Жаңалықтар

Құдияр Біләл: Ұлттық болмысты  ешқашан күстаналауға болмайды

ашық дереккөзі

Құдияр Біләл: Ұлттық болмысты  ешқашан күстаналауға болмайды

Қай заманда да қаламгерлер қоғамды бақылап отырған. Сондықтан олардың өз тұсында болып жатқан жағдайларға ой жүгіртіп, сыншыл позицияда болуы заңды. Бұл тұрғыдан алғанда, Құдияр Біләл – бүгінгі қоғамға танымал, халықпен БАҚ беттерінде де, әлеуметтік желі арқылы да тілдесіп отыратын, қоғамдық атмосфераның жай-күйін білетін қаламгер. Жазушымен қазақтың рухани әлемінде болып жатқан өзгерістер туралы әңгімеміз көркем сөз бен сенім мәселелеріне қатысты өрбіді. – Әңгімені әдебиеттен бастасақ...  Қаламгерлік миссия деген бар.  Со­ның бүгінгі екпіні қалай? Әдебиетті дамыту керек деп жаттың джунглиіне кіріп кетіп, қайта шығар жолын таппай жүргендердің болашағынан не күтуге болады? Құдияр БІЛӘЛ, жазушы, ҚР Мәдениет қайраткері: «Қаламгерлік миссия» туралы сөз бастамас бұрын әдебиеттің қоғамдағы ор­нын анықтап алған жөн сияқты. Бәл­кім, «анықтау» деген артықтау да шығар, бірақ «қайта қарау» деген де келмейді. Сондықтан жұртты шошытып алмас үшін әзірге «руханиятқа деген түсініктің өзі заманына қарай өзгеріп отырады» деп қоялық. Әдебиетке берілген баға, қалай бол­ған­да да, оның рухани мәніне қарай ай­қындалады. Сол үшін әдебиетті «Рухани таным құралы» десек, оның «өкілдерінің» рухани танымның ұстаздары екендігі мәлім болады. Алайда осы біз таныдық деген руханият та, оның өкілдері де, негізінен, өздері өмір сүрген қоғамға қызмет етіп келді. Соған орай ол өзінің бастапқы мәнінен шамалы ауытқып, өздері өмір сүрген қоғамның «ішкі құпияларын» ашуға қызмет етіп кетті. Рухани таным мен әдеби шеберлік «өнім берушінің» әлгі ішкі құпияны қаншалықты танығанына, әрі соны таныта алғанына қарай айқын­далып, бағаланды. Біз жоғарыда рухани танымдық түсі­нік­тің бастапқы мәнінен шамалы ауыт­қы­ғанын тілге тиек еттік. Бағымызға орай, ол ауытқыса да, ажырап қалған жоқ. Біз сол «рухани ауытқушылықтан» туған әдебиеттің өзін әлдеқандай көріп, рухани танымның шыңына балап жүрміз. Болмаса нағыз әдебиет – біз сол шынайы руханиятты таныған кезде барып туындайды. Дегенмен біз ол әлем шуағын ұдайы сезіп отырамыз. Дұрысы, оны негізінен шығармашылық адамдары сезеді. Шабыт дегеніміз сол. Яғни, біз рухани әлемді сезуді шабыт деп атадық. Шабытқа осылай баға бергенде, оның біз осыған дейін «таныған» құндылығын құлдыратып алғандай болғанымызбен, шынтуайтына келгенде, біз осы ой арқылы руханиятқа деген көзқарасымызды айқындай түсеміз. Біріншіден, бағасын көтереміз. Екіншіден, руханиятқа деген бастапқы түсінікті тәрк ете бастаймыз. Ең бастысы, қалыптасқан стандартты ойлау жүйесінен ажырауға тал­пынамыз. Біз сол кезде барып жоға­ры­дағы шабытқа берілген анықта­маға мән береміз. Ал мән бердік делік. Сонымен шабыт дегеніміз, рухани әлемді сезіну екен. Демек, біз рухани азық етіп жүрген алапат шабыттан туған ең озық дүниелердің өзі жай ғана сезінуден туған туындылар