__Маңызды__Редакция таңдауыЖаңалықтарҚоғам

Той-жарыс.  Даңғазалықтың шегі бола ма?

Қазақтың ұғымында той-томалақтың кез келген түрі туысқандық қарым-қатынасты, ауызбірлікті, ынтымақты арттырады, байланысты бекемдей түседі. Бұл – шындық. Өзіміз де пәлен жыл көрмеген шалғайда тұратын туған-туысты тойда көріп, бір жасап қаламыз. Себебі тойға ет жақындар ғана шақырылады. Оған бармауға тағы болмайды. «Бармасаң, келмесең, жат боларсың» деген сөз осындайда айтылса керек.

 Той – қазақтың қазынасы. «Той десе, қу бас домалайды» дегенді де айтқан қазақ. Және «Баласына бір той жасап бере алмай, бұл дүниеден өтіп кетті қанша адам…» деп келетін өлең жолдары да қазақтың табиғатын дөп басқандай. «Жиған-тергеніміз тойда шашылсын» деп тілек ақтарады сосын көтеріңкі дауыспен.  Сондықтан да қазақты бүгін тек тойдан ғана табасыз. Мұны неге айтып отырмыз? Басқалар табиғат  аясына шығып, тау-тас­ты кезіп, демалыстың сәнін келтірсе, біз аптаның жеті күнінде тойдың көркін қыздырамыз. «Қайдан келесің?» деп сұрасаң, «Тойдан келемін» дейді қай-қайсысы да. Іле-шала «шаршасақ, тойдан шаршайық» дейді өзін-өзі жұбатып.

Алайда, той жасау – даңқ па, дақпырт па? Той үшін несие алып, оны жылдар бойы төлеуді қалай түсінуге болады?

Мұның салқыны екі жастың өміріне де тиіп жататыны сөзсіз. Ал енді той жа­сау­дың жөні осы екен деп, шегі жоқ даң­ға­залық пен дарақылыққа жол берудің керегі не? Мейрамхана ішіне көлікпен, атпен кіріп көпшіліктің таңдайын қақ­ты­рудың қажеті бар ма? Сонда бұл не? Байлыққа мас болып, жұрт алдында масаттану ма? Қайбір жылы еліміздің батыс өңіріндегі бір тойда сүндетке отырған баланы атқа мінгізіп, мейрамхана ішіне еніп келе жатқанда әлгі ат үркіп, әрі-бері ойқастаған еді. Бала бір жақта, той бір жақта қала жаздаған. Әрі қарай не болғаны да белгісіз, бір білеріміз, той басталмай жатып шырқы бұзылды. Келген қауымның есінде музыканың даңғырынан, қалың нөпір адамның қарасынан шошынып, әлек салған ат қана қалуы мүмкін. Нағыз «Бояу­шы, бояушы дегенге сақалын бояптының» кері. Тіпті, қазір сән-салтанатты жақсы кө­ретініміз соншалық, өмірдегі ең қуа­ныш­ты сәттерді ұлан-асыр тойға айналдыратын болдық. Мәселен, былтыр Атырауда сәбиді перзентханадан шығарып алу кезінде орталық есіктің алдына кілем жайылып, екі жағынан биші қыздар тізіліп тұрды. Перзентхана алдында бенгал отшашуы ұйымдастырылған, алуан түрлі шарлар да көздің жауын алады. Сәби мен анасын үлкен қуыршақтар қарсы алды. Арнайы шақырылған әнші көлік шөмішіне шығып ән шырқады. Қыс мезгілі болғанына қарамастан, экзотикалық жемістерге толы дастарқан жайылды. Қысқасы, ешкімнің есінен кетпес керемет шоу болды. Тағы бір бейнежазба да батыс өңірде түсіріліпті. 10 көліктен құралған кортежді салт аттылар бастайды. Ал ең басты көліктің сыртына күйеуі үлкен әріптермен әйеліне көптен күткен ұл сыйлағаны үшін деп алғысын жазған. Ал отандық шоу-бизнесте белгілі қазақ әртістері Қарақат Әбілдина мен Қыдырәлі Болмановтың қызын перзентханадан күймемен шығарып алғаны жұрттың есінде. Бірінен көргенді екіншісі істейді. Және бір-бірінен асып түссем дейді. Жатқан бәсекелестік кәдімгі.

Біздің қоғам той жасаудан жарысып жүр ме, қалай өзі?! Соңғы он-он бес жылда қазақтың тойы тәрбиелік мәнінен айырылып, бақталастық пен бәсекелестіктің, ысы­рап­шылдық пен астамшылықтың алаңы­­на айналды. Бүгінде көрпесіне қарай емес, жұрт­тың сөзіне қарай көсіліп жүрген қазақ­тар шамасы жетсін-жетпесін, кредитке белшеден батып, дүбірлетіп той жасайды.

