Қазақтан шыққан тұңғыш дипломат әйел – Балжан Бөлтірікова

Қазақтан шыққан тұңғыш дипломат әйел – Балжан Бөлтірікова

Қазақтан шыққан  тұңғыш дипломат әйел –  Балжан Бөлтірікова
ашық дереккөзі
Біріккен Ұлттар Ұйымының  мінберінде ел атынан тұңғыш сөз сөй­ле­ген, талай әккі саясаткерлер мен дипломаттардың алдын орап, өзінің қайсар да байыпты мінезімен мәмілегерлік саясатта да, оқу ісі мен әлеуметтік даму саласында да ерен еңбек еткен қазақ қызы бар. Ол туралы АҚШ-тың білікті саясаткері Киссинджирдің өзі «Еркек дипломаттарды қалай да алдауға  болады, бірақ әйел дипломаттардан қулығыңды асыру мүмкін емес. Дипломатия білектіні бүгетін өнер», – деген. Бұл қашан да ел арасында жүріп, қарапайымдылығымен, жанашырлығымен әрі батыл қадамдарымен есімі жаңғырған, қазақтан шыққан тұңғыш дипломат әйел Балжан Бөлтірікова еді. 1921 жылы Жамбыл облысы Қордай ауданы Қасық ау­ма­ғында дүниеге келген Балжан Бөл­ті­рік­ова 1941 жылы Алматыдағы мұ­ға­лімдер инс­титутын, 1943 жылы Қазақ педаго­ги­калық институтын тәмамдаған. Көп­ба­лалы отбасында дүниеге келген Балжан Бөлтірікқызы өзі де көп балалы ана болып, перзенттеріне барынша тәлім-тәрбие бере білді. Анасы туралы естеліктерінде қызы Бағлан анасының университет қабырғасында үздік оқып, сталиндік стипендия иегері атанғанын, кейін сол жылдары Фрунзе ауданы еңбек­ші­ле­рінің депутаттар кеңесіне сайланып, ата-анасының сол тұста таныс­қанын айтады. «Әкеммен де осы кезде танысқан. Оларды таныстырған әкемнің досы, композитор Байқадамов болатын. Жарты ғасырдан астам отасты. Бір-біріне сыйластықты осы кісілерден үйренуге болады. Анамның іс-сапарлары кезінде әкем жоқтығын білдірмеуші еді. Айтпақ­шы, анама сол жылдары Лепсіге жолдама берілді», – дейді естеліктерінде перзенті. Лепсіге жолдама алған Балжан Бөлті­рікова оқу меңгерушісі болып кейіннен №12 мектептің директоры болып та­ғайындалады. Небәрі 21 жасында директор болған Балжан мұндай жүгі ауыр істе ерлік таныта білді. Сол қиын жылдары мектептің жөндеу жұмыс­тарына да ат салысып, әрі отбасын да асырап, жан бағуда, сондай-ақ іс-тәжірибе жинақ­тау­да да қарап қалмады. Балғын Қожабекова «Анам осындай жемісті ең­бегі үшін көзге ілініп, алдағы қыз­мет­теріне қажет болар тәжірибені осы жерде жинақтады», – дейді естеліктерінде. 1949-1955 жылдары Балжан Бөлті­рік­ова­ның саясатта жасаған алғашқы қадам­дары танылған әрі жүгі де ауыр кезеңдер еді. Осы жылдар аралығында Б.Бөлті­рік­ова Қазақ КСР-нің бастауыш және орта мектеп кәсіподақ қызмет­кер­лері орталық комитетінің төрайымы болып тағайын­далады. Ал 1956-66 жылдары Қазақ КСР-нің әлеуметтік қорғау министрі болады. Бар-жоғы 34 жасында министр лауазымына тағайындалған Балжан Бөлтірікова өзіне артылған жауапкершілікті сезініп, барынша шешімді жұмыс жасайды. Бұл ел еңсесін енді тіктеп жатқан соғыстан кейінгі ауыр ке­зең­дер еді. Оның үстіне әлеуметтік қорғау министрі болғаннан кейін қарапайым халықпен көп жұмыс жасап, олардың бар қажетіне жарап, қолғабыс ету ләзім болды. Министрдің ал­дына соғыстан кейін жарымжан бол­ған, денсаулығы еңбек етуге жарамайтын, аяқ-қолсыз қалған жандар келіп жиі көмек сұрайды екен. Бұл туралы қызы Балғын өз естеліктерінде «Жұмысында аяқ-қолы жоқ жандар жиі отыратын. Анам олардың барлығын қабылдайтын. Жай ғана өтінішін тыңдап қоймай, мәсе­лесін түбегейлі шешіп беруге тырысатын», – дейді. Балжан Бөлтірікқызының әлеуметтік қорғау министрі болған жылдары атқар­ған еңбегі шаш етектен. Соның дәлелі бүгінгі күнге дейін жұмыс істеп тұрған Алматыдағы протезді-ортопедиялық зауыт. Қарттар үйі, бүгінгі «Ардагер» ғима­раты бой көтерді. Қаншама лауазымды қызметте жүрсе де ешуақытта дүние-мүлікке қызықпаған министр отбасымен 1964 жылы көпқабатты үйлердің бірінен пәтер алады. Қызы Бағлан анасының сол уақытқа дейін үй де, көлік те сұрамағанын, ал қымбат дүкендерден түсетін тауар­лар­дың тізімі бекітілген соң Дінмұхаммед Ахметұлы қарап шығып: «Балжан Бөлті­рікқызы тағы да өзіне ештеңе алмапты»  дейді екен», – деген естеліктерді жиі есіне алып отыратын көрінеді. Балжан Бөлтірікованың сыртқы істер саласында атқарған қызметі өте жемісті болды. 