату мақсатындағы саяси жұмысымызға пайдалана аламыз. Тіпті, біз солдаттармен үш тілде сөйлесетін жағдайға жеттік.
  1. Біз оларды әскери операцияларға пайдалана аламыз. Ұрыс жүргізуде олар біршама тәжірибе жинақтады.
  2. Олардың кейбірін әскери инструктор, кейбірін әскери кеңесші ретінде қолдана аламыз.
Ұсыныс Меніңше, жоғарыда аталған бес ұлт өкілдерінен тұратын кішігірім топтар құру қажет. Және оларды қажетті материалдармен жабдықтап, неміс әскерінен жаппай аластау мақсатында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу үшін оккупациялық әскер дислокациялары орын тепкен жерлерге жөнелту керек. Ол үшін маған:
  1. 20 комплект киім (ішкиім, аяқ киім, т.б.).
  2. 5-6 велосипед пен бір автокөлік.
  3. Ақша
  4. 15 автоматты пистолет.
  5. Бір жазу машинкасы, қағаз қажет.
Полковник Фернан
  1. ТҮЙІН
Рейх басшылығының түркістандықтарды ТҰК астына біріктіру жолындағы әрекеті сәтсіз аяқталды. Бұл түркістандықтар арасында ауызбір­ші­ліктің жетіспеушілігінен болған еді. Ұлттық бірліксіз ұлтазаттық күрес жүргізу мүмкін емес. Ал, ұлттық бір­лікке жету үшін адамдардың биік мақсаттары бір жерде тоғысуы керек. Уәли Каюм тарапынан мұндай ұмтылыс байқалмады. Немістердің де таңдағаны осы типтес адам еді. Өйткені, Рейхтің құпия қызметін басқарушы Вальтер Шелленбергтің мойындағанындай, немістер шынымен-ақ Германия ішіндегі ұйымдасқан қарсылықтан қатты қорықты. Рейх территориясын жайлаған орасан зор шетел жұмысшылары, миллиондаған совет азаматтары немістерді бей-жай қалдырмады. Соғыс аяқталған соң көптеген әскери тұтқындар Европа елдері территориясындағы партизандар жағына шығып, фашизмге қарсы соғысу арқылы «өз күнәсін жууға» болатынына сенген еді. Тұтқынға түскен кез келген адам сатқынға теңелетінін олар білетін. Бірақ Отанына қайтқанда оларды жан шошырлық сталиндік Гулагтар күтіп тұр еді. Өзінің, ағайын-туыстарының өмірін сақтау үшін, саяси репрессиядан қашу үшін жат елде қалып қойып, жүзіне «отанын сатқан» деген мәңгілік «қара күйе» жаққандар да болды. Міне, адамдардың бұл категориясы, адамгершілік, заңдық нормалар бойынша, өздерін саяси эмигранттар деп есептеуге толық құқылы. Олардың бүгінгі тәуелсіз Отанына осыны мойындау ғана қалады.

Бақыт Садықова

ҚР СІМ Дипломатиялық академиясының доценті.

 «Түркістан» №18

18 мамыр, 2000 жыл