«Жусан» операциясы сияқты жоба әлемде жоққа тән
«Жусан» операциясы сияқты жоба әлемде жоққа тән
Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған, Сирия еліндегі қақтығыс ошағынан қандастарымызды елге әкелуге бағытталған «Жусан» операциясы сәтімен жалғасуда. Бұл Елбасымыздың әлемдік саяси сахнадағы биік беделі мен мемлекетіміздің келісімшіл ниеті, тұрақтылық қағидаты арқасында іске асырылды. Ұлт тағдырына, ел ертеңіне бағытталған осы шара жайында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы төрағасының орынбасары, найб-мүфти, белгілі дінтанушы Алау Әділбаевпен тілдескен едік. Әңгімеміздің ауаны былай өрбіді...
– Қазақстан тарапы Сирия еліндегі соғысты доғару және ол мемлекетте татулық пен келісім орнату барысына айрықша атсалысқаны есімізде. Бұл сөзімнің бірден-бір айғағы ретінде Сириядағы жағдайға орай соңғы екі жыл бойы өткізілген Астана процесінің 11 раундын атап айту керек. Бұл келіссөздер Сириядағы көп аймақта тыныштық орнатуға, қантөгістің тоқтауына ықпал еткені рас. Әңгімемізді осы оқиғалардың жалғасы іспеттес «Жусан» операциясының алғашқысынан бастасақ...