Кәсібі мен нәсібі қатар өрілген өңір
Кәсібі мен нәсібі қатар өрілген өңір
Елбасы Н.Назарбаев «Бес әлеуметтік бастамасында» шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға айрықша көңіл бөлді. Қазіргі кезде кәсіп көзін тауып, еңбек етемін дегендерге барынша жағдай жасалуда. Жақында Қазақстан Үкіметі «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасына 600 миллиард теңге бөлді. Осы бағдарлама бойынша жеңіл өнеркәсіп, жиһаз, құрылыс материалдары және агроөнеркәсіптік кешен саласында өнім өндіретін жергілікті кәсіпкерлер жеңілдетілген несие ала алады.
Кепілсіз несие – кәсіпкерлікті қолдау
600 млрд теңгенің 400 миллиарды өңдеу өнеркәсібі мен сервиске, ал, қалған 200 млрд теңге ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу мен өндіруге жұмсалады. Бағдарламада 15 пайыздан аспайтын мөлшерлемеде несие беру тетігі қарастырылған, оның 8 пайызын кәсіпкердің өзі төлесе, қалған 7 пайыз жеті жылға дейін мемлекет тарапынан субсидияланады. Осынау бағдарламаға Түркістан облысының кәсіпкерлері де қызығушылық танытуда.
Бүгінгі таңда «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасына өңір бойынша жалпы несие сомасы 70 822 млн теңгені құрайтын 207 жоба қатысуда. Оның ішінде жалпы құны 30 531 млн теңге болатын 26 жоба екінші деңгейлі банктердің қарауында болса, 9 129 млн теңгеге 6 жоба банктер тарапынан мақұлданып, қаржыландырылды.
Ең бастысы, өңір кәсіпкерлерінің бағдарламаға қатысуға ниеті мен белсенділіктері күннен-күнге артып келеді. Соңғы 2 апта мерзімде бағдарламаға қатысуға өтініш білдірген кәсіпкерлер жобаларының саны қосымша тағы 52 жобаға (20 961 млн теңге) көбейді.
Салалар кесіндісінде басым жобалардың көпшілігі агроөнеркәсіптік кешенінде жүзеге асырылуда. Осы ретте бағдарлама шеңберінде агроөнеркәсіптегі басым жобалардың тізіміне қосымша 21 қызмет түрін енгізу мен «Аграрлық несие корпорациясы» қаржы институтын осыған қатыстыру өңір кәсіпкерлері үшін үлкен қолдау болмақ.
«Қарапайым заттар экономикасын» облыста қолға алу, кәсіпкерлік субъектілерін бағдарламаға жаппай қатыстыру жұмыстары жергілікті әкімдіктің тікелей бақылауында.
«Түркістандық кәсіпкерлер қазірден бастап екінші деңгейлі банктерге жылдық мөлшерлемесі 8 пайыз, мерзімі 7 жылды құрайтын жеңілдетілген несиеге өтінім бере алады. Мемлекет ауыл шаруашылығы және өңдеу өнеркәсібін дамытуға 600 миллиард теңге бөлді. Біз кәсіпкерлерге бизнесті қолдау шараларының шарттарын түсіндіріп, банктердің не үшін несие беруден бас тартуының себебін анықтап, құжат ресімдеу жұмыстарына мониторинг жүргізіп отырамыз», – дейді Түркістан облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Д.Әбсаттаров.
Бағдарлама аясында қаржы алу үшін кәсіпкер банкке өтінім жіберіп, қажетті бағалау мен келісу ресімінен өтіп, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорына жүгінуі тиіс. Барлық келіп түскен жобаларды сүйемелдеу бойынша жол карталары жасалады. Және де жобаларды қаржыландыру жобалық кеңсенің базасында қадағаланады. Сондықтан да өңірлік палата басшылығы өз жобасын жүзеге асырып, сол үшін несие алуға ниет білдірген түркістандық кәсіпкерлерді облыс орталығындағы кәсіпкерлер палатасының кеңсесіне шақырады.
Түркістан облысы әкімінің тапсырмасымен кәсіпкерлерге арналған «Қамқор» бағдарламасы іске қосылды. 5 млн теңгеге дейін берілетін 1 пайыздық жеңілдетілген кепілсіз несиенің уақыты 4 жылды құрайды.
Қазіргі таңда Арыстағы кәсіпкерлердің мәселесін шешу үшін «Атамекен» кәсіпкерлер палатасынан 25 қызметкер келіп, 17 секторға бөлініп қызмет атқаруда. Олар 10 күн бойы төтенше жағдай салдарынан зардап шеккен кәсіпкерлік нысандарын бағалап, тиісті сомасын есептеп шығады.
Жалпы, Арыс қаласында 346 кәсіпкерлік нысан тіркелген, соның ішінде жарылыс кезінде 258 нысанға зақым келген. 253 нысанға жөндеу жұмыстары жүргізілсе, 5 нысан толықтай қайта салынатын болады. Оларға тиісті қаражат бөлінуде. Кездесу барысында өздеріне қажетті кеңес алған 2 кәсіпкерге 10 млн теңге кредит берілетін болды. Сондай-ақ, кәсібін дөңгелетіп отырғандар 2020 жылдың 1 қаңтарына дейін салықтан босатылады.
