Ақтөбеде бюджеттік мекеме көліктері газбен жүреді
Ақтөбеде бюджеттік мекеме көліктері газбен жүреді
Алдағы уақытта Ақтөбе облыстық әкімдігінің автокөліктері газбен жүреді. ОКҚ-да өткен брифингте Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев осындай мәлімдеме жасады.
Облыс басшысы Бердібек Машбекұлы өзінің көлігін де газға ауыстыратындығын, өзінің өзгелерге үлгі болуы қажеттігін айтты. Сөйтіп әкімдік қабылдаған шешімді жария етті.
«Бүгінгі таңда ең арзан газ Ақтөбе облысында және біз бірінші кезекте бюджеттік мекемелердің көліктерін газға ауыстыру туралы шешім қабылдадық, ол қаржы шығынын екі есе қысқартып, жанар-жағармайды үнемдеуге жол ашады», – деді Бердібек Сапарбаев.
Өңір басшысы ең алдымен газға бюджеттік мекеме көліктері ауыстырылатындығын тілге тиек етті. Бердібек Машбекұлы: «Әрбір бюджеттік кәсіпорынмен бұл мәселе талқыланды. Шамамен алғанда, бір көлікті газбен жүруге ауыстыруға 130-170 теңге кетеді. Егер бүгін бензин 120-139 теңге тұрса, газға көшкенде ол 23 теңге болады. Енді есептеңіздер, газбен жүру қаншалықты арзан түседі. Оның үстіне, газды біз өзіміз өндіреміз. Қазір біз бірінші кезекте Ақтөбе қаласындағы газ құю станцияларының құрылыс жұмыстарын бастадық», – деп атап өтті.