 

Оның пайдасын басында бірнеше мейрамханасы бар кәсіпкер, бір-екі әнін фонограммамен орындау үшін  жылт етіп көрініп кететін той әншілері көріп жүр. Содан кейін де «Қазақтың  тойы бітпесін! Бізді асырап отырған қазақтың тойы ғой!» деп сұхбат береді ұялмай-қызармай. Әрине, қазақтың тойы бітпесін, қазаны оттан түспесін! Қазіргі эстрада әншілерінің көбі тойдан несібесін тауып жүр. Бірақ оны жеткізудің де жөні бар емес пе?! Бәлкім, бізге той жасаудың өз мәдениетін қалыптастыру керек шы­ғар.

Жаназа дастарқаны тойдыкінен кем емес

Қазақ тойындағы ысырап­шыл­дық – қоғамда бұрыннан қызу тал­қы­ға түсіп жүрген өзекті әрі жауыр болған та­қы­рып. Осыдан бір жыл бұрын Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Сенат төрағасы кезінде тойды жаңа форматта өткізу туралы ұсы­ныс білдірген еді. Ол тойдағы астам­шы­лық пен бейбастықты тоқтатып, бауырлас өзбек, түрік, түрік­мен­дер­ден үлгі алуға ша­қыр­ған. «БАҚ-та үйлену және басқа да той­ларды жаңа үлгіде өткізуге қатысты пікірталастарды қол­дай­мын. Көзбояушылық, даң­ға­залық, ысырап­шыл­дыққа жол бермей, бауырлас өзбек, тү­рік, түрікмен xалық­тары сияқ­ты ұлттық дәс­түрге баса мән беруіміз қажет», – деп жазды Тоқаев Твиттердегі парақ­ша­сында. 

Шынында да, солай. Біздікінің бәрі ас та төк. Шариғатта ысырапшылдық пен ын­сап­сыздыққа тыйым салынған.  Құран аятында  «Ішіп-жеңдер, бірақ ысырап­шыл­дық болмасын, өйткені Алла тағала дарақы, ысырапшыл адамды қолдамайды. Себебі, ысырапқор – әзәзілдің ағасы» делінген.  Өкініштісі, қазір көбі  бұған көңіл бөлмейді. Мақтау, мадақтау естіп, елді таңдандырып,  көзге түсіп, ерекшелену үшін  қымбат мейрамханаларда көл-көсір той жасап,  бір күндік тойға қыруар  ақша шашып жүргендер  көп.

«Өмір бар жерде, өлім бар» дейді. Бұл – өмірдің бұлжымас қағидасы. «Адамның өмірге деп басқан алғашқы қадамы – өлімге деп басқан алғашқы қадамы», – дейді ұлы Фердоуси. Ал сол өмірден өткен адамның жаназасын шығару, артынан құран бағыштау ас-суын да тойдың асымен пара-пар еттік. Қарапайым дәмнен бөлек, жұртшылық тәтті тағамдар, жеміс-жидек пен түрлі тағам түрлерін жаназа дастарқанына қоюды әдетке айналдырып алды.  «Біреудің кісісі өлсе, қаралы ол» деген еді Абай. Осынау жыр жолын сан мәрте оқысақ та, мағынасын әлі ұғынып үлгермеген сияқтымыз. Ұқпағанымыз сол – қазалы үйде дастарқанды қуанышты тойдағыдай жайнатып қоямыз. Иә, ата-бабадан келе жатқан дәстүрін жоққа шығару ойымызда жоқ. Жағдайы бар адам жаяды. Ал бұл өлім жоқтың артын ашса ше? Сөйтеді де, елден қалмау үшін қарыз алып, қауғаланады.

Осыдан екі жыл бұрын елімізде жерлеу рәсімі мен құдайы ас беру тәртібі нақ­тыланған еді. Бұл Қазақстан Мұсыл­ман­дары Діни басқармасының «Жаназа пә­туасы» атты еңбегінде жарияланды. Соның 31-бөлімінде былай делінеді: «Марқұмның отбасына көршілері тамақ дайындап берулері – сүннет. Оларға тіпті «тамақ алыңыз», – деп қолқалап отырса да болады. Өйткені, қайғылы жандар тамаққа қарамауы немесе ұялуы да мүмкін. Себебі, Пайғамбарымыз (с.ғ.с) имам ат-Тирмизи және Хаким (р.а.) риуаят еткен хадис шәріпінде: «Жағфар (р.а.) қайтыс болды» деген хабар келгенде: «Жағфардың үйіне тамақ апарыңдар. Оның отбасы шұғылданатын іс болып қалды (жаназа істері мен уайым, қайғы)», – деген. Осылайша, көпшілікке таныс­ты­рылған жаңа еңбек ел аума­ғын­дағы сан ғасырлық жерлеу ғұрыптарын ескеріп, шариғат нормалары арқылы жаназа рәсімінің ортақ тәртібін ұсынды. «Жаназа» кітабын шығарудағы негізгі мақсат – еліміз бойынша діни рәсімдерді бір ізге келтіру, ысырапқа жол бермеу, шариғатқа қайшы әдеттерге тосқауыл қою. Одан өзге жаңа жинақта республика бойынша ас беру кезіндегі ортақ дастар­қан мәзірі бекітілген. Өйткені, облыс, ау­дан­дар былай тұрсын, көрші жатқан ауылдарда қайтыс болған адамды ақтық сапарға шығарып салу әр түрлі.