Жеңілдетілген несие беру үшін жергілікті бюджеттен 200 млн теңге бөлініп отыр. «Даму» қорынан қосымша 300 млн теңге қарастырылады.
Шағын кәсіпкерлікке қандай көмек керек?
Үкімет тарапынан Арыс қаласын қалпына келтіру, әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету мақсатында 10 кешенді шара белгіленді. Оның үшеуі аталған аймақтағы кәсіпкерлік субъектілерді қолдауға бағытталған.
Облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Дінмұхамед Әбсаттаровтың айтуынша, Арыс қаласында тіркелген 346 кәсіпкерлік нысанның 258-і, яғни 78 пайызы төтенше жағдай салдарынан зақымданыпты. 253 нысанға ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілсе, бесеуі толығымен қайта құрылмақ.
Нысандарды қалпына келтіру жұмыстарына ірі бизнес өкілдері қолдау көрсетпек. Бұл жұмыстар ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің жетекшілік етуімен жүргізіледі. «Дәл қазіргі таңда осындағы кәсіпкерлермен жұмыс істеу, келтірілген зардаптың ауқымын анықтау, қаражат бөлу жұмыстарын жүргізудеміз. Апат орын алғаннан бастап өңірлік кәсіпкерлер палатасы жанынан сүйемелдеу жұмыстары жүргізіліп келеді. Мұндай шараларға палатаның 25 қызметкері атсалысуда. Алдымен атқарушы органдар тиісті бағалау жұмыстарын жүргізсе, кәсіпкерлер палатасының қызметкерлері бизнестің құқығын қорғау мақсатында бақылаушы қызметін атқаратын болады. Осы жұмыс аяқталғаннан кейін зақымданған объектілерді мүмкіндігінше 1 ай ішінде қалпына келтіру жоспарлануда», – дейді Дінмұхамед Әбсаттаров.
Бүгінде өңірлік кәсіпкерлер палатасының қызметкерлері Арыс қаласындағы әрбір үйді аралап, бизнесі бар әлеумет арасында сауалнама жүргізуде. Келтірілген шығын бағаланып, сметасы шығарылған соң кәсіпорын иесі бағалау нәтижесімен танысып, қол қояды. Ары қарай қалпына келтіру жұмыстары жүргізілмек.
Облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры қаражат бөлу екі механизм бойынша жүргізілетінін атап өтті. Оның біріншісі – аз көлемде шығыны бар компанияларға кәсіпкерлік нысанды тез іске қосу үшін кәсіпорын иесінің шотына келісім негізінде (1-2 млн теңге көлемде) қаражат аударылады. Ал, екіншісі – үлкен көлемде шығыны бар кәсіпкерлерге қаражат палата-кәсіпорын-құрылыс компаниясы арасында үшжақты келісім жасалып, жүзеге асырылады.
Сондай-ақ, Арыс қаласының шағын және орта бизнес өкілдеріне 2019 жылдың 1 шілдесінен бастап сыйақы мөлшерлемесі 1 пайыздық жеңілдікпен 5 млн теңгеге дейін несие берілмек. Бұл Арыс қаласының кәсіпкерлерін қолдау мақсатында облыс әкімдігі мен «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры тарапынан құрылған «Қамқор» бағдарламасы аясында жүзеге асады. 4 жыл мерзімге берілетін бұл несиені әрбір 6 ай сайын төлеуге жеңілдетілген кезең қарастырылған. Негізгі талап – екі кепілгердің болуы қажет. Аталған қолдау барлық кәсіпкерлік субъектілеріне салалық шектеулерсіз ұсынылмақ. Жеңілдетілген несие «Ырыс» микроқаржы ұйымымен жүзеге асады. Егер аталған бағдарлама аясында кәсіпкерлер үшін қаражат жеткіліксіз болып жатса, 1 пайыздық мөлшерлемеде несие ұсынудың 2-ші кезеңі іске қосылатын болады.
Бүгінде Оңтүстік аймақтық инвестициялық орталығы, «Ырыс» микроқаржы ұйымы, Агронесие корпорациясы және «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» сынды қаржы институттары арқылы несие алған 150-ге жуық кәсіпкердің 400 млн. теңге көлеміндегі осыған дейін алған несиелеріне жеңілдіктер жасалады. Яғни, төлем кестесін өзгерту, айыппұлын қысқарту, несие бойынша негізгі қарызға жеңілдік кезеңін беруді көздейді», – дейді Дінмұxамед Болатұлы.
2019-2020 жылдары аралығында 100 млрд теңгеге жуық 14 инвестициялық жоба іске қосылмақ. Сондай-ақ, жергілікті бизнесті қолдау мақсатында Арыстағы шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін 2020 жылдың 1 қаңтарына дейін салық төлеуден босату қарастырылуда.
