Өмір өткелдері – Әди Шәріпов
Өмір өткелдері – Әди Шәріпов
«Партизан қызы», «Ормандағы от», «Тон», «Қапастағы жұлдыздар» шығармалары арқылы барша әдебиет сүйер қауымға есімі таныс тарихи тұлға. Оқырман жүрегінен ерекше орын тауып, сонау зұлмат жылдар туралы сыр шертетін бұл – бірегей туындылардың авторы ел дамуына да өзіндік үлесін қосып, мемлекеттік қызметте де жемісті еңбек еткен Әди Шәріпов еді.
1912 жылы сол тұстағы Семей облысы Жарма ауданы Малиновка ауылында дүниеге келген. Өз қолымен жазған өмірбаянында Әди Шәріпов әкесінің қарапайым шаруа адамы болғанын, 1914 жылы өмірден өткенін, әкесі қайтыс болғаннан кейін анасының тәрбиесінде болғанын жазады. «Мен әкем өмірден өткеннен кейін 1926 жылға дейін анамның тәрбиесінде болдым. Үлкен ағам Ғани Шәріпов 1941 жылға дейін Күршім ауданында ұстаздық қызмет етті. Әскерге шақырылып, Отан үшін соғыста жан тапсырды», – деп жазады Шәріпов өзінің өмір белестері туралы. Ә.Шәріпов мектепті аяқтап, білім іздеп Алматыға жол тартады. Қабағынан қар жауған отызыншы жылдары Қазақ педагогикалық инстиутында білім алады. 1934 жылы жас жігітке кенеттен техникалық хатшы болу туралы ұсыныс келеді. Ұсынысты айтқан қазақтың маңдайына біткен ақыны, аты мәңгі тарих беттерінде жазылған Ілияс Жансүгіров еді. Сол тұста Жансүгіров Қазақстан жазушылар Одағының төрағасы болатын.
Өмірдің жолы бұралаң екені ақиқат. Комсомол жиналыстарының бірінде Шәріповті комсомолдан шығару керек, себебі халық жауы Жансүгіровтің серіктесі, ал бауырлары – жапондық барлаушылар деген жала жабылады. Өз естеліктерінде Әди Шәріпов «Маған да бір ұшын тигізіп өтетін қорқынышты бірдеме табандап келе жатты», – деп жазады сол уақыттағы жайттарды. Жиналыстан кейін Ә.Шәріпов институт деканына барады. Бұл зиялы жан Митрофан Сильченко еді, Шәріповті соңына дейін тыңдап, оған Алматыдан дереу кету керектігін, бәрі саябырсыған соң қайта оралып, оқуын жалғастыруға кеңес береді. Бәрінен хабардар болған Шәріпов тіпті жатақханаға да соқпай пойызға отырып, Красноводск атты түркімен қаласына бағыт алады. Красноводскта училищеге педагог болып орналасады. Өзінің мейірімділігі және ашық-жарқындығының арқасында ортаға сіңісіп кеткен бозбала жергілікті тұрғындарды да баурап алады. Жергілікті тұрғындар да жас жігітке қолдарынан келгенше қолғабыс етеді әрі Алматыдан елге қайта беруге болатындығы туралы хабар жеткенде де түркімендер жігіттің елге қайтуы үшін жолына қаражат та жинап береді. Өзінің қолымен жазылған өмірбаянында Әди Шәріпов Алматыдағы педагогикалық институттағы оқуын қудалауға түсе жаздағаны үшін бір жылға тастауға мәжбүр болғаны үшін емес, денсаулық жағдайына байланысты тәрк еткенін жазады.
Шәріпов оқуын аяқтаған соң Алматы облысындағы Қаскелең ауылына педагог болып барады. Сонда шаңырақ көтереді. Отбасын құрғаннан бірнеше ай өткеннен кейін үкіметтің офицерлер жасағын нығайту үшін ұстаздарды мобилизациялау туралы жарлығы шығады.
Жас Шәріповтер отбасы Белоруссияға жол тартады – шекараға жақын Белосток қаласына келеді. Әди атқыштар взводындағы жетінші танктер дивизиясына қабылданады. 1941 жылы Шәріповтер отбасында Маржан есімді қыз бала дүниеге келеді. Жақын арада соғыс қаһарын төге түскен еді. Жетінші танктер дивизиясы неміс соққысының сәл алдында тұр еді. 22 маусымда қантөгіс ұзаққа жалғасты. Өз жауынгерлерін контршабуылға бірнеше рет лейтенант Шәріпов көтерді. Соғыста ерік-жігерінің арқасында талай ерлік танытады. 1944 жылы партизандар Қызыл әскерге қосылған тұста Әди қатты жараланған еді, соғысуға шамасы да қалмады. Оған Могилев қаласының басшысы болу туралы ұсыныс түседі, алайда ол Отанына қайтатынын айтып, бас тартады. Шәріповтің соғыс уақытында Клетянск партизан жасағының құрамында болғанын бірі білсе, бірі білмес. Сол тұста Клетянск партизан жасағы екінші бөлімшесінің командирі, подполковник Коротченко Шәріповтің жасақтағы қызметі туралы жауынгерлік мінездеме жазған екен, мінездеме 1943 жылдың 10 қарашасында жазылған. Комитет хатшысы әрі Клетянск партизан жасағы екінші бөлімшесінің хатшысы ретінде Шәріповтің орасан зор еңбек атқарғаны жазылады. «Осы жұмыс барысында екі жылдан артық уақыт бойы Шәріпов ұйымдастырушылық қабілетін, іскерлігін, мақсатқа жетуде нықтық таныта білді. 1941 жылы екі рет жарақаттанып, 1942 жылы аяғын сындырса да Шәріпов өз жұмысын атқара білді. Жасақ ұйымдастырған барлық жауынгерлік операцияларға қатысып, өзін тапқыр, батыл, ержүрек командир ретінде таныта білді», – деп жазылған мінездемеде.
