Жаңалықтар

Қауіпсіздік сертификаты неге керек?

ашық дереккөзі

Қауіпсіздік сертификаты неге керек?

«Құрметті абонент! Хакерлік және басқа кибершабуылдардың алдын алу бойынша жүргізілетін іс-шараларға байланысты Сіздің қауіпсіздік сертификатын орнатуыңыз керек. Құрылғыда қауіпсіздік сертификатының болмауы интернет-ресурстарға қол жеткізудегі қиындықтарға әкелуі мүмкін». 19 шілде күні ұялы телефондарына осындай хабарлама келген Нұр-Сұлтан қаласының тұрғындары алаңдай бастады. Ғаламторсыз өмір сүру қиындаған бұл күнде мұндай хабарлама алаңдатпай қайтсін?! Бұл қандай қауіпсіздік сертификаты? Оның қажеті қанша? Орнатқысы келмегендер қайтпек? Оны орнатқаннан не өзгереді? Осы тектес сауалдар қазақстандықтарды әбден мазалағаны рас. Қауіпсіздік сертификаты жайлы сөз қозғалысымен жұрттың бәрі адамның жеке басының мәліметтерін бақылауға жол ашатын мұндай дүниенің қажеті қанша десті. Көпшіліктің көкейін­дегі сұраққа жауап қатқан Цифр­лық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнер­кәсібі министрінің орынбасары Абылайхан Оспанов бұл сертификаттың ғалам­тор­дағы қауіпсіздікті арттыратынын айтты. «Қауіпсіздік сертификаты азамат­тардың телефондарындағы жеке мәлі­мет­терді сақтауға мүмкіндік береді. Өздеріңізге белгілі, интернеттің дамуымен қатар киберлік құқықбұзушылықтар да жаңа деңгейге шығуда. Жеке компьютерлерден, телефоннан жеке деректерді ұрлау фактілері орын алуда. Оны орнату әр адамның өз еркі. Маған аталған сертификат бойынша хабарлама келмеді. Келген бетте өзіме және балаларымның құрыл­ғы­ларына орнатамын. Қауіпсіздік сертификаты арқылы балалар қауіпті ресурстарға өте алмайды. Сәйкесінше, жеке мәліметтерді қорғауға мүмкіндік жасалады», – деді А.Оспанов. Оның айтуынша, бұл – тек елордада ғана жүріп жатқан пилоттық жоба. Тиімділігі болса, бүкіл Қазақстан бойынша іске қосылады. Әзірге ол уақыттың еншісінде. Ал сейсенбі күні өткен Үкі­мет отырысында аталған мәселеге қатысты сөз алған Цифр­лық даму, қорғаныс және аэро­ғарыш өнер­кәсібі министрі Асқар Жұмағалиев балаларды, туыс­тар мен жақын­дард­ы экстремистік, террористік сипаттағы тыйым салынған ақпа­раттан қор­ғауда қауіп­сіздік серти­фикатының маңы­­зы зор екенін тіл­ге тиек етті. «Сан алуан шабуыл­дар   бар. Вирустар бар. Ол жағы­нан сертификат көмектеседі. Адам­ның жеке   мәліметтерін алу­ға мүмкіндік жоқ. Конституцияда бәрі жазыл­ған. Сосын   шұғыл із­дес­тіру шаралары ту­ралы заңнама бар. Бұл заң бар­лық мәселені реттейді. Адамның же­ке мәліметтерін пайдалану заң­мен қудаланады», – деді  министр. Сондай-ақ, ми­нис­трдің айтуынша, аталған сертификат қон­дыр­ғы­лардың ақпа­рат­тық қауіп­сіздік мәселелерін шешіп, жеке мағлұмат­тарды хакерлерден қорғауға кө­мек­теседі. Десек те, сертификатты орнату – әр адам­ның өз еркі. Ақпараттық қауіп­сіз­дік үшін алаң­дайтын азаматтар құрылғы­ла­рына келген сілтеме арқылы өтіп, қауіп­сіздік сертификатын орнатып алуына болады. Ал қажет емес деп тап­қан­дарды ешкім қинамайды. Қазақстанда тұлғалардың же­ке ақпараттарын қорғау туралы заң бар. Барлығы осы заң аясында жұмыс істейді. Байланыс опера­тор­лары да азаматтардың жеке ақ­параттарын қорғайды. Оған қол жеткізу өте қиын. Ал енді қауіп­сіздік сертификатын орнату ар­қылы сіз өзіңіздің жеке ақпа­рат­тарыңызға қол жеткізуге рұқсат бересіз. Күні кеше министр Асқар Жұ­ма­ғалиев те қауіпсіздік сертификатын өз телефонына әлі де ор­натпағанын, байланыс операторынан келуі тиіс смс-хабарламаны күтіп жүргенін айтқан болатын. Министрдің сонша мақтаған жүйені әлі күнге дейін өз ұялы телефонына орнатпағаны көптің көкейіндегі күдікті одан әрі кү­шейте түсті. Айта кетейік, қауіпсіздік серти­фикатын орнату заң бойынша бекітілген. Мұндай тармақ 2015 жылы «Байланыс туралы» заң­ға енгізілген. Биыл елімізде интернеттің жиі істен шығып, желілердің бұғатталып қалғаны ешкімге де жасырын емес. Осындай кезеңмен тұспа-тұс келген сертификат орнату «науқанының» жұртты алаңдатуы заңдылық. Қалай десек те, қауіпсіздік сертификатын орнатуды министрлік адамдардың еркіне қалдырды. Ал бізге әліптің артын баққаннан өзге шара жоқ. Әсел ӘНУАРБЕК