Аптап ыстық қашанға дейін жалғасады?
Аптап ыстық қашанға дейін жалғасады?
Биылғы жаз мезгілі барлық аймақ тұрғындары үшін де оңайға соқпай тұр. Алатаудың етегіндегі Алматының өзінде сынап бағанасы таңертеңгі уақытта – 27-29°С, ал түс қайта – 36-38°С-қа дейін көтерілуде. Мамандар жақын күндерде күн-райы өзгермей, шілденің шіліңгір ыстығы тамызда да жалғасатынын айтады. Аптап ыстық жаңа туған нәрестелер мен егде жастағы адамдарға, денсаулығы сыр берген жандарға ауыр тиюде. Қалалық жедел жәрдем қызметінің өкілдерінің айтуынша, шақырушылардың басым бөлігі жоғарыда аталған азаматтар екен. Алматы қаласы медициналық жедел жәрдем қызметі директорының міндетін атқарушы Азамат Әменов: «Әдетте шақыртулардың жалпы саны тәулігіне 2400 болса, қазіргі таңда ол 2600-3000 шақыруға дейін көбейді. Шақыртулардың басым көпшілігі жүрек-қан тамырлары жүйесіне байланысты сырқаты бар науқастардан түседі. Солардың қатарында артериалды гипертензиямен, сусамырмен ауыратын науқастар да бар», – дейді.
Алматыда мұндай ыстық соңғы рет 2007 жылы тіркелген. Жетекші инженер-синоптик Дәулет Кесебаев: «Егер термометр көрсеткіші 40°С-тан асса, онда бұл климаттық өзгеріс болып саналады. Шілде жылдың ең ыстық айы болғандықтан, бұл әдеттегі жағдайға жатады. Қалада ең ыстық жаз 1983 жылы тіркелген. Ол кезде ыстық 43°С-қа жеткен. Ал соңғы рет Алматыда 2007 жылы 39°С ыстық болған», – дейді.
Әлемде:
Аптап ыстықтан Еуропаның бірнеше аймағы мен Оңтүстік Азияның біраз бөлігі жапа шегуде. Францияда күннің ысуына байланысты 4 мың мектеп уақытша жұмысын тоқтатты. Елдің бірнеше аудандарында қауіптіліктің қызыл деңгейі жарияланды. Мамандардың айтуынша, елде аптап ыстық рекордтық деңгейге жетті. Осыған орай жергілікті билік аймақта төтенше жағдайлардың алдын алу шараларын қолға алған. Мұндай жағдай Италияда да тіркеліп отыр. Ал Үндістанның Ченнаи қаласында аптап ыстықтан ауыз су қоры таусылған. Соның салдарынан көптеген мекемелер мен қонақ үй, мейрамханалар жабылған. Дәрігерлердің көмегіне жүгінген тұрғындар көбейді. Жергілікті билік тығырықтан шығу үшін суды штаттың өзге өңірлерінен тасып әлек. Бірақ 6 миллион тұрғыны бар қаланы толық қамту мүмкін емес. Сондықтан халық арасында наразылық күшейген. Билік болса жағдай тек жауын жауған кезде ғана түзелетінін айтады. Ал елде бірнеше апта бойы ауа температурасы 40 градустан түспей тұр. Елдің солтүстік шығысындағы Бихар штатында ыстыққа шыдай алмай отыздан астам адам көз жұмған. Бейресми деректерге сүйенсек, Нью-Делиде 50 градустық сынап бағанасы тіркелген.