Бүкіл қазақ даласы «Абай» деп тербеліп тұр

Бүкіл қазақ даласы «Абай» деп тербеліп тұр

Бүкіл қазақ даласы  «Абай» деп тербеліп тұр
ашық дереккөзі
Биыл ұлы ақын Абай Құнанбай ұлының туғанына – 175 жыл. Осы мерейтойдың қарсаңында ел-жұрт боп жақсы бастамаға кірісіп кеттік. Үстіне су құйынып, оны эстафета ретінде бір-біріне жолдаудың жанында ақын   шығармашылығын дәріптеу игі шара.  Ләйлім-Шырақ есімді 9 жастағы мектеп оқушысы ұлы ақын Абай өлеңдерінен үзінді оқып, бұл эстафетаны жалғастыруды Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа жолдаған еді. Мемлекет басшысы бүлдіршіннің ұсынысын қабыл алып, Абай өлеңін жатқа айтты. Тоқаев эстафетаны ары қарай екі министрге және Димаш Құдайбергенге жолдады. Одан кейін мемлекеттік қызметкерлер, қоғам қайрат­керлері, өнер адамдары іліп әкетті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жолдаған эстафетаны Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова қабыл алып, Абай Құнанбайұлының өлеңінен үзінді оқыды. Димаш Құдайберген Игорь Крутойға эстафета жолдаған болатын. Продюсер араға бір күн салып, Абай өлеңін орыс тілінде оқыды. Абай өлеңінен үзінді оқуды ары қарай Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев, Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов жалғастырды. Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Жансейіт Түймебаев Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тарапынан қолдау тапқан Абай Құнан­байұлының 175 жылдығына орай ақын өлеңдерін оқу эстафетасына этнос өкілдерін көптеп тарту туралы келісім жасады. Тіпті, басқа ұлт өкілдері де Абайдың өлеңін қазақ тілінде оқып, жұрттың алғысына бөленді. Бүгінгі таңда челленджді қолдап, қазақ тілінде ақын өлеңдерін оқыған этнос өкілдерінің саны жүзден асты. 582 әлеуметтік желі қолданушысы Абай өлеңдерінен үзінді оқып, өз парақшасына видео салған. Әрине, осы бастама арқылы дүйім халық ақын­ның шығармашылығына сусындады, кейбірі өлең­де­рін жаттауға асықты, енді бірі кітап бетін парақ­тады. Қалай десек те, рухани байлығымызды арттыру тұрғысынан берері мол үрдіс екені сөзсіз.  Ақын­ның қайсыбір өлеңін, қарасөзін алсаңыз да – өмір шындығы. Оны біреулер нақышына келтіріп,  жатқа айтса, енді бірі судыратып оқып берді. Тіпті, кейбірі бастауыш сынып оқушысы жатқа білетін өлеңді айтқанда еріксіз жүзімізге күлкі үйірілгені рас. Ол ол ма, басылымдар осы эстафета аясында Абай өлеңдерін бұрмалаушылар кездесіп, сатира мен сықақ тақырыбына сай өзгертіп қолданғанын ашына жазды. Қазақ еліне рухани жаңғыру іспеттес болған эстафетада Қазақстанның Ресейдегі Төтенше және өкілетті елшісі Иманғали Тасмағамбетовтың Абайдың 6-шы қарасөзін, Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Жансейіт Түймебаевтың 37-ші қарасөзін тебірене оқығанына сүйсіндік. Құлақтың құрышы қанады. Тағы да тыңдай бергің келеді. Шіркін, екі сөздің басын қоса алмайтын, пікірін үнемі орыс тілінде беруге құмар шенеу­ніктер дәл осы ел ағалары сияқты көпке үлгі болса ғой дейді екенсің. Себебі, қайсыбір қазақтың сөзін Абайдан бастап, ойын Абаймен сабақтауында да терең мән бар. Тарихтың талай-талай қиын кезеңдерінде Абай өз халқының адастырмас темірқазығы бола білді. Қандай қысылтаяң, нендей келеңсіз кезеңдерде де оның ұлағатты сөзі халқымыздың қолтығына сүйеу боп, табанын тайғызған жоқ, жігерін жасытқан емес. Сасқалақтағанда сабыр, тоқырағанда тоқтам тауып берді. Заманымыздың заңғар жазушысы Шыңғыс Айтматовтың Парижде өткен Абай күндерінде: «Ұлттық мәдениеттердің өрісі тарылып, ұлттық тілдер жойылуға бет бұрған советтік дәуірде Абай қазақтың тілін де, рухын да сақтап қалды», – деуі де сондықтан. Абай – әлемнің қай бұрышынан қара­саң да, көзге түспей қалмайтын рухани Алатауымыз. Ол – біздің ар-на­мы­сы­мызға, өмір­лік өлшемімізге, ұлттық па­расат-пайы­мы­мызға айналған асқаралы абы­зымыз. Пікірі­міз­дің пірі, рухымыздың туы. Артына «Атаның ұлы болма, адамның ұлы бол!» деп аманат артып кеткен ақылды әлем­дік ақыл-ойдың төріне шығару ұрпақ­тың талайдан бергі арманы еді. Біз Абайды дүние жүзі халықтарына өз деңгейінде таныта алдық па?! Ұлт пен ұлтты бауырластырып, халық пен халықты жақындастыратын да – Абай сияқты ұлы гуманистер. «Әкенің ба­ласы – адамның дұшпаны, адамның ба­ласы – бауы­рың»,  яки басқа халық та бауырың, бас­қа­мен де тату-тәтті бол деген Абайды өзге тілге өз деңгейінде, бар болмысымен жеткізу – тек әдеби, мәдени ғана емес, үлкен саяси мәні бар ұлы міндет.   