Жаңалықтар

Сібір өртеніп жатыр

ашық дереккөзі

Сібір өртеніп жатыр

Ресейдің Якутия, Краснояр өлкесі және Иркутскі облысындағы үш миллион гектар жерді өрт шалды. Апта басында Ресей аумағында 13 мың гектардан астам орман өрті сөндірілді. Ал жалын жалмаған аймақтың жалпы аумағы 3 миллион гектардан асады. Тілсіз жау Ресейдің алыс Шығыс және Сібір федералды округтеріндегі ормандарда орын алған. Жалпы қазіргі уақытта жалын жетуге қиын жерлерде қаулап жатыр. Ал оны ауыздықтауға кететін шығын одан келетін зияннан біршама артық. Сон­дықтан өрт елді мекендерге немесе инфра­құ­рылымға қауіп төндірген жағдайда ғана сөн­ді­рілуде. Оның үстіне, Ресей билігі алыс   орман­дар­дағы қызыл жалынды сөндіру экономикалық тұрғыда тиімсіз және техникалық жағынан күрделі болғандықтан өртті сөндірмеу туралы шешім қабылдаған болатын. Ресей би­лігінің мұндай шешімі жергілікті халықтың ашу-ызасын туғызды. Талай байлықтың күлге ай­нал­ғанын алға тартқан тұрғындар биліктің шешімін ақылға қонымсыз деп бағалап, тайгадағы жалынды тез арада сөндіруді талап етті. Тіпті, 600 мыңнан астам адам өрттің жайылуын тоқ­та­туды талап еткен петицияға қол қойған.  Петиция авторлары төтенше жағдай режимі енгізілсе өртті сөндіруге қаржы мен қосымша құрал-жабдықтар және құтқарушылар жіберуге мүм­кіндік болады, бұған қоса төтенше жағдай енгізу өртті сөндіруге жауапты адамдарға үлкен жауапкершілік жүк­тейді деп санайды. Алайда биліктегілер өрттен еш­қандай қауіп жоғын алға тартып әлек. Ауқымды орман өрті салдарынан Сібірдің барлық аумағын бір аптадан бері түтін басып, жұртты үрейлендіріп отыр. Тіпті, өрттен шыққан түтін Еділ жағалауы мен Қазақстанға да жеткен. Қазгидрометтің хабарлауынша, өрт түтіні Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Павлодар, Ақмола облыстарын, Қостанай облысын, Нұр-Сұлтан қаласын қамтыды. Сонымен қатар Қарағанды облысына және Алматы облысының солтүстік аудандарына таралды. Әуе орман күзетінің мәліметтеріне сәйкес, 28 шілде күні сағат 0: 00-де Ресейде 89 мың гектардан астам аумақты шарпыған 126 орман өрті болды. Күні бойы 834 гектар аумақта 46 өрт жойылды. Сібірдегі орман өрттеріне +30 градусқа дейінгі ыстық температура себеп болған. Жаңбыр жаумай, жер құрғап, онымен қоса жел соққаны әсер еткен. Жалпы, көршілес Ресейде орман өрті жиі тіркеледі. Мәселен, биылғы жылдың мамыр айында Ресейдің 18 аймағында орман өртенді. Сол кездің өзінде Төтенше жағдайлар жөніндегі қызмет елдің 77 өңірінде орман өрті қаупі бар екенін мәлімдеген еді. Естеріңізде болса, өткен жылдың тамыз айында бір күн ішінде Ресей аумағындағы 19 орман отқа оранған болатын.