Жаңалықтар

Жаһанды жайлаған  жұмыссыздық

ашық дереккөзі

Жаһанды жайлаған  жұмыссыздық

Жұмыссыздық – бүгінгі қоғамда өзектілігін жоймаған мәселе. Екі қолға бір күрек таба алмай жүргендерді әлемнің кез келген елінен табуға болады. Жұмыссыздық деңгейі әзірге әлем елдерінде тұрақтала қоймады. Сондықтан, бұл мәселе қазір дамыған мемлекеттерді де алқымынан алып тұрғаны жасырын емес. Еуропалық саясаткерлердің бар­лы­ғы да әлем елдеріндегі жұмыссыздық деңгейінің өсуімен күресуге тырысқанымен, әзірге оңды нәтиже болмай тұр. Жаһанды жайлаған жұмыс­сыз­дықтан арылу қиын болып тұрғаны баршаға мәлім. Тіпті, экономикасы дамыған Еуропа елдерінің көпшілігі жұмыссыздық мәселесімен күресе алмай келеді. Шілде айының басында Еуро­одақ­тағы жұмыссыздық соң­ғы 11 жыл­дағы ең төменгі деңг­ейге жетті. Еуростаттың деректеріне сен­сек, мамыр айында Еуро­одаққа мү­ше 28 елде жұмыс­сыздық көр­сет­кіші 6,3 пайызды құраса, Еуро­ай­мақ­­тағы 19 мемлекетте 7,5 пайыз­ға тең болды. Осылайша, бүгінде 15 млн 653 мың еуропалық азамат жұмыссыздар тізімін толық­тырып отыр. Бұл өткен жыл­дың мамыр айын­дағы көрсеткіштермен салыст­ырғанда 1 млн 277 мыңға аз. Дегенмен, Еуропа елдерінің еңбек на­ры­ғындағы ахуал біркелкі емес. Қазіргі уақытта жұ­мыс­сыздықтың ең төменгі дең­гейі Чехия (2,2 пайыз), Германия (3,1 пайыз) және Нидерланд (3,3 пайыз) елінде тіркелген. Жұмыспен қамту мәселесі бо­йын­­ша Еуропа елдері арасында Грекияның жағдайы әлі де оңалар емес. Мұнда еңбекке жарамды тұр­ғындардың 18,1 пайызы екі қолға бір күрек таба алмай отыр. Әсіресе, жастар арасында жұмыс­сыз­дық жиі тіркеледі. Ресми деректер бойынша, 25 жасқа дейінгі жастардың 40 пайызы жұмыс іздеп жүр. Грекияда орын алып жатқан жағдайлардан кейін еңбек етуге талпынған жастар өзге Еуроаймақ елдеріне ат басын бұруда. Өз жерінде жұмыс істеп, табыс табуға мүм­кіндік болмағандықтан, жас­тар­дың шет мемлекеттерді жағалауы заң­ды­лық та. Қазір елдегі жағдай өте қиын. Өз мамандығымен жұмыс тап­пай жүрген жастар қазір грек жерінде шаш етектен. Сол себепті де оларды көбі елді тастап, күнкөріс көзін іздеп жүр. Жыл өткен сайын күрмеулі мәселе шешімін табудың орнына шиеленісіп бара жатқандай. 2010 жылы жұ­мыс іздеген 400 мың жас шетелге кеткен екен.  Осыншама ел тұрғынының жұмыс­сыз қа­луы онсызда экономикалық тұрақты­лық­тан айырылған Грекиядағы жағдайды мүлдем қаусатып тастауы мүмкін. Экономика үшін қауіп төндіріп отырған жағдай ретінде мамандар жұмыссыздық жөнін­дегі биржа тіркеуіндегі азаматтардың үш­тен бір бөлігінің ұзақ жылдан бері еңбек ор­нын іздемегендігін айтуда. Жұмыс­сыз­дық деңгейінің ұлғаюына елдегі қатаң үнемдеу шаралары тікелей әсер еткен дейді кейбір сарапшылар. Үкіметтен қолдау таппаған көптеген кәсіпорындар жабылып, адамдар жұ­мыс­тан шығарыл­ға­лы жұмыссыздық деңгейі күрт артып кет­кен. Соңғы жылдары жүргізілген қа­таң үнемдеу шаралары, са­лық­тың өсуі, жұмыссыздықтың рекорд­тық көрсеткіші елдегі қарапайым халық­тың өмір сүру дең­гейін айтарлықтай төмендетіп жі­беріпті. Ал Ресейдегі жұмыссыздық деңгейі өткен айда біршама төмендеп, 4,4 пайызға тұрақтады. Елдегі басты статистикалық ведомствоның ресми мәліметі бойынша, маусым айында Ресейдегі 15 жастан жо­ғары 3,3 млн адам жұмыссыз ретінде тір­келген. Бұған дейін елдегі