Жаңалықтар

Көкпекті келушілерді терең тарихымен қызықтырады

ашық дереккөзі

Көкпекті келушілерді терең тарихымен қызықтырады

Шығыс Қазақстан облысы Көкпекті ауданының қазақ тарихында алар орны бар. Қазақ тарихынан бөлек қарауға болмайтын өңірдің бүгінгі тыныс-тіршілігі қандай? Елбасының рухани жаңғыру бағдарламасы аясында мұнда не істелініп жатыр? Біз алғашқы сауалды Шығыс Қазақстан облысы Көкпекті ауданының әкімі Асхат Сайдахметұлы Смаиловқа қойдық. Қарт Қалба тауларынан басталып қоңыраулы Зайсан көлі мен Бұқтырма су қоймасының жағалауына дейінгі жерді алып жатқан Көкпекті ауданы жері қазыналы, тарихы қатпарлы. Хан Абылай осы жерге – «Толағай» түбін­де шатыр тігіп кеңес шақырыпты деген дерек бар. Мұнда Шорға соғысына ат­та­нар­­да Қабанбай, Бөгенбай батыр­лар­дың ізі қалған. Ағартушы ғалымымыз Шоқан Уәлиханов та осы жерге ат басын бұрған. Көкпекті жері жайлы ауыз-екі әң­гімеде «Жеті жұрт келіп, жеті жұрт көшкен екен» дейді. Мұның негізінде шындық жатыр. Ертіс маңынан Сырдария бойына жосыла-жөңкіп оғыздар өтті. Солардың ізін қуа Киев Русіне ат тұяғын тіреген қимақ-қып­шақ тайпалары жосылды. Міне, осының бәрі зерттеу мен сараптауды күтіп жатқан тың мәселелер. Көкпекті ауданының бар төсін баурай жатқан Қалба тауының орыны бөлек. Ежелден бұл жерді еуропалықтар да, азиялықтар да көп зерттеген. Солардың еңбегін, Қалба тауы туралы деректерін жинастыруда бүгінгі күннің азамат­та­ры­ның еншісіне тиіп тұр. Ертедегі Көкпекті қаласы қытай мемлекеті қалаларымен сауда қатынасын орнатқан екен. Екі елді жалғаған сауда орны болған. Аудан тұрғындары 19 ғасырда Ертіске параход түсіріп, Түменге дейін барған. Тана мешіті саудагерлерінің шежіресі жинақталып, тарихы зерделенетін болса, абыройлы іс болар еді. Көкпекті ауылының тарихы Ұлы Жібек жолының солтүстік тармағының бір саласы екені, Көкпектіден Өскемен арқылы Ал­тайға керуен жүргені, Көкпектіден Бақ­ты арқылы Шәуешекке кіре тартылғаны тарихта бар. Ал енді оның бүгінгі даңғыл жолы Омбы - Майқапшағай халықаралық автомобиль жолы. Сондықтан біз жолдың әлеуетін толық пайдалануға, сауда, туристік, экономикалық байланыстар орна­туға арнауымыз керек. –Енді құрылғанына 90 жыл толатын Көкпекті ауданы тарихы мен шежіресі туралы ой қозғасаңыз... – Көкпекті ауданы аумағында тарихымызда белгілі Мамырсу мен Қандыжап бітімінен кейін, үш ел арасындағы орна­ған шекаралық бөліктерге сәйкес қазақ халқының найман руы Алтай, Қалба, Тар­бағатай мен Жоңғар Алатауына орнық­қа­ны белгілі. Жоңғар – қазақ соғысында бірден бір шешуші рөл атқарғандықтан орта жүздің бұл руы төрт ел шекарасына қойылған қорғандай болды. Қазақ халқының қалыптасуында негіз болған – арғын, найман, керей, уақ тайпалары жылнамасы ел тарихында тайға таңба басқандай болып жатса, қазақ халқының шежіре жазу тарихындағы Ақтайлақ би шежіресі үлгі ретінде қолданылады. 1909 жылы Қазаннан шыққан Қоқаш қажы шежіресін тауып, бүгінгі ұрпақтың пайдасына жарату да алдағы күндердің бір мұраты емес пе? Осындай әлемге белгілі мәдени мұра­лар­дың ауданымызда табылғаны, бо­л­ға­ны, әлі де табылатындығы бүгінгі күнгі ауданның зиялы қауымы үшін үлкен жүк. Тек қана Үлкенбөкен ауылы мен су астын­дағы Баты ауылының жәдігер­ле­рін­де адамзат өркениетінің үлкен сыры жатыр. – Жылқыны қолға үйрету қазақ даласында басталғаны белгілі. Осындай мұраның мирасқор ұрпағы ретінде біз ұлттық құндылықтарды қалай сақтап, дамытып жатырмыз? – Ағаш ердің құрылымы, оны құрау, әбзелдерін дайындау ұрпақтан ұрпаққа күні кешеге дейін беріліп келді. Ауданымызда «Дархан» ат спорты клубы Көкжота ауылында көкпаршыларды даярлайтын болса, Үлкенбөкендегі «Намыс» клубы тазы иттерді ұстап баулу мен атқа мінуді оқу­шыларға үйретуді қолға алған. Аудан­дағы Қайырлы Мағзұмовтың мұндай талпынысын әліде жетілдіру