Жаңалықтар

Көлсай мен Қайыңдыкөлдің кереметі

ашық дереккөзі

Көлсай мен Қайыңдыкөлдің кереметі

Еліміздің кез келген өңірінде туризмді дамытуға сұранып тұрған көрікті жерлер көп. Алайда, шалғайда жатқан кейбір мекенге жетудің өзі бір мұң. «Қолда бар алтынның қадірі жоқ» демекші, бұл байлықты өзіміз емес, алыс және жақын шетелден келіп тамашалап жүргендер әлдеқайда түсінетін сияқты. Оған біз Көлсай көлдері мен Қайыңдыкөлге барған сапарымызда тағы бір мәрте көз жеткіздік. Алматы қаласынан 35 шақты журналист жолға шығып, 4 сағатта Саты ауылына жетіп алдық. Көлсайға апарар жол тақтайдай тегіс. 2007 жылы Қазақстан үкіметінің қаулысымен «Көлсай көлдері»  мемлекеттік ұлттық табиғи паркі мемлекеттік мекемесі құрылғалы бері едәуір көңіл бөлінген. Ең бастысы, отандық туризмді дамытуға деген ниет түзу екеніне қуандық. Бізді күтіп алған Кеген ауданы әкімінің орынбасары Қайрат Омархалық, Алғабас ауылының әкімі Сырым Есенханұлы, Саты ауылы әкімдігінің бас маманы Мәлік Ыдырысов сапардың соңына дейін жанымызда жүріп, қолға алған шаруаларының жай-жапсарымен де таныстырды. Біз алғашқы күні Көлсай көлдерін тамашалауға асықтық. Табиғат Ананың бізге берген байлығына қалайша сүйсінбейсің?! Көлге ұзақ қарап, ойға да шомдық. Бойдағы жаман энергияның бә­рін өзіне тартып алғандай. Көз демалады. Көз сүйсінеді. Кәдімгі пейзаж суретке қа­рап тұрғандай әсерде боласың. Нағыз эко­туризмді дамытатын аймақ. Бұл әсем­дікті неге ертерек көрмедік дестік. «Жұмақ мекен алыста емес, жанымызда екен ғой» деді бір әріптес. Мұндағы халық та за­ман көшіне ілескен. Қонақүй типтес үйлер салып, демалушыларды күтіп алуды кәсіп көзіне айналдырған. Себебі, мұнда соңғы жылдары елімізден ғана емес, әлемнің төрт қиырынан ағылатын туристер көп. Екінші күні Қайыңдыкөлге жол тарттық. Қайыңдыға апарар жол түйенің өркешіндей иір-иір. Тау етегінен жоғары қарай өрлеген көлік күшеніп келеді. Кәдімгі экстремалды жағдайды сүйетіндерге арналған жол. Бұрын-соңды жөндеу көрмеген тастақ жол. Сол себептен де демалушылардың дені Көлсайды тамашалап, Қайыңдыкөлге баруға жүрегі дауаламайды екен. Шын мәнінде, тұмса табиғаттың нағыз сұлулығы Қайыңдыкөлде ме дерсің! Мөп-мөлдір су, саф ауа, аспанмен таласа бой түзеген қарағайлар, иісі мұрын жаратын арша, жиекте жағалай жайқалған бүлдірген, түрлі емдік шөптер бір-бірімен үндесіп тұрғандай. Қарсы алдымыздан жаяу шыққан туристер жан-жағына қарап, тамсанып келеді. Ағылшын, қытай тілінде шүйіркелескен олар бізге жол сілтеп жатыр. «Бұлар біз білмеген, біз көрмеген сұлулыққа көз тойдырып жүр ғой...» деп қызғанып қоямыз тағы. Бір өкініштісі, Көлсай мен Қайыңдыкөлде телефон желісі ұстамайды, интернет тартпайды. Жылдамдықты арттыру үшін қосымша жабдық керек екен. Ол – қосымша ақша. Жергілікті белсенді азаматтардың айтуынша, оны жоғарыдағы компаниялар «тұрғын саны аз, өзін ақтамайды» деп салғысы келмейтін