екен. Біз бұл ойды айтқанда, осыған дейін иелік еткен рухани дүниелеріміздің бағасын түсіргелі отырғанымыз жоқ. Ой ұғынық­ты­лығы үшін әуелі біз айтқан «сезіну» мен «танудың» ара-жігін ажыратып алайық. Басы ашық жәйт – тану сезінуден жоғары тұрады. Ал руханиятқа қосылу туралы әңгіме мүлде бөлек. Өмірге келген шығармаларды да осы тұрғыда бағалаған жөн. Руханият дегеніміз... Жалпы әдебиет­тің негізі руханият болғанымен, өнімі – материя. Нақтыласақ, өмірдің мәні. Енді сауал адам баласына өмірдің мәнін танып-білуде қандай қажеттілік бар? Бұл сауалға жауап әрқилы беріледі. Алайда өмірдің мәнін түйсінген жан оның негізі руханият екеніне көз жеткізеді. Дегенмен оның мәніне көз жеткізбегендер де руханиятты тілге тиек ете береді. Соның салдарынан руханиятқа деген түсінік өзгерді. Өзгергенде біз оны материяға айналдырып алдық. Содан барып «Рухани әлем» деген қауқарсыз, мәнсіз, қолдан жасалған көмес бір «әлемді» өмірге алып келдік. Бүгінгі күні біз өлмес дүниелерді сол әлеммен үндескен адамдардан күтудеміз. Ал одан ешқашан оңды дүние шықпайды. Демек бізге рухани әлемге берілетін бағаны өзгерту керек. Ол үшін әуелі оның өзін тануымызға тура келеді. Сонда әде­биеттің де негізгі қызметі айқындалады. – Орыстың атақты физик ғалымы Сергей Капица «Адамды құздан құ­ла­татын компьютер емес, интернет...» деген екен бір сөзінде. Ғаламтордағы шексіз еркіндік ұлттың рухани әле­міне қандай орны толмас залал келтіріп жатыр деп ойлайсыз? – М. Шахановтың «Компьютер басты жарты адамдар» атты көлемді өлеңі бар. Бұл өлең әлемнің басты тілдеріне ау­да­рылған. Бір қызығы, осы өлеңге біз бүгінгі заманауи озық технологиялармен біте қайнасып кеткен деп ойлайтын Жапон елінің жастары ерекше назар аударыпты. Ал Мұхаң өлеңінде компьютерлік сана адам баласын ұшпаққа шығармайды деген ой айтылады. Яғни, Мұхаң компьютерлік танымға қарсы пікір білдіреді. Шығармашылығында осындай тосын ойлар жетіп артылатын Шахановтың туындыларын бірыңғай аңыздарға құ­ралған жеңіл дүниелер деп ойлайтындар, өкінішке қарай, біздің ортада аз емес. Шынтуайтына келгенде, Мұхаңның шы­ғар­малары ғаламдық проблемалармен астасқан сан түрлі ойлар тоғысынан құралады. Жә, әлгі компьютерге келейік. Сол өлең­ді белгілі математик ғалымымыз Ас­қар Жұмаділдаев ұната қойған жоқ. Тіпті ол ағамыз өз қарсылығын баспасөз арқылы білдірді де. Мән берсек Асқар ағамыз сөзінде еш ағаттық жоқ сияқты. Енді мына заманның тірегі де, сүйенері де компьютер екендігін көріп отырған соң, оған қарсы шығуды қолдаудың өзі ағаттық сияқты. Бірақ Мұхаңды компьютерлік танымның соңғы шегі қайда апарып соғатынын біліп отырған әлемнің озық ойлы тұлғалары қолдап отыр. Әрине, компьютерлік танымға әркім өз түсінік-пайымы деңгейінде қарсылық білдіреді. Ал өз басым, сол компьютерің түгілі, бүгінгі өркениет үдерісіне іш тарта бермеймін. Себебі оның өзі басқа бағытқа бұрылып кеткен. Мәселенің мәніне осы тұрғыда назар аударғанда, сол адасқан өркениеттің негізгі қозғаушы күші