жұмыс­сыз­дық көрсеткіші 4,5 пайызды құраған екен. Еуропаның өзге елдерімен салыс­тыр­ған­да Ресейдегі ахуалды жоғары бағалауға болады. Trading Economics зерттеуі бо­йын­­ша, Еуропадағы ең жоғары жұмыс­сыздық деңгейі Босния және Герцоговинияда (33,35 пайыз) тіркелген. Ал Испанияда бұл көрсеткіш 14,7. Италияда – 9,9, Украинада – 9,2, Литвада – 8, Австрияда – 6,5, Польшада – 5,4, Болгарияда – 4, Венгрияда – 3,4, Германияда – 3,1, Беларусьте – 0,3 пайызды құрап отыр. Дегенмен, Еуропа елдеріндегі жұмыссыз азаматтар мемлекеттік жәрдемақы алады. Ал жұмыссыздарды жәрдемақымен қамта­ма­сыз ету мемлекет үшін тиімді еместігі айтпаса да түсінікті. Бүгінде жұмыссыздық деңгейі бойынша алғашқы орындардан көрінетін Грекиядағы жұмыссыздарға берілетін жәрдемақы мөлшері 360 еуроға жеткен. Ал Ұлыбритания екі қолға бір күрек таба алмай жүрген жандарға 500 еуро жәрдемақы берсе, көмек көлемі Испанияда 1100 еуро, Германияда 2900 еуро болып бекітілген. Көршілес Ресей болса 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап жұ­мы­сынан айырылған азаматтарға 1500-1800 рубль көлемінде жәрдемақы беруді бастады. Ал Халықаралық еңбек ұйымының мәліметтеріне сүйенсек, әлемдегі алпауыт елдердің бірі АҚШ-та, сондай-ақ, өнер­тап­қыштар елі Жапонияда бұл жағдай бір­шама азайған екен. Мәселен, биыл АҚШ-тағы жұмыссыздық деңгейі 1969 жыл­­дың желтоқсан айынан бері 3,6 пайыз­ға төмен­де­ді. Елдегі жұмыссыздық деңгейінің төмен­деуіне экономикалық белсенді тұр­ғын­дардың азаюы себеп бол­ған. Үстіміздегі жылдың сәуір айындағы де­ректер бойынша, екі қолға бір күректі қажет етпейтін күндізгі бөлімде оқитын студенттер мен зейнеткерлер саны артып, соның есесіне жұмыссыздар қатары 490 мың адамға қыс­қарды. Дәл осы уақытта Құрама Штат­тар­дағы жұмыс орындары 263 мыңға көбейіп, жұмыссыздық мәсе­ле­сінің оң шешім табуына септігін тигізді. Елдегі жылдық орташа жалақы 3,2 пайыз­ға өсті. Сарап­шы­лардың пікірінше, бұл өз­ге­рістердің барлығы америкалық эко­но­­миканың жағдайы тұрақты екенін дәлелдейді. Ал Күншығыс еліндегі жұмыссыздық деңгейі маусым айында 2,3 пайызға дейін төмендеді. Бұл – соңғы 26 жылда елде тір­келген ең төменгі деңгей. Еңбек нары­ғының өзге көрсеткіштеріне сүйенсек, маусым айында 100 жұмыс іздеушіге 161 жұмыс орнынан келген. Демек, Жапония­да­ғы жұмыссыздық деңгейі соңғы уақыт­та біршама азайған. Айта кетейік, жапондар үшін жұмыссыз қалу өте ауыр жағдай. Сондықтан, мұндағы жергілікті тұр­ғын­дар жұмысты бірінші орынға қойып, уақыттарының көп бөлігін жұмыс орындарында өткізеді. Бауырлас түрік елінде тепсе темір үзе­тін 4 миллионнан астам жас жұмыссыз. Бұл – елдің статистикалық институтының мәліметі. 2019 жылы елде жалпы жұмыс­сыз­дардың саны 1 миллионға артып, 4 миллион 202 мыңды құраған. Көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 3,4 пайызға көп. Сондай-ақ 15-24 жас аралығындағы жұмыссыздардың саны 6,3 пайызға артты. Бұл – елдегі әрбір төрт жастың бі­реуі деген сөз. Бұған елдегі эконо­микалық жағдай себеп. 