Соғыс аяқталып, Қазақстанға қайтып оралғаннан кейін Шәріпов республиканың Орталық Комитетіне жұмысқа орналасады. 1950 жылдары Шәріпов құрамына Мұхтар Әуезов те кіретін ұлтшыл топты ұйымдастырушы деген шағым түседі. Мемлекеттік қауіпсіздік Комитеті оны тұтқындау туралы ордер шығарып та қойған еді, алайда Әди Шәріповті республика жетекшісі Пономаренко құтқарып қалады. Пономаренконың өзі де партизан болған еді, Әди Шәріповті жақсы танитын, оның аңызға татитын ерліктері туралы жиі айтатын еді. Ол істі дереу жабу туралы бұйырып, Шәріповті білім министрі қылып тағайындайды. 1963 жылға дейін аталған лауазымда қызмет еткен Әди Шәріпов 1963 жылдан 1966 жылға дейін Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары және Қазақ КСР сыртқы істер министрі лауазымын атқарады. 1966-1971 жылға дейін Қазақ КСР жазушылар Одағының бірінші хатшысы, КСРО жазушылар Одағының хатшысы болады. Ғылым мен білім саласында жемісті қызмет еткен Шәріповтің жазған еңбектері өте көп.
Әди Шәріповтің алғашқы хикаяттары да халықтар ынтымағы туралы еді. Алғашқы ғылыми диссертациясы да осы тақырып ауқымын қамтиды. Әди Шәріпов сондай-ақ танымал қазақ ақыны Жұмағали Сайынның шығармашылығы туралы қалам тербеді, «Ж.Сайынның өмірі мен шығармашылығы» атты монографиялық еңбектің авторы. Бұл кездейсоқ таңдау емес, қанша дегенмен Ж.Сайын да майдангер, партизан еді. Кеңес дәуіріндегі қазақ әдебиетінің дамуы, сипаты туралы қалам тербеген Шәріпов 1974 жылы «Қазақ кеңес әдебиетінің заманауилығы мен даму мәселелері» атты монографиялық еңбегін жариялайды. 1971 жылы Қазақ КСР ғылым Академиясы жанындағы әдебиет және өнер институтының аға ғылыми қызметкері болған Шәріпов 1979 жылдан 1993 жылға дейін институт директоры болады. Байқасақ көп монографиялық еңбектері осы жетпісінші жылдары жазылған еді.
Сонау ызбарлы отызыншы жылдардың тепершігін де көріп, кейіннен зұлмат соғыстың зардабын да тартып, Отан үшін жан алып жан берісіп, кейіннен елге оралып туған өлкесінің әрі қарай дамып, шыңға жетуіне мемлекеттік қызметте де, ғылыми қызметте де сүбелі үлес қосқан Әди Шәріпов 1960 жылы Ленин орденімен, 1985 жылы бірінші дәрежелі Ұлы Отан соғысы орденімен, екі Еңбек Қызыл Ту орденімен, Қызыл Жұлдыз орденімен, «Құрмет белгісімен», КСРО медальдерімен, Қазақ КСР Жоғары Кеңесінің Құрмет грамоталарымен марапатталды. Нағыз адам мен жауынгерге тән өр рухты өмір сүріп, бар саналы ғұмырын Отанына адал қызмет етуге арнаған Әди Шәріпов 1993 жылы 4 қарашада өмірден өтті.
Ұрпақ жадында мәңгі сақталар тұлғалар болады. Әди Шәріповтің де есімі бүгінгі күнге дейін әлі де жаңғырып келеді. Кезінде өзі педагогикалық институтта білім алған Алматы қаласында Шәріпов есімімен аталатын көше бар. Өзі дүниеге келген Семей облысындағы Малиновка ауылы да бүгінде Әди Шәріповтің есімімен аталады. Ал Минскте аты аңызға айналған қазақ партизаны Әди Шәріповтің есімі берілген көше бар. Сондай-ақ Әди Шәріповтің есімі Кембридж университеті библиографиялық орталығы шығаратын «Ғаламшардың атаулы тұлғалары» атты анықтамалыққа енгізілген. Көзі тірісінде бір қолымен қару алып Отан қорғап, бір қолымен қалам тербеген жазушы, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерінің кесек туындылары әдебиет төрінде мәңгілік жаңғырып тұрады. Ал оқу министрі, сыртқы істер министрі, министрлер кеңесінің төрағасы болып, ел дамуына қосқан үлесі баршаға үлгі. Әди Шәріповтің өмір өткелдері еш ұмытылмақ емес.
Олжас БЕРКІНБАЕВ,
журналист