компьютеріңіз бен интернетіңіз адамзат игілігі үшін қызмет етеді деп айтуға тілің бармайды. Оны ұғыну үшін бүгінгі емес, ертеңгі нәтижесіне назар аудару керек. Байыбына барсақ, оның да негізі руханият. Иә, сол, қолдан жасалған руханият. – Наным-сенім тұтастығы – мем­лекеттің тұтастығы. Әр түрлі пікірдегі адамдар бір қоғамда бейбіт қатар өмір сүре алады дегенімізбен, діни көз­қарастар қайшылығы үлкен мүд­делер тұсында бетпе-бет келуден са­қ­­тану үшін не істеген жөн деп ойлайсыз? – «Даудың басы...». Ол бұрынғы әңгіме. Бүгінгі дау – саясат пен дін. Екеуі де қо­ғамда көп талқыланатын тақырып. Негізі­нен толықтай айқындалмаған нәрсе көп талқыланады. Себебі, шикілігі бар. Піспеген. Мұндайда қазақ «Бір қайнауы ішінде» деп қояды. Демек қайнату керек. Қайнат­қан­да, пісіру шарт емес. Тек «қазан» астына от тастап отырсаң болды. Қазір әлеу­меттік желі осы от тастау мәселесін жақ­сы атқарып отыр. Соған орай осы екі та­қырып әлеуметтік желі бетінде ұдайы қайнайды да жатады. Бірақ екі мәселе де піспейді. Себебі... Себеп көп. Ең бастысы, екі мәселеге де шынайы мамандардың араласуы кем. Болмаса дін дегенің өте бір өзекті мәселе ғой. Сондықтан дінге ұстазсыз араласқандар алғашқы қадамында-ақ адасады. Алайда сол ұстазды қажет етіп жатқан адам аз. Бәрі де білгенін ортаға шығаруда. Ал ол білгені... Иә, әлгі «қазан» астына тасталар от қой. Сондықтан дау-дамай бір түге­сіл­мейді. Оның үстіне дінге өз «ұстаз­да­рының» үйреткендері арқылы үн қоса­тын­дар да бүйректен сирақ шығаруларын қоймайды. Тәңіршілдікті аңсайтындар да аз емес. Саясат төңірегіндегі әңгімелер де осы ыңғайда өрбиді. Қазір өзі екінің бірі – діндар, екінің бірі – саясаткер болып кетті. Тіпті көсем болғысы келіп жүр­ген­дер де аз емес. Бұл – қоғам мен жүйенің әл­сіздігі. Бір қарағанда көпшіліктің дінге де, саясатқа да назар аудара қоятындай жөні жоқ. Себебі, екеуі де ұлттың, мемлекеттің негізі. Ал біз енді ғана бой түзеп жатқан ел емеспіз ғой. Дінде де, саясатта да қа­лып­тасқан мектеп бар. Сондықтан сол байырғы жолды қайта жаңғыртсақ болды емес пе? Мәселеге осы тұрғыда назар ау­дарғанда дін мен саясатқа өзгеріс енгізгісі келіп жүргендердің пәлегі таза дей қою қиын. Ал пікір алуандығы.... Ол енді бөлек әңгіме. – Дін мен дәстүр үйлеспесе, халық екеуінен де жырақтап кетуі мүмкін бе? Қазақи мұсылмандықтың өзіндік болмысы қандай еді? – Дін мен дәстүр ажырамас ұғымдар. Сон­дықтан дінге өзгеріс енгізсең, ол міндетті түрде дәстүрге әсер етеді. Мәселен, уахабилік кей түсініктер бой көрсете бастап еді, келіннің сәлем салу мәселесі күн тәртібіне шықты. Сондай-ақ, әруақты тілге тиек етуді шектеп едік, марқұмды арғы әлемге шығарып салу тұрғысында қалыптасқан дәстүрімізге көлеңке түсті. Ишандық мектепті жауып едік, пайғам­ба­рымыз әулетіне деген құрмет жоғала бастады. Осының бәрі ұлттық тұтасты­ғы­мызға нұқсан келтіруде. Сондықтан дінге өзгеріс енгіземін деушілер оның ертеңгі салдарына да назар аударғандары жөн. Мәселен, қазір Діни басқарма