«Сайранда» сайран салғандар...

«Сайранда» сайран салғандар...

«Сайранда» сайран салғандар...
ашық дереккөзі
Алматы қаласының оңтүстігінде бірде сулы, бірде «шулы»   «Сайран» көлшігі ағып жатыр. Ары-бері өткен сайын көз тоқ­­тата қарап, жаз айларында жағасындағы улаған-шулаған шо­мылушыларды бір шолып өтпейтін жан жоқ шығар. «Өлмеген құлға болды жаз» демекші, сол жаздың да екі айы аққан судай жылжып, қалай өтіп кеткенін де білмей қалдық. Мүмкіндігі барлар, қалтасы қалыңдар шетел асып, не болмаса өзіміздің Көкше жерінде, сұлу Көкшенің әсем табиғатынан нәр алып, жаратылыстың ғажайып құбылысына тамсана, таза ауасын терең жұтып қайтқандар да баршылық. Ал... «сананы тұрмыс билейтін» заманда енді біреулеріміз қала маңындағы, қала берсе асқар Алатауды жағалап, демалыстарын көңілді өткізуге тырысуда. Өзіміз де сол екі ай жазда қаладан «шыға» алмай қалғандардың қатарынанбыз. Әрине, қаржының емес, уақыттың тапшылығынан. Осындайда біздің халықтың он екі айда бір-ақ рет берілетін заңды еңбек демалысының өзінде қора-қопсы жөндеп, үйлерінде күрделі жөндеу жұмыстарымен айналысатын әдеті еске түседі. Ал басқа ұлт өкілдері қақаған қысқа, енді ғана көктері көктеп, бүр жара бастаған шақ – көктемге де қарамай, жанталаспай-ақ осындай тірліктерін атқарып алады да, ала жаздай ала дорбаларына азық-түліктерін салып, тау-тасты аралап, не болмаса мысығын не күшігін ертіп шетел асады. Осындай ұқыптылығын үйрене алмай келеміз. Иә, айтпағымыз бұл да емес еді. Кезекті демалыс күндерінің бірін, дәл айтқанда, шіліңгір шілденің соңғы жексенбісін осындай бір қызығушылық жеңіп, «Сайран» көлшігінің жағасында күнге қақталып екі-үш сағат «бақылау камерасына» айналғанымыз бар. Екі жағалауда да ығы-жығы халық. Көбі балалар. Мәз. Бір-біріне су шашып, қала берсе топырақ шашып әуре. Сол қылықтарына көңілдері тоқ. Тоқ дегеннен шығады, араларында, әрине, ересектер де бар. Өйткені балаларды жалғыз жіберуге болмайды, «қарауыл» керек. Ал сол «қарауылдарыңыз» бірі қиыр­шық құмға, бұйырғандары тал көлеңкесіне дастарқан жайып жіберіп, қызу әңгімеге кіріскен. Күннің соншалықты ыстықтығына қарамай, сап-сары болып піскен палауының майы езуінен ағып отырған ана бір кісіге қарап, «ойпыр-ай, демалудың, суға шомылудың орнына, қайда барсақ та, қай жерде отырсақ та астан алшақтай алмайтын «өзі тойса да, көзі тоймайтын» қылығымызды-ай, деп бір қойдық ішімізден. Осылай ойға шомып кеткен екенбіз, шырылдаған әйелдің даусы селт еткізді. Баласын алыстан бақылап, сыра ішіп отырған жап-жас қазақ келіншек қасына келіп қалған қызыл жағалыларды көрмей қалса керек... Су жағасында ішімдік ішуге болмайтынын есінен шығарса керек, әлдене деп дауласып жатты. Бізбен бірге елеңдей құлақ түрген тағы бір топ сөмкелеріне бірдеңелерін тыққылап жатты. Сол топқа қарай жүрдік. Жақындау келіп орындыққа жайғасқанда байқадым, әлгілер әжептәуір қызу. Масаң. Тәртіп сақшылары әлгі келіншекті ойбайлатып апарып көліктеріне тықты. Бесеудің екеуі бірге кетті де, үшеуі жағалауды жағалай біз жаққа аяңдады. «Жағажайда ішіп отырған жалғыз ол емес екен. Жігіттер, келіншекті алып кеттіңдер, балаларын не істейсіңдер?» деп едім, «Алып кетпей ескерту жасайық деп едік, өзі аузына келгенін айтып балағаттады» , – деді біреуі бізге тесіле қарап. Сөйткенше болған жоқ, біздің даусымызды ести сала әлгі топтағы төрт еркек төрт жаққа қаша жөнелді. Екі қазақ келіншек орындарынан тұра алмай, отырып қалды. «Мен де органда қызмет істеймін, сен кімсің, құжатыңды көрсет, бастығыңа звондаймын» ,– деді әлгі әйелдің бірі орыс тілінде. Несін айтасыз, әлгілермен екі сағат тайталасқан сақшылар әбден шаршады ғой деймін, әлдекімнен көмек күткендей жан-жақтарына қарап естері шықты. Кейбір отағаларын жаман әдеттен тия алмай, тезге сала алмай жүргенде аналық асыл қасиеттерімізді ащы сумен жуып-шайып жүрген мынандай қазақ әйеліне не дерсің? Ертіп келген немерелері сумен, ал өздері ащы сумен жуынған жерде не тәлім-тәрбие болар екен? Баланы бетімен жіберіп, ащы суға сылқия тойған ата-ана, баласына бірдеңе болып қалса, кімнен көріп, кімге арызданбақ...   Білегі талғанша бесік тербетіп, бір әулетті ғана емес, бүткіл ауылға сұлулықтың, көркем мінездің биязы үлгісіндей болған кешегі ибалылық қайда қалды?! Жексенбі күнгі жанымызды ауыртып, санамызды жегідей жеген жәйт осы болды, ағайын, сайрандаудың да жөні бар, санаға келейік!   Таңсұлу АЛДАБЕРГЕНҚЫЗЫ «Тúrkistan»