көрінеді. Әкімдіктегілер компанияларға хат жазып та, айтып та жатыр. Бірақ қозғалыс жоқ. Неге? Бұл туристер есебінен-ақ ақталмай ма?! Отандық туризмді дамытамыз дейміз, бірақ шетелдік турист Көлсай­дың басында тұрып, тікелей эфирге шы­ғайын, сурет сала қояйын десе интернет жоқ. Егер әлгі компаниялар осы мәселеге шындап кіріссе, сол мезетте әлемге тараған ақпарат елімізге айтарлықтай жарнама болмай ма? Оны көрген басқа бір турист келер жылы осы өлкеге келуді жоспарлайды. Нәтижесінде туризмнің тамырына қан жүгіріп, ілгері жылжитын еді. Кеген ауданы әкімінің орынбасары Қайрат Омархалық: «Көлсай көлдеріне апаратын жол – республикалық маңызы бар жол. Көлдің түбіне дейін асфальт жол салынды. Былтырдан бері «Жалаңаш-Саты-Көлсай көлі» автокөлік жолының 43-78 шақырым аралығында 35 шақырым жолға күрделі жөндеу жұмысы жүргізілді. Бұйырса, жыл аяғына дейін бітіп те қалады. Ал Қайыңдыкөлге келсек, бұл аумақ республикалық, облыстық маңызы бар жолға кірмейді екен. Былтыр Кеген ауданы құрылғаннан кейін жолды ауданның меншігіне алдық. Бүгінде жобалық сметасы әзірленуде. Алматы облыстық жол басқармасына 3,5 млн теңгеге сұраныс жасалды. Қаржы бөлінсе, келер жылы Қайыңдыға апаратын жол салына бастайды», – деген жағымды жаңалықпен бөліс­ті. Сондай-ақ, Қайрат Байқайыпұлының айтуынша, аудан бойынша туризмге қатысты бірнеше жоба қолға алынған. Себебі, 2019 жылдың 6 айында ауданға 3560 турист келіп, 7 млн теңге ақылы туристік қызметтен қаржы түскен.  «Биыл күзде «Park Canyon» ЖШС Шарын өзенінің бойынан жобалық құны 1 млрд 500 млн теңгеге сай заманауи ойын-сауық паркін салуды бастамақ. Бұл 50 жаңа жұмыс орнын ашуға сеп болады. Одан бөлек былтыр «J.S. TRAVEL» ЖШС Көлсайда 10 қонақ үй салу жоспарлады. Оған 250 млн теңге көзделді. 10 үй бір мезгілде 100 адамды қабылдайды. Бүгінге дейін 3 үйдің құрылысы бітті», – деді Кеген ауданы әкімінің орынбасары.   Туған жерге ту тіккен Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар:  рухани жаңғыру» атты мақаласында: «Қазақ «Туған жерге туыңды тік» деп бекер айтпаған. Патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады. ...Туған жер – әркімнің шыр етіп жерге түскен, бауырында еңбектеп, қаз басқан қасиетті мекені, талай жанның өмір-бақи тұратын өлкесі. Оны қайда жүрсе де жүрегінің түбінде әлдилеп өтпейтін жан баласы болмайды Туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүрлеріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі…» деген жолдар бар. Міне, сол айтқандай, туған жері­нің дамуына көмек жасаған жандардың қатарында Ербол Уәлиханұлы да бар. Ол Алматы қаласында тұрса да, туған жерінен қол үзген емес. Бүгінде 24 қанатты қазақ үй тігіп, онда жан-жақтан келген туристерді күту кәсібін өрге домалатқан жеке кәсіпкер бұл істі 2017 жылы қолға алыпты.   Ербол Нұрбаев, жеке кәсіпкер: Шетелдік туристердің Көлсай мен Қайыңдыкөлге қызығушылығы ерекше