Мемлекет басшысы Тұңғышбай Жаманқұловты қабылдады
Мемлекет басшысы Тұңғышбай Жаманқұловты қабылдады
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның театр қайраткерлері одағының төрағасы Тұңғышбай Жаманқұловты қабылдады. Бұл жайында Ақорданың ресми сайты мәлімдеді. Кездесуде қазақ өнері жайлы әңгіменің тиегі ағытылды. «Мемлекет басшысына Тұңғышбай Жаманқұлов Қазақстанның ұлттық театрларының жай-күйі, кинематография саласының жағдайы туралы мәлімет берді», – делінген хабарламада.
Нақтылай айтсақ, өңірлердегі театрлардың шығармашылық жағдайы, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясындағы жас мамандарды дайындау барысы және басқа да мәселелер көтерілді. Кездесуде Қазақстанның театр қайраткерлері одағының мәртебесін арттыру жайы сөз болып, оған баса көңіл аударылды.
«Қасым-Жомарт Тоқаев театр және кино өнері еліміздің мәдени-рухани дамуында айрықша рөл атқаратынына назар аударды. Сондықтан, осы салалардың дамуына ерекше көңіл бөліп, әрдайым қолдау білдіретінін атап өтті» – деп жазды Ақорданың баспасөз қызметі.