тарапынан біздің дәстүрлі дініміздегі марқұм­ды арғы әлемге шығарып салу тұрғысында бері­летін жетісі, қырқы, жүзі сияқты рәсім­дерде жайылатын дастарқан мәзі­рі­не шектеу бар. Рас, олар бұл мәселені ысырапқа жол бермес үшін қолға алуда. Алайда болмашы болса да дінге енгізілген осы өзгерістің өзі дәстүрімізге әсер етеді. Әсер еткенде қазақ атамыз бұл тұрғыда: «Әкенің малы  балаға мал болмайды» деген мәтелді өмірге алып келген. Сонда біз «әкенің малы» деп қай малды айтамыз? Білген жөн: Ағайын-туыс, құда-жегжат пен дос-жаранның бата оқуға алып кел­ген тиын-тебені – әкенің малы. Ал оны марқұмның өзіне арнамасаң, ол әлгі үй иелеріне мал болып жарытпайды. Сондықтан дәстүр мәніне үңілмей, дінге өзгеріс енгізуге әсте болмайды. – Қаламгерлер мемлекеттің рухани тұтастықта дамуы үшін не істеуі керек, қалай еңбектенгені жөн? – Қаламгер мемлекетпен тұтастықта қызмет етуі үшін ол әуелі тұлға ретінде танылуы керек. Осы жерде мемлекет пен жеке тұлғаның міндет бөлісі алға шығады. Ол – жазушыда жазу, мемлекетте – соны бағалау. Осы екі міндеттің бірі кем болса, тұлға қалыптаспайды. Әзірге қалам иелері өз міндеттеріне адалдық танытып келеді. Ал билік болса ол міндеттерін жадынан шығарып алған болатын. Алайда олар қазір сол кемшіліктерінің орнын сезіне бастады. Сондықтан да олар бұл күнде блогерлерге үміт артуда. Бірақ олардың түгелге жуығы тұлғалық деңгейге көтеріле алмағандар. Қалай болғанда да, биліктің қалам ие­лерімен санасуына тура келеді. Тұлға болып қалыптаспаған жазғыштарды на­ғыз жазушылардың мысы басады да тұрады. Жалпы билік иелерінің қалам иелерін елемей қоюының соңы жақсы­лыққа апармайды. Себебі қалам иелері билік идиологиясының қозғаушы күші, сенімді серігі әрі тірегі. Ол тірек – тұлғалар көбейген сайын бекемделе түседі. – Осы жасыңызға дейін сезіп-біл­ге­ніңізді айтыңызшы, қазақ ұлт ре­тінде қай жағынан дамып, қай жа­ғы­нан кері кетіп барады?   – Назар аударатын басты мәселе, біз қазақпыз. Ал қазақ – мемлекет құраушы ұлт. Демек біздің қазақтығымызға нұқсан келген сайын мемлекетіміздің де іргесі сетіней бастайды. Қазақылықтың орнын өзге ешқандай ұлттың мәдениеті толтыра алмайды. Қанша жерден ұлы болса да. Себебі қазақ ұлтында бар нәрсе өзгелерге берілмеген. Сондықтан ұлттық болмысты ешқашанда күстаналауға болмайды. Ұлт өзінің негізгі ерекшеліктерінен ажы­рағанда өзгеріске түседі. Біз «өзгеріске түседі» деп, мәселеге жете мән бермей отыр­мыз. Шынтуайтына келгенде ол әлсірейді. Мәселен, біз тілден ажырай бастадық. Рас, ол олқылық орнын орыс тілі арқылы толтырдық. Алдағы уақытта оны ағылшын тілі арқылы ілгері дамыт­пақ­пыз. Осылайша біртіндеп қазақ тіліне деген қажеттілік жойылады. Алайда біз қазақтықтан ажырау арқылы әлемдік деңгейдегі таным деңгейіне көтеріле аламыз ба? Көтерілгенде қай ұлттың, қай мәдениеттің иесі ретінде көтерілеміз? Соны ойлау керек! Енді мәселенің екінші жағына назар аударайық: Мемлекеттік тілде ғана емес, билікте де ұлттық деген ұғым бар. Ол