2018 жылы түрік лира­сы­ның құнсыздануы елдегі бірқатар кәсіп­орынның жұмысын тоқтатуына, яғни қыс­қаруына алып келді. Осының салдарынан жаппай жұмыстан босату жағдайы кең етек алды. Әлемдегі «еңбекқорлар елі» саналатын Оңтүстік Кореядағы жұмыссыздық дең­гейі де артып кеткен. Ресми деректер сәуір айында бұл елдегі жұмыссыздық көрсет­кі­ші 19 жылдан бері ең жоғары деңгейге жеткенін дәлелдеп отыр. 2000 жылдан бе­рі елдегі жұмыссыздық деңгейі 4,4 пайызға дейін көбейген. Бұл мәліметті елдің Ұлттық статистикалық басқармасы жариялады. Олардың мәліметіне сүйен­сек, соңғы бір жыл ішінде елдегі жұмыссыз азаматтардың саны 7,2 пайызға артып 1,25 млн адамға жеткен. Оның ішінде жастар арасындағы жұмыссыздық қатты белең алып тұр. Қазірдің өзінде елдегі 30 жасқа дейінгі жұмыссыз азаматтардың үлесі 11,5 пайызды құрайды. Бұл 2000 жылмен салыстырғанда рекордтық көр­сет­кіш. Оңтүстік Кореядағы жағдай өзге мемлекеттердегідей емес. Мұнда арзан жұмыс күші жетіспейді. Өйткені елде жоғары білімді азаматтардың қатары тым көп. 24-34 жас аралығындағы Оңтістүк Корея жастарының 70 пайызында жоғары білім бар. Салыстыру үшін айта кетейік, бұл көрсеткіш Канадада – 60,9 пайызды, Жапонияда – 60,4, АҚШ-та – 47,8, Германияда – 31,3 пайызды құрайды. Ал жоғары оқу орындарын бітірген жастардың 70 пайызы басқару құрылымдарына, ірі мекемелерге қызметке орналасуды көздейді. Сәйкесінше олар еңбек нарығының өзге салаларына көз жұма қарайды. Бүгінде елдегі құрылыс және қызмет көрсету салаларында кадр тапшылығы айқын сезіліп отыр. Өз кезегінде мемлекет бұл мәселені шешу үшін шетелден жұмыс күшін тартуға мәжбүр. Дәл осы жағдай қазір Оңтүстік Кореяның экономикасына айтарлықтай әсер етуде. Оңтүстік Кореядағы еңбек нарығына Қытай мен АҚШ арасындағы сауда со­ғы­сы да кері ықпал етіп отырғанын айта ке­ту керек. Вашингтонның Пекинге сал­ған тарифтік шектеулерінің әсерінен Қы­тай Оңтүстік-Батыс Азия нарығындағы рөлін арттыра бастады. Ал бұрын бұл нарықта Сеул көш бастайтын еді. Бұл өз кезегінде Оңтүстік Корея экспорты көле­мінің азайып, елдегі жұмыс орындарының жабылуына жол ашты. Сәуір айында экс­порттың азаюы салдарынан елдегі кө­тер­ме және бөлшек сауда (76 мың адамға), өн­дірістік кәсіпорындардағы (52 мың адам­ға) жұмыспен қамту деңгейі тө­мен­деді. Жалпы, әлемде жыл өткен сайын жұ­мыс­сыздардың саны күрт көбеюде. Оның ең басты себебі бүгінде барлығы ав­томат­тан­дырылған технология қыз­ме­тіне жү­гі­нуді жөн санайды. Өйткені, кезіндегі көп­шіліктің қолымен жасалған жұмыс қа­зір бір тетікпен басқарылады. Яғни, қазір жұмыс беруші көпке шығын­дан­ғанша заманауи техника алып, жұмыс күшіне төленетін капиталды үнемдеу тиім­ді деп есептейді. «Gartner» сарап­та­малық агент­ті­гінің болжамы бойынша, 2025 жылға қа­рай жұмыс орындарының үштен бір бөлігі роботтардың еншісіне тимек. Қалай десек те, 25 жасқа толмаған жастар үшін жұмысқа орналасу мүмкіндіктерінің жоқтығы тағы да бір жаһандық мәселе екенін жоғарыда атап өттік. Жастардың ересектерге қарағанда жұмысқа орналасу мүмкіндігі әлдеқайда аз, ал жастар арасында жұмыссыздық деңгейі 13 пайыз немесе ересек тұрғындарға қарағанда (4,3 пайыз) үш есе жоғары. Жалпы, жастардың жұмыссыз қалуына кім кінәлі? Әлде жастардың жұмыссыздығына олардың жалқаулығы әсер ете ме? Әлем елдерінде жұмыссыздық мәселесінің әлі шешімін таппауы жас мамандардың тапшылығынан ба, әлде жас маманға орын тапшы болғандықтан ба? Әлде «Жұмыс істегісі келген жол іздейді, жұмыс істегісі келмеген сылтау іздейді» дегеннің кері келіп жүр ме?

Әсел ӘНУАРБЕК

«Тúrkistan»