Журналистика ілімінің ізашарлары

Журналистика ілімінің ізашарлары

Журналистика ілімінің ізашарлары
ашық дереккөзі
Қазақ журналистика институтының алғашқы жетекшілері Молдағали Жолдыбаев пен Үмітбай Балқашев хақында
Сөздің құдыретін қазақтан артық білетін халық жоқ десек, асылық болмас. Халқымыз қашанда ақыны мен би-шешендерінің, жырауларының сөзіне тоқтап, көзі ашық, көкірегі ояу азаматтарын алақанына салып аялаған.
1934 жылы Одақ көлеміндегі ең алғашқы журналистика институтының Алматыда ашылуы бекер емес: сұраныс болды, халықтың көкейіне сенім мен білім ұялатуға дайын жастардың тарапынан ұсыныс та дер кезінде жасалды. Соның нәтижесінде саламыздың қыр-сырына баулитын тұңғыш мектеп – Қазақ коммунистік журналистика институты құрылды. 1934 жылы Ү.Балқашевтің басшылығымен институт алғашқы студенттерін қабылдай бастады. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Журналистика факультетінің фойесінде қара шаңыраққа басшылық еткен барлық декандардың суреттері қаз-қатар тізілген. Галереядағы екінші суретке еріксіз назарыңыз түседі: көзқарасы қатал, батыр тұлғалы азамат. Өзі толтырған сауалнамаға сүйенсек, Балқашев Үмітбай Меңдекеұлы 1898 жылы қазіргі Солтүстік Қазақстан облысында қарапайым қазақ отбасында дүниеге келген. 1921 жылдан бастап комсомол мүшесі. 1922 жылдың желтоқсанынан 1926 жылдың маусымына дейін Қазақ автономиясының астанасы – Орынборда жұмысшы факультетінде оқыды. Екінші Мәскеу мемлекеттік университеті педагогика факультетінің қоғамдық-экономикалық бөлімінің студенті бола жүріп, партия қатарына өтті. Үмітбай Меңдекеұлы онда 1926 жылдың қыркүйегінен 1930 жылдың мамырына дейін білім алған болатын. Бұл кезеңде ол өзінің жерлесі, ақын Мағжан Жұмабаевпен жақын араласуға мүмкіндік алды. Ташкенттегі қызметінен соң 1923-1926 жылдары Мағжан Мәскеуде Жоғары әдебиет-көркемөнер институтында оқи жүріп, Шығыс еңбекшілері коммунистік университетінің студенттеріне тіл үйреткен еді. 1934 жылдың санаулы айында Қазақ коммунистік журналистика институты директорының қызметін ресми түрде М.Жолдыбаев атқарды. Профессор Сағымбай Қозыбаев: «Қазақ журналистика институты жетекшілерінің тізімінде қазақтың тұңғыш кәсіби журналистерінің бірі Молдағали Жолдыбаев бар. Ол төңкеріске дейінгі кезеңде-ақ «Айқап» журналы мен «Қазақ» газетімен тығыз байланыста болды. «Алаш» қозғалысының белсенді мүшесі. Кеше ғана 95 жылдығын атап өткен «Егемен Қазақстан» газетінің ізашары – «Еңбекшi қазақтың» алғашқы редакторларының бірі. 1937 жылы М.Жолдыбаев қуғын-сүргінге ұшырап, ату жазасына кесілді», – деп жазады. Молдағали Жолдыбаев (1887-1938) туралы деректерге толық қанығу үшін, мұрағатты ақтардық. Ол Ахмет Байтұрсынұлы, Аспандияр Кенжин сынды жетекшілер тұсында Халық комиссариаты Коллегиясының мүшесі әрі қызметкері болды. Сәкен Сейфуллинмен (Халық ағарту комиссарының орынбасары), Архип Бочаговпен (Мемлекеттік баспаның Бас басқармасының төрағасы) тізе қосып жұмыс істеген. Бұған ҚР Орталық мұрағатындағы құжат – «Халық комиссариаты Коллегиясы мүшелерінің тізімі (1922 жылғы 12 қыркүйектегі жағдай бойынша)» дәлел бола алады. Құжатта жоғарыда аты аталған әріптестердің есімдері қаз-қатар тізілген. М.Жолдыбаев ол кезде Бас саяси-ағарту комитеті төрасының қызметін уақытша атқарып жүрді. Қазақ тіліндегі оқулықтар, кітаптар мен аудармалардың қолжазбалары ең бірінші соның қолынан өтті. Бұл лауазымға сауатты, жауапкершілігі жоғары әрі қатал азаматтар тағайындалатын. Жолдыбаевтың бойынан бұл қасиеттердің бәрі де табылды. 1922-1923 жылдары Молдағали Жолдыбаев Қазақ АКСР Халық ағарту комиссариаты жанынан құрылған ғылым, баспа және әдебиет мәселелері жөніндегі орталыққа төрағалық етті. 1927 жылы «Жаңа мектеп» (қазіргі «Қазақстан мектебі») журналының бірінші редакторы, Қазақ АКСР Халық ағарту комиссариаты жанындағы оқу-әдістемелік кеңестің төрағасы болды. «Рабочая книга для чтения» оқу құралының (Қызылорда, 1929) мен «19 ғасыр мен 20 ғасыр басындағы қазақ әдебиеті» (Мұхтар Әуезов, Әуелбек Қоңыратбаевбаевпен бірлесіп жазылған; Алматы, 1933) және 4-сыныпқа арналған «Әдебиет хрестоматиясы» (Әуелбек Қоңыратбаев, Мұхамеджан Қаратаевпен бірлесіп жазылған, 2-бөлім, Қызылорда, 1934) оқулықтарының авторы. 