ұлттық – бізге, яғни тек қазаққа ғана тән. Сондықтан да біз оны мақтан тұтамыз, әрі қызғыштай қорғаймыз. Енді сол ұлттық құндылықтан саналы түрде ажы­расақ, соның орнын алмастырған өзге ел құндылығын біз өзіміздікі деп ардақ тұта аламыз ба? Сол «құндылық» бізді әсерлендіріп, жанымызды баурай ала ма? Бәрінен бұрын біз соны жанымызды салып қорғаймыз ба? Жоқ. Себебі ол біздікі емес. Мені сол «біздікі емес» нәрселердің көбейіп бара жатқандығы алаңдатады... – Әдебиетпен бастаған әңгімемізді әдебиетпен аяқтайық, проза саласында кейінгі дәуірде пайда болған қаламгерлердің ішінде кімдердің шығармашылығын ерекшелеп атар едіңіз. Олар туралы ойыңыз... – Әдебиет туралы әңгіме әсте түге­сіл­мейді ғой. Алайда әдеби қауымның да өрісі тарылып келеді. Қоғамдық өзгерістер әсерін болса да айтып жүрміз. Алайда «Алтын кездік қап түбінде жатпайды» деп өзімізді жұбатып қоямыз. Сондықтан бүгінгі күні қолына қалам ұстағандардың бәріне құрметпен қараймын. Олардың әрқайсысы бір-бір тұлға. Себебі, қолында қаламы бар. Ерекшелеп атауға келсек, тәуелсіздік дәуірінде әдебиетімізге келіп, қаламгер ретінде орнын тапқан жастар көп. Мен соның біреуін атай кетейін, екі прозалық кітабы шыққан Бегабат Ұзақов деген жазушы бар. Ол кеңестік дәуірде туып-өсіп, білім алса да, көзқарасы әлемдік әдеби үдерістерді тану тұрғысында қалып­тас­қан. Сондықтан ол түрлі уақыттағы қо­ғам­дық құбылыстарды, руханият, таным мәселесін салыстыра, салғастыра қарап ой түюде – шындыққа жүгініп, таразылау­да әділеттен ауытқымай, ойды көркем беруді шебер игерген. Мысалы, «Шома» деген әңгімесінде барлық нәр­сенің шегі бар екенін, ашкөздік пен тойым­сыз­дық­тың салдары қандай апатқа ұрындырарын,  астарлап жеткізсе, «Орда» әңгімесінде фэнтези әдісін қолдана отырып, бүгінгі жемқорлықтың асқынып, қалай жазылмас дертке айналғанын ащы сарказммен береді. Ал жақында ғана басылған «Бесік» деген көлемді әңгіме­сінде рухани дүние­міз­ге жегі құрт болып түскен пайда­кү­немдік вирусының қандай қасіретке душар ететінін өте ауыр суреттеген. Бұның бәрі тегіннен тегін туған шығармалар емес, нағыз жазушы қоғам­да­ғы індеттер­дің бастауын, таралу жолын көрсетіп, қасірет тудырар сұм­дық­тарды әш­керелеп отырмаса, жұрт әдебиет оқу­дан қалар еді. Әдебиеттің рухани әлемді сілкіп отырар құдіреті дегенде осыны айтамыз. Қазір де әдебиет тоқтап қалған жоқ. Кейінгі толқын қаламгерлер де ізденіс үстінде. Тұтас әдебиетті жоққа шығарушы максималист белсенділер қай уақытта да болған. Бірақ жеке жарым адамның пікірі ешқашан руханиятқа әмірін жүргізе алмайды. Өйткені ұлт өнері ешқашан таланттан кенде болмаған. Олардың бүгінгі жазғандары уақыт сынынан өткенде қазіргі кезде қандай әдебиет болғаны халық білетін болады. Ал билік тарапынан беріліп жататын сый-сияпаттар – қаламгерлердің шығармашылық қуатына берілген баға емес. Бағаны халық пен уақыт береді. Сосын нағыз қаламгерлер өз бағасын біледі. – Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан

Ахмет ӨМІРЗАҚ