1966-1971 жылдары Қазақ КСР-нің Министрлер кеңесінің төрағасының орын­басары болды. Дәл сол жылы КСРО Жоғары Кеңесінің Ұлттар палатасының депутаты болып, Одақ көлеміндегі сырт­қы саяси мәселелерге қатыса бастады. Кейіннен сыртқы істер министрі лауазымына тағайындалды. Балжан Бөл­тірік­ова БҰҰ Бас ассамблеясының XXI және XXV сессияларына Кеңес одағынан ресми делегацияны бастап барған қазақтан шық­қан тұңғыш әйел сыртқы істер министрі. БҰҰ мінберінде тұңғыш рет сөз сөйлеген қазақ қызы. Әсіресе оның АҚШ-тың БҰҰ жанындағы Адам құқық­та­ры жөніндегі одақ құрып, өз саясатын жүзеге асырмақ болған тұстағы бұл идеяның Кеңестер Одағының мүддесіне қайшы келгендігі сол тұста Одақ делегациясы бұл идеяны болдырмау үшін әрекет еткенде Балжан Бөлтірікованың танытқан ерлігі әлі күнге дейін қазақ дипломатиясының сол тұс­тан-ақ жемісті дамып келе жатқанының көрінісі іспетті болды. Өзінің табан­ды­лығы мен тапқырлығының арқасында бұл идея жүзеге аспай, Кеңес Одағының есебі түгенделеді. КСРО сыртқы істер министрі болған Громыко Балжан Бөлті­­рік­о­ва туралы Нью-Йорктен қайтқан сапарында өзінің ыстық лебізін білдіріп, оның кәсіби қызметте өз ісінің маманы екенін алға тартқан екен. 1999-2002 жылдары ҚР сыртқы істер министрі болған Ерлан Ыдырысов бірнеше республикалық басылымдарға Балжан Бөлтірікқызының сыртқы саясатта атқар­ған еңбегі туралы мақалалар жазған. «Балжан есімді дипломат» атты мақала­сында Е.Ыдырысов Б.Бөлтірікованың қызмет жолындағы жарқын да маңызды сәттері 1966 және  1970 жылдары КСРО-ның БҰҰ Бас ассамблеясының ХХІ және XXV сессияларына қатысуын алға тартады. «БҰҰ Бас ассамблеясының сессиясында Б.Бөлті­рік­ова әлеуметтік және гума­нитарлық мәселелерді шешумен айналысатын кеңестер одағы делегациясын үшінші комитетін басқарды. Адамдармен қарым-қатынас жасай алу қабілеті, талқыланатын мәселелерді жан-жақты білуі қазақ­стан­дық дипломатқа келіссөздерді сәтті жүргізіп, маңызды халықаралық мәселе­лерді шешу барысында КСРО ұстаны­мы­ның қолдау табуына қол жеткізді», – деп жазады Е.Ыдырысов. Сол жылы Б.Бөлті­рік­ова кеңес делегациясының мүшесі және жетекшісі ретінде түрлі халық­ара­лық форумдарға қатысып, Жапония, АҚШ, Корея, Швейцария, Чехословакия, Сирия, Цейлон т.б көптеген елдерге сапар жасайды. Балжан Бөлтірікқызының жұ­мы­сы жоғары бағаланып, КСРО Жоғары Кеңесінің жарлығымен 1966 жылдың 31 желтоқсанында сыртқы саясат саласын­дағы жемісті қызметі үшін Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталады. Ерлан Ыдырысов өз естеліктерінде Балжан Бөл­тірік­қызы өмірінің соңына дейін құрметті еңбек демалысында болса да белсенді өмірлік ұстанымы болғанын, жас қазақ­стан­дықтарға өз іс-тәжірибесін бөлісіп, ел мен әлемдегі қоғамдық-саяси үрдіс­терді назардан қалт жібермей бақы­ла­ғанын жазады. 1971 жылы ағарту министрі лауазымына тағайындалған Балжан Бөлтірікова бұл істе де өзінің табанды шешімдерімен көзге түседі. Бастауыш сыныптарда қазақ мектептерін сақтап қалу туралы ұсы­нысын Қазақстан Жоғары Кеңесі Президумында қорғап, сақтап қалады. Елдің білім саласында елеулі еңбек атқарып, жемісті жұмыс жүргізеді. Өмір өткелдері түрлі бұрылыстардан тұрады. Білікті маман, әр салада жарқын таныла білген, өмірде әріптестері айт­пақ­шы «байсалды» мінезінен танбаған Балжан Бөлтірікова өмірінің соңына дейін ел мүддесі үшін аянбай қызмет етіп кетті. 1998 жылы өмірден озды. Саналы ғұмы­рында атқарған қызметтері үшін үш орден, жеті медальмен марапатталды. Бү­гінде Балжан Бөлтіріқызының ізін жал­ғап отырған ұрпақтары бар. Екі қыз, екі ұлы да сыртқы саясат миссиясында, тіл маманы, профессор болып ата-анала­рының дара жолын жалғауда. Осылайша қазақтан шыққан тұңғыш дипломат нәзік жанды болып, алайда ерлікке татитын қызмет атқарған Балжан Бөлтірікованың есімі тарих сахнасында мәңгілікке жаңғырды.  

Олжас БЕРКІНБАЕВ,

журналист