Студенттер де несие алады
Биыл «Жас кәсіпкер» бағдарламасы аясында жастарға 1 пайыздық мөлшерлемемен несие беріле бастады. Сізге туған-туысқандарыңыздың екеуі кепіл болса, 2 млн теңгеге дейін ала аласыз.
Айта кетейік, оған 18 бен 29 жасқа дейінгілер қатысады. Бұл жазғы демалысқа шыққан студенттердің де өтініш білдіріп, бағын сынап көруіне таптырмас мүмкіндік болғалы тұр. Өйткені, онда мұндай жастарға 9 айға дейін жеңілдік мерзімі қарастырылады екен.
Түркістан облыстық жастар ресурстық орталығының кеңесшісі Сұлтан Азаттың мәлімдеуінше, аталмыш бағдарлама аясында былтыр 7 пайыздық мөлшерлемемен 10 жоба қаржыландырылыпты. Ал биыл 1 пайыздық мөлшерлемемен 50 жобаны қаржыландыру көзделген. Бүгінге дейін 3 жоба қаржыландырылды. Тағы бірнеше үміткердің жұмысы «Ырыс» микроқаржы ұйымында талқылауда.
Бағдарламаға қатысамын деушілерге облыстық жастар ресурстық орталығының мамандары кәсіпті неден және қалай бастау керектігі туралы кеңес беріп, бизнес-жоба жасауға көмектесуге әзір. Егер де комиссия отырысында өз жобаңызды қорғап шықсаңыз, 1 пайыздық мөлшерлемемен несие ала аласыз. Оның идеяңыздың іске асып, кәсібіңіздің дөңгелеуіне септігін тигізеріне сеніміміз мол.
20 гектар алқапқа жылыжай салынады
Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев агроөнеркәсіп кешені саласында атқарылған жұмыстармен танысу мақсатында Сайрам ауданында болды. Алдымен Манкент ауылында орналасқан «Нұрым Груп» ЖШС-іне кіріп, ондағы жұмыстардың жай-күйін бақылады.
10 000 бас ірі қара малға арналған бордақылау алаңы мен құрама жем цехы бар серіктестік жылына 5000 тонна ет өнімдерін экспорттайды. Қазіргі таңда 6000 ірі қара мал өсіріліп, экспортталуда. Толық циклды ақылды ферма болып саналатын кәсіпорын ҚР ішкі нарығында және Иран Республикасына 2000 тонна сиыр етін экспорттаған. Кәсіпорын басшысы Сырым Ертаев мұнда 50-ге жуық адам жұмыс істейтінін, алдағы уақытта Арыс қаласы аумағынан 20 000 малға арналған бордақылау алаңын салу жоспарланғанын айтты. Сондай-ақ, серіктестік басшысы мал терісін экспорттау мәселесін қолға алу қажеттігін жеткізді.
Сонымен қатар, облыс басшысы «Өмірәлі» шаруа қожалығына барып, егістік алқабын аралады. Қожалық 5 гектар жердің әр гектарынан 25 центнерден өнім алып отыр. Онда облыс әкімі шөп жинау науқанына қатысып, арнайы жүк көліктеріне шөп артысып, шаруаларға көмектесті. Жалпы, ағымдағы жылы 3,7 миллион тонна мал азығын дайындау жоспарланса, бүгінгі таңда соның 85 пайызы, яғни 3,4 миллион тоннасы жиналды. Өмірзақ Естайұлы биылғы ауа райының қолайлылығын тиімді пайдалана отырып, 1,5 жылдық мал азығын жинап алу қажет деп есептейді.
Сондай-ақ, аймақ басшысы Ақсукент елді мекеніндегі қуаттылығы 100 тонна сүт өнімін өңдейтін «Ақ-су» ЖШС-не аялдады. Серіктестік бүгінгі таңда ірімшіктің 15 түрін шығарады. Сапалы, табиғи өнімді өндіретін кәсіпорында бүгінгі таңда 80-ге жуық маман жұмыс істейді. Онда жұмыстың тиімділігін арттыру үшін Түркиядан арнайы құрал-жабдықтар әкелінген. Өз кезегінде облыс әкімі тауар түрін көбейтіп, өндірілетін өнім көлемін ұлғайту керектігін айтты.
Содан соң облыс әкімі Қарамұрт елді мекені аумағында салынып жатқан «Ecoinvest SA» ЖШС өнеркәсіптік жылыжайдың құрылыс барысымен танысты. Польша инвесторларының қаржысына салынып жатқан жылыжайдың жалпы аумағы 20 гектарды құраса, ағымдағы жылдың ішінде 11 гектардың құрылысы бітуі тиіс. Жылына 16 000 тонна көкөніс жинауды жоспарлап отырған жылыжай әкімшілігі алдағы уақытта 500 адамды жұмыспен қамтымақ. Өнімдерін Қазақстан, Ресей нарығына шығаруды көздеп отырған жылыжайдың жалпы сметалық құны 7,5 миллиард теңгені құрайды. Серіктестік басшысы Берік Иляев құрылысқа жұмсалған шығынды 5 жылдың ішінде толықтай өтеуді межелеп отырғанын жеткізді.
Тоғжан Төлеген