Трамп сөзінде тұра ма?
Трамп сөзінде тұра ма?
АҚШ президенті Дональд Трамп 2020 жылы өтетін президенттік сайлауға дейін Ауғанстандағы АҚШ әскери күштерін елге қайтаруды көздеп отыр.
Вашингтонда өткен кезекті отырыста АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Майк Помпео Трамптың осы бір жоспарымен бөлісті. Ал бұл мәселеге қатысты сарапшылардың пікірі сан алуан. Кей сарапшылар Құрама штаттардың бұл шешіміне қолдау білдірсе, енді бірі халықаралық қолдаусыз Ауғанстанда лаңкестердің ықпалы артып кетуі мүмкін екенін алға тартуда. Әзірге нақты қанша әскердің шығарылатыны белгісіз. Майк Помпеоның мәлімдемесіне сүйенсек, барлық америкалық әскер еліне оралуы керек. Бүгінде Ауғанстан аумағындағы әскердің саны 14 мыңды құрайды.
Ақ үй басшысы Дональд Трамп Ауғанстанда 18 жылға созылған соғыс аяқталуы керектігін айтып, ондағы әскерлерін еліне қайтару туралы шешім қабылдады. Бұл үдеріс 2020 жылдың 3 қарашасы, яғни президенттік сайлауға дейін аяқталуы тиіс. Айта кетейік, Дональд Трамп 2016 жылы сайлауалды науқанында америкалық әскерлерді Ауғанстаннан шығарамын деп уәде берген еді. Алайда ол президенттік лауазымға тағайындалған соң керісінше, Ауғанстандағы әскерлерін күшейте түсті.
«Маған Америка құрама штаттарының президентінен тікелей тапсырма келіп түсті. Ол өңірдегі ұзаққа созылған соғысқа нүкте қою керектігін айтты. Ауғанстаннан әскерилерді шығару тапсырмасын берді. Және бұл үдерісті тек біз ғана жасаймыз. Көптеген елдер бұл шешімді қолдап отыр. Еуропа елдері де. Өңірдегі шет елдік әскерилер саны азаяды деп ойлаймыз», – деді АҚШ Мемлекеттік хатшысы Майк Помпео.
Ауғанстандағы әскери операцияны АҚШ тарапы 2001 жылы бастаған болатын. 11 қыркүйектегі терактіге жауап ретінде өңірге америкалық әскерлерді жібере бастады. Пентагонның «Еркіндік» операциясы 2014 жылы аяқталғанымен, лаңкестік ықпалды бақылауда ұстау үшін америкалық әскерилер ел аумағына бүгінге дейін жіберіліп отырды. Ауғанстандық депутат елден шетелдік әскерлер кетсе, «лаңкестік ықпалмен елдің қарулы күштері күресе алмайды» дегенді айтады.
Ауғанстан әскері бұл халықаралық қолдаусыз «Талибандарға» қарсы тұра алатыны да күмәнді. Ауғанстанда тұрақтылық орнату үшін 2018 жылдың маусым айынан бері АҚШ тарапы «Талибан» радикалды тобының өкілдерімен тікелей келіссөздер жүргізіп келеді. Помпеоның айтуынша, тараптар ортақ келісімге келіп отыр. Яғни, шетелдіктер әскерлерін елден шығарады, тиісінше «Талибан» радикалды қозғалысы өңірде лаңкестік топтың қаптап кетпеуіне уәде береді. Дегенмен, қанша келіссөзге қарамастан, өңірде соғыс әлі де жалғасып жатыр.