керек. Қанат Бикатовтың көкпаршылары республика деңгейінде өнер көрсетуге дейін жеткен, шыңдалған спортшылар. Ұлттық ат спортының дамуына ауданда ешқандай кедергі жоқ. Кез келген екі жақты тиімді жасалған бизнес жоспары бар тұлғаны қолдауға, жағдай туғызуға әзірміз. – Көкпектінің тарихы келушілерді несімен қызықтырады? Тарихы бай өлкеде не бар? – Көкпекті жері қазақ тарихымен те­рең байланысты. Қалба тауы Батыс түркі қағанатының нақ ортасында ор­на­ласқан. Сол замандағы мәдениеттің барлық нұс­қалары біздің ауданның ау­ма­ғында бар. Жақсыбай мен Бөкен балбалтастары со­ның бір үлгісі. Профессор Әбдеш Төлеу­ба­ев­тың археологиялық экс­пе­дициясы Шы­ғыс Қазақстан облыс­тық әкімді­гі­мен облыста жүргізі­ле­тін қазу, зерттеу, сараптау жұмыстарын одан әрі жалғас­ты­ру үшін шарттарын ұзартты. Осы шарт­­тың негізінде Көкпекті сақ қор­ған­дарында зерттеу қарастырылуы мүмкін. Ел шежі­ресі, жұр­ты­­мыздың жыл­намасы, халқы­мыз­дың тарихы туған жердің қойнауында. Оны ашып тұрғын­дар игі­лі­гіне жарату мәдениет ошақтары ма­ман­дарының қыз­меті. Олар – кітапханашылар, клуб мең­геру­шілері, музей қызмет­кер­лері, әуесқой өлкетану­шы­лар. Елба­сы­ның талабы да, тапсырмасы да – осы. – Сондай-ақ Қалба тауы флорпасын да жолға қою керек сияқты... – Өңірдегі Шұғынық гүлі бәріміздің жаз­ғытұры көріп қуанатын әсем гүліміз. Шұғынық гүлі – Қызыл кітапқа енгізілген өсімдік, тұқымын жинап көбейту жолдары қарастырылуы мүмкін. Бұл мәселенің Көкпекті ауданы үшін маңызы зор. Қалба тауы флорасы жеке зерттелсе де, ауданда өсімдік қорғау, зерттеу мекемелері жоқ. Ендігі біздің үміт артарымыз, ол ауыл мек­тептерінің биолог мамандары. Шұғы­нық гүлінің өсу деңгейін анықтап, күз мез­гілдерінде тұқымын жинап көбейтіп, алматылық, семейлік, өскемендік биолог ғалымдармен байланыс орнатып, Қалба тауы флорасының зерттелуін бір жолға қою керек. Осы орайда айта кететін бір мәселе – аудандық «Жұлдыз – Новая жизнь» га­зе­ті жанынан ашылған «Kөкпекті» журналы туралы. Журналдың мақсаты да, мін­деті де Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласынан туындайтын тасырмаларды жүзеге асыруға арналған. – Ауданнан 9 Кеңес Одағының батыры мен 9 Еңбек ері шыққан, олар – өз заманының қаһармандары. Ал кешегі жаугершілік замандағы Жомарт батыр, Кегенбай би, Бөдес әу­лие, Қасаболат, Сатыпалды, Бармақ батыр, Қыстаубай батыр, Арап батыр, Аралбай батыр, Бостан батыр, Қосан би, Қоқаш қажы, Тана мырза, Дәулен палуан. Осыларды жеке-жеке зерттеу жұмысы қалай ұйымдастырыл­мақ­шы? – Бүгінгі күні ауданымызда «Рухани жаң­ғыру» жобалық штабы жұмыс істейді. Бұл штаб екі сала бойынша – білім беру  және мәдениет бөлімдерін қам­тыған. Аудан­дық ішкі саясат бөлімнің үйлесті­руімен штаб мүшелері жоспарлы түрде жүйелі қызмет атқарып, Елбасы­ның «Рухани жаңғыру: Болашаққа бағ­дар», «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласынан туындайтын міндеттерді жүзеге асырады. Кәрібай мен Қалиханның жырлары мен термелерін насихатталып, оларды әрбір көкпектілік тұрғын жатқа білердей болуы шарт. Ал Адамбек Тәтенов деген аға­­­мыз­дың күйлерінде аудан тұрғын­да­рына таныстыру осы тұрғыда жүргізілуі тиіс. Көкпекті туралы түсірілген фильм­дер жинақталып, көшірмесі жасалып көпші­лік­ке таныстырылады. Осы орайда ме­це­нат­тар іздеп жобаны жүзеге асыруға қол­ғабыс ететін зиялылармен байланыс орнату қажет. Жақия Шайжүнісов туралы 2 фильм, шопандар туралы бірнеше киножурналдар бар. Олар жиналып насихатталуы тиіс. Елдің бірлігі тарихты білгенде ғана болаттай бекіп нығаяды. Тарих шындығы адамға рух береді, сенімін бекітеді. Елімізге рухани серпіліске бастайтын бұл Елбасы мақаласынан туындайтын міндеттерді жүзеге асырсақ, Тәуелсіздігіміз нығая береріне ешқандай күмән тумайды. – Әңгіміңізге рахмет!

Сұхбаттасқан

Батыр ЖАСҰЛАН