1934 жылдың маусымында Қазақ коммунистік журналистика институтының директоры қызметіне Ү. Балқашев тағайындалды. Бұл лауазымға оның көп жылдық жұмыс тәжірибесі әбден лайық еді: еңбек жолын Ақмола губерниясы Еменалы болысындағы Қазақ кеңестік мектебінде мұғалім болып бастады (1919-1922). Одан кейін Петропавл қаласындағы уездік комсомол ұяшығында ұйымдастырушы-нұсқаушы (1921), Еменалы болысындағы болыстық комсомол комитетінің жауапты хатшысы (1922) қызметтерін атқарды. Мәскеуден оралған соң Алматыдағы Қазақ мемлекеттік баспасында саяси редактор (1930), Қазақ педагогикалық институтының сырттай оқу бөлімінің меңгерушісі (1930-1931), сол институтта диалектикалық және тарихи материализм кафедрасында ассистент (1931-1932), доцент (1932), ҚазПИ директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары болды.
270-2стр 001          Ұстаздықты ұлағатты кәсіп деп білген Үмітбай Балқашев журналистердің ұстаханасын басқара жүріп, философиядан дәріс оқыды. Екінші дүниежүзілік соғысқа дейін үзбей маман даярлады. Майдан баспасөзін қолдау мақсатында 1942 жылы Мәскеудегі Қазақ өкілеттілігінің қарамағына ауысты. Соғыс басталған шақта Балқашев майдандағы екі қазақ газеті – «Отан үшiн» мен «Қызыл Армияның» редакторы болды. Мына бір дерекке ерекше назарымыз түсті: майдан даласына аттанарда ол өзі тұрған бөлмені босатып кетеді. Эвакуация кезінде, 1941 жылдың қазанынан 1943 жылдың көктеміне дейін ол бөлмеде белгілі мәскеулік жазушы-сатирик М.Зощенко тұрды. Жазушы көршілерінің қайырымдылығының арқасында (Балқашевтің жары мен үш баласы көршілес бөлмеде тұрды) аштықтан аман қалғанын және «Перед восходом солнца» повесін бастауға мүмкіндік туғанын ерекше тебіреніспен еске алады. Аталмыш шығарманың алғысөзінде М.Зощенко қазақтың қаласы мен оның тұрғындарына деген ерекше ілтипатын жеткізген. Үмітбай Балқашевтің отбасынан мол шапағат көрген жазушы 1943 жылы Мәскеуге орала салып, шаңырақ иесімен кездесуге асықты. Балқашевтің отбасы Узбекская көшесінде, қазіргі Сейфуллин даңғылының бойында Шевченко мен Жамбыл көшелерінің аралығындағы екі қабатты үйде тұрды. Қазір ол үйдің орнында көп қабатты ғимарат бой көтерген. Зерттеуші Р.Соколовский: «Зощенко соғыстың ең ауыр жылдары өзіне пана болған қазақтың қонақжай қаласы мен халқы ұмытқан жоқ. Ол «О юморе в литературе» мақаласында қазақ сықағының фольклорлық бастаулары туралы кеңінен сөз қозғаған. Ол кезде Қазақстанда жазбаша сатира болған жоқ еді. Осы жанрды қалыптастыру жолында еңбектеніп жүрген қазақ әдебиетінің негізін салушылар сталиндік қуғын-сүргіннің құрбанына айналып, қазақ сатирасы бұрынғыдай ауыз әдебиетінде, нақтырақ айтқанда ақындардың өлеңі мен Алдар көсе туралы ертегілерде ғана өмір сүрді. Күлкі шақырмай қоймайтын бұл ертегілерді орыс тіліне алғаш боп аударған да – Зощенко. Қазақ фольклорымен жете танысудың арқасында сатираның қазақ халқымен біте қайнасып келе жатқанына жазушының көзі жетіп, сықақ халықтың жазба әдебиетінен де тиісті орын алуы керек деген қорытындыға келді», – деп жазады. Әскери журналистер майдандағы сарбаздармен теңестірілетіні белгілі. Балқашев бір жүрген майдандастарының ерік-жігерін жаныды, жауды тезірек талқандап, Отанға жеңіспен оралуға деген сенімдерін арттыра түсті. Соғыс аяқталған соң ол жоғарғы оқу орнында сабақ беріп, жүзге тарта ізбасарын дайындады. Өкінішке қарай, қазақ журналистика мектебінің бастауында тұрған азаматтардың есімі көлеңкеде қалып келеді. Қазақстандағы журналистік жоғарғы білім беру жүйесінің 80 жылдығы қарсаңында отандық медиабілім ізашарларының еңбегіне лайықты баға берілуі керек деп есептейміз. Әсіресе, Қазақ журналистика институтын 8 жыл бойы табан аудармай басқарған бірінші директоры Үмітбай Балқашевтің есімі атаусыз қалмауы тиіс. Бүгінде аталмыш оқу орнының озық дәстүрін әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультеті жалғап келеді.

Қайролла Мұқанов, Халық ағарту ісінің ардагері, өлкетанушы Қызылжар қаласы