Жастарға пәтер беріледі
Жастарға пәтер беріледі
Жақын арада Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында жастарға баспана бөлу тәртібі белгіленеді. Бұл туралы Үкімет отырысында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр мәлім етті.
«Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында жұмыс істейтін жастарды баспанамен қамтамасыз ету үшін 2019-2021 жылдары аралығында жылына 1 мың жалдамалы пәтер салу жоспарланған. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, жалға берілетін тұрғын үй салу мен сатып алу үшін қаржыландыру көлемі жылына 21,6 млрд теңгеге дейін (3 жыл ішінде 64,8 млрд. теңге) өсті», - деп түсіндірді министр.
Оның сөзіне қарағанда, бұл қаржы 2019, 2020 және 2021 жылдары жұмысшы жастарға 3 мың жалға берілетін пәтер (Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында 1050 пәтер және Шымкентте 900 пәтер) беруге мүмкіндік береді. «Қаржыландырудың өсуіне байланысты біз «Нұрлы жер» бағдарламасына толықтырулар енгіземіз. Ал жастар саясаты жөніндегі уәкілетті орган (Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі) жақын арада тұрғын үй бөлу шарттары мен тәртібін белгілейді», - деді Роман Скляр.