Алайда, бұл пәтуа орындалып жүр ме? Келген жұрт сөгіп кетпесін дей ме, әлі сол баяғы елдің сөзінен қашатын әдет қалмаған. Астындағы соңғы атын сойса да, халқымыз торқалы той мен топырақты өлімнен қалмайды. Әр нәрсенің шегі мен шеті болатыны секілді той мен жаназаның өзіндік ерекшелігіне, орындалу барысына, атқарылуына сәйкес айырмашылықтары болу керек. О дүниелік болған жанның жақсы қасиеттері, жақсылығы айтылсын. Бірақ адамды жер қойнына бере сала, қаралы жиынды той сияқты өткізіп, әспеттеудің қаншалықты қажеті бар. Бұлай деп отырғанымыз, кейде бақилық болған кісі ұмытылып, оның жоғары лауазымды бала-шағасының атына мақтау-тілек айтылып кететін жайттар да кездеседі. Одан кейін бізде үлкен кісілердің киімдерін жақын-жуығына тәбәрік есебінде беру дәстүрі бар. Бүгінде сол тәбәріктің орнын су жаңа киімдер басты. Жаназа намазына қатысқандарға жария­лы түрде шапан, кілем үлестіру, одан қалса кез-кез мата тарату да әдетке айналды. Үс­тел басында жарқын-жарқын күліп, дау­рыға әңгімеге кірісетіндерге қарап, қазаға емес, тойға жиылып отырғандай күй кешетінің де жасырын емес. Қазіргі таңда өлімде арақ-шарап ішу таңсық болмай қалды. Қазаның аты қаза. Сондықтан арамыздан мәңгілікке кеткендерді жасына қарамай, ата-бабамыздың салт-дәстүрімен жоқтау айтып, сол отбасымен бірге қай­ғы­рып шығарып салуға, мәйіт жөнелту рәсімдерін де қарапайым өткізуге болады. Бұл тұрғыда бізге имам­дар насихаты же­тіс­пей жатқан сияқты. Өйткені, әр ауыл, қалада білікті дін қызметкерлері жұмыс іс­теп, халыққа өлім мен тойда атқа­ры­латын жөн-жо­ралғы шарттары түсіндірілуі кем­шін. Мәселен, қырғыздар салт-дәстүр рәсімдерін жөн-жосығымен өткізуді заңмен бекіткен. Біз бұл мәселені заң­дас­тырмасақ та, Діни басқарма тарапынан белгілі бір норма­лар­дың бекітілгені жөн.

Мына деректі қараңызшы. «1885 жы­лы Құнанбай дүниеден озғаннан кейін балалары «Қазақтың салты бойын­ша әкемізге ас берейік» дегенде Абай: «Асқа мал бөлейік, бірақ, ол малды сойып жұртқа жегізбейік, орыс школасында оқып жүрген қа­зақ балаларына жәрдемге берейік», – дейді және осы айтқанын істейді де. Құнанбайдың асына шыға­рыл­ған мал саны нақты мәлім емес. Бір хабарда 100 жылқы, 200 қой делінеді. Абай олардың барлығын сатып, Семейдің интернатында оқитын қа­зақ жастарына беруі оның бауырларына, ағайындарына да, көршілес елдерге де ұнамайды. «Құ­не­кеңді атау­сыз қалдырды» деп талайлар ренжіген екен». Мәселе, сауапты істе. Ең маңыз­ды садақа – өзің мұқтаж бола тұра өзіңнен де мұқтажырақ кісіге берген садақа.

 

Бақытбек Смағұл, Мәжіліс депутаты:

Baha

– Қазіргі таңда Тәжікстанның өзінде мемлекет басшысы тойға қанша адам қатысу керек, дастарқанның шығыны қанша болуы керектігін нақтылап белгілеп берді. Неліктен? Бір адамның қолы жетіп жатады, енді бірінікі жетпей жатады. Тек қана мол дастарқан жайып, жақсы асаба жалдап, сол арада тілек тілеумен екі жас бақытты болмайды. Сол еңбек пен тәрбиенің қайдан келгенін жастарға түсіндіруіміз керек деп ойлаймын. «Өлім барды шашады, жоқтың артын ашады» дейді халқымыз. Қара жамылып, қиналып жатқан кезде «сен мына малды союың керек, дастарқан осындай болуы керек» деген мүлде дұрыс емес. Әркімнің шама-шарқына қарай жасалғаны абзал. Сондықтан да той үшін кредит алып, даурықпа, даңғой, даңғазалыққа, ысырапқа барғаннан гөрі, керісінше  ұлтымыздың құндылығын, ысыраптың обал екендігін ұғынып, сауапты іс жасағанымыз әлдеқайда дұрыс деп ойлаймын.

 

Динара Мыңжасарқызы

«Тúrkistan»

Back to top button