Мақсұт Нәрікбаев, академик: «Ату жазасын қолдаймын»

Мақсұт Нәрікбаев, академик: «Ату жазасын қолдаймын»

Мақсұт Нәрікбаев, академик: «Ату жазасын қолдаймын»
ашық дереккөзі

ЖАҚТАҒАНЫ – ӘДІЛЕТ, ЖҮГІНГЕНІ – ЗАҢ

Оның ұстанғаны – тәртіп, жақтағаны – әділет, жүгінгені – заң. Талдықорған қаласы прокуратурасы тергеушісінен ҚР Жоғарғы сотының төрағасына дейінгі тағдырлы да талайлы жолына көз жүгіртіп шықсаңыз, оның таңдаған жолына адалдығы қайран қалдырады, табандылығы таңдай қақтырады. Еліміздің маңдайалды жоғары оқу орындарының бірі – Қазақ гуманитарлық заң университетінің тізгінін қолына алған сәттен бүгінгі күнге дейінгі өнімді де өнегелі еңбегі бізсіз де еленіп-ескеріліп қойған. Әйтсе де, саналы ғұмырын еліміздің құқықтық жүйесін жетілдіруге арнаған белгілі ғалым, заң ғылымдарының докторы, профессор, Халықаралық жоғары мектеп академиясының академигі Мақсұт Нәрікбаевтың азаматтық болмысын тану үшін ол жүріп өткен жорға-жортаң жолдар мен сындарлы жылдарға қайта үңілдік. Мақсұт Сұлтанұлы 1940 жылы наурыздың 30-ында Алматы облысы, Талдықорған ауданы, Еркін ауылында дүниеге келді. Соғысқа кеткен әкесінен қара қағаз келгенде ол 23-інде жесір қалған анасының бауырына жармасқан 2 жасар бала еді. Басқа түскен қиын күндер шешесін өз жасынан ерте қартайтты, бүлдіршін де ерте есейді. Балалық шағын еске алғанда: «Біз 7-8 жасымыздан еңбекке араластық. Істей аламын, істей алмаймын деп таңдап тұруға мұршамыз болған жоқ. Су әкелу, отын тасудан бастап, шөп жинау, шөмеле жасау, шөмеледен мая үю секілді жұмыстардың бәрі біздің мойнымызда болды. Ер азаматтардың барлығы соғыста болған соң, олардың шаруалары әйелдер мен балаларға қалды», – дейді профессор. Ол бала кезден жаңалыққа құштар болды. Мектептегі барлық үйірмелердің тізімінен табылғаны да сондықтан. Екінші сыныптан бастап гармоньда ойнауды үйренсе, оныншы сыныпта өз еркімен баянның тілін меңгереді. 1958-1959 жылдары Украинаның Днепродзержинск қаласындағы №8 техникалық училищеде оқып жүргенде де өнерден қол үзген жоқ. «Украинада жүргенімде украин билері халық ансамблінің мүшесі болдым. Бимен қатар екі ай бойы бокспен шұғылдандым. Жаттықтырушы жаңадан келген спортшыны жан-жақты сынақтан өткізеді екен. Үш рет нокдаун алғаннан кейін: «Маған бокс керек пе өзі?» деп ойлана бастадым. Ақыры былғары қолғапты тастап, биге түбегейлі бет бұрдым. Кейін Нұрсұлтан (Нұрсұлтан Назарбаев – ред.) қалжыңдап: «Мақсұт қайда бару керек екенін біледі. Ансамбльде қыздардың көп екенін білді де, боксты тастап, биге кетті», – дейтін. Сол кезде басталған биге деген құштарлық әлі күнге дейін тыныш қоймайды. Әуезді әуен естісем, шыр айналып вальс билегім келіп тұрады», – деп Мақсұт Сұлтанұлы баспасөзге берген бір сұхбатында ағынан жарылған еді. Би десе, осыдан бес жыл бұрын Қазақ гуманитарлық заң университеті ұйымдастырған «Билейік бірге, Қара жорға!» атты патриоттық акциясы ойға оралады. Университет алдындағы кең алаңға шығып, 4 мыңнан астам шәкіртімен бірге қара жорға билеген 70 жастағы Мақсұт Нәрікбаевтың шапшаң қимылы мен шебер қозғалысы көпке дейін әсерлі әңгімеге тамызық болғаны есте. Өнерді жастайынан серік еткен профессор бір кездері туған ауылы Еркінде клуб меңгерушісі, аудандық мәдениет бөлімінің бастығы болғанын біреу білсе, біреу білмес. Бірақ тағдыр оны мүлдем басқа арнаға бұрып әкетті.