Президент қаулыға қол қойды   Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылы қазақ халқының ұлы ақыны, ағартушысы Абай Құнан­бай­ұлының 175 жылдық мерейтойын жоғары ұйым­дас­тырушылық және мазмұндық деңгейде мерекелеуді қамтамасыз ету туралы қаулыға қол қойды. Қаулыға сай А.Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын дайындау және өт­кізу жөніндегі мемлекеттік комиссия құ­ры­лады. 2019 жылғы 1 қазанға дейін ақын­­ның мерейтойын дайындау және өткі­зу жөніндегі жалпыреспубликалық жоспар бекі­тіліп, Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекет­тік тарихи-мәдени және әдеби-ме­мо­риалдық қорық-музейі кешенді жаң­ғырады. Сон­дай-ақ, қаулы бойынша 2020 жылы Нұр-Сұлтан қаласында Абай Құнан­байұлының 175 жыл­дық мерейтойына арнал­ған халықаралық ғылыми-практи­ка­лық конференция өткізі­ліп, ақынның еңбектерін кең таралған негізгі шет тілдеріне сапалы аударуды жүзеге асыру, басып шығару және халықаралық ілгерілету жө­нін­де шаралар қабылданады. Осыған орай, Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова: «19 шілдеде Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын өткізу жөніндегі мемлекеттік комис­сия­ның алғашқы отырысына қатыстым. ҚР Премьер-министрінің орын­­басары Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен 2020 жылы өтуі тиіс мерейтой бойынша атқары­латын істің ауқы­мы айқындалды.  Комиссия отырысынан соң, осы жиынға арнайы Алматыдан келген зиялы қауым өкілдерімен жеке кездесіп, ақыл кеңестерін тыңдадым. Мәдениеттанушы ғалым, қоғам және мемлекет қайраткері Мұрат Әуезов, белгілі жазушы, баспагер, Лондондағы «Абай үйінің» негізін қалаушы Роллан Сейсенбаев және «Астана опера» опера және ба­лет театры директорының бірінші орынбасары Төлеу­бек Әлпиевпен  еркін әңгіме құрдық. Абайдай кемеңгерді зерттеушілер аз емес. Ал енді ұлы ақынның аманатын ақтау үшін, оның тойын қандай деңгейде өткізу керек деген ой бәрімізді де мазалайды. Алдымыздағы ағаларымыз өз ойларын ортаға салып, бір­қа­тар бастамалар ұсынды. Мұрат Мұх­тар­ұлы «Абай көш­пенді өркениет күйреп, қазақ халқы жиырмасыншы ғасырда ең ауыр кезең болатынын сезді. Оның даныш­пан­ды­ғы сол, хакім барлық шығармаларында ұлтымызды жаңа заман талаптарына сай болуға үндеді», – деген пікірін айтты деді. Сондай-ақ, министрлік алдағы уа­қытта Абай туралы көркем фильм түсіруді де жоспарлаған. «Бірақ осы фильммен айналасатын режиссер әрі сценаристер тек жеке табысын ғана ойламауы керек. Абайдың тұлғасын әлемдік деңгейдегі сапада көрсете алатын мамандарға ғана сеніп тапсырғымыз келеді. Осы айтыл­ғандардың тұжырым­да­ма­сын пы­сық­тау үшін Абайтанушылар және кино сала­сы­ның мамандарымен Алматыда бас қос­пақпыз», – деді министр.   P.S. Оқушы бастап, Президент қоштаған эстафета Абайдың рухани мұрасына тағы бір терең бойлауға түрткі болды. Тіпті, қанша дәуір өтсе де, хакімнің шығармалары заманның тамырын тап басып тұрғанына тағы бір мәрте көз жеткіздік. Себебі, Абай қазақ халқы үшін бір ғана әдебиеттің ауқымына сыймайды. Ол – күнделікті тіршілігімізді, рухани әлемімізді – қарақан басымызды алып жүруден бастап, биік адамгершілікке дейінгі аралықты тегіс қамтитын жан-жақты құбылыс. Әрбір қазаққа, шама-шарқынша, Абайды тану – мұрат, Абай шыққан биікке талпыну – парыз.  

Динара Мыңжасарқызы