ЖАЛҒЫЗ АЯҚ ЖОЛДАН – ДАҢҒЫЛҒА

Мақсұт Нәрікбаев 1968 жылы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетіне түсіп, оны 1974 жылы заңгер мамандығы бойынша бітіріп шығады. Заң саласындағы сан тараулы қызметі дәл сол жылдан басталып кетті. Талдықорған қаласы прокуратурасына тергеуші боп орналасқан жас заңгер бір жылдан соң аға тергеуші қызметін қолға алады. 1981-87 жылдар аралығында Талдықорған облысы, Қаратал ауданының халықтық судьясы лауазымын иеленген Мақсұт Сұлтанұлы қара қылды қақ жарған әділдігімен көзге түседі. Жылдар алмасып, ғасыр жаңарғанда өткен күндерді еске алған профессор: «Аудандық сотта судья болып жүргенімде алдыма бір іс келді. Қараталдағы мекеменің бірінде бас есепші боп істейтін әйел 3 мың сом жымқырған екен. Заң бойынша мұндай қылмысқа тағайындалатын ең аз мерзім – 6 жыл. Әлгі әйелдің 12 жастағы ұлы бар екен, жолдасы – мемлекеттік қызметкер. Сот бітті, қылмыс жасаған адам өз кінәсін мойындады. Қасымдағы екі алқабилермен бірге шешім шығаруға кеттік. 6 жыл емес, 3 жыл тағайындадық. Шартты жаза берсем де болар еді, бірақ жүрексіндім. Өз мойныма жауапкершілік алғым келмеді. Әлгі әйелдің сол кездегі бейнесі әлі күнге дейін көз алдымда. Сот залынан шығып бара жатқанда көзінен жас парлаған әйел артына бұрылды да, менен көзін алмай ұзақ қарады. Үміт толы көзқарас. «Тоқтаңыз, біз сізді кешірдік» деген сөзімді күткендей. Сол кезде неге шартты жаза бере салмадым екен деп көпке дейін өкіндім. Әлі күнге дейін сол шешім үшін өзімді кешірмеймін», – дейді. Бұл оқиға үнемі оның жадында жүрді, бірақ қызмет сатысымен жоғары көтерілген сайын сынақтар мен өмірлік сабақтардың көп болатынына көзі жетті. Мін мен сын барлық салаға ортақ, алайда сот ісінің табиғаты бөлек. Несімен дейсіз бе? Оны профессордың өз сөзімен түсіндіргеніміз жөн болар: «Басқа сала мамандарының қателігі оның өзге әріптестеріне кедергі келтірмеуі мүмкін. Ал судья мамандығының бір ерекшелігі, шалыс басқан бір қадамы бүкіл сот жүйесінің әділдігі мен кәсібилігіне күмән келтіреді». Мақсұт Сұлтанұлы 1987-91 жылдары ҚР Әділет министрлігі аппараттарында қызмет атқарды. Еліміз еңсесін тіктей бастаған тәуелсіздіктің алғашқы төрт жылында оған Қазақстан Республикасы Президентінің Аппараты мемлекеттік құқықтық бөлімінің сектор меңгерушісі және құқық қорғау органдары бөлімінің меңгерушісі, ҚР Бас прокурорының орынбасары, ҚР Жоғарғы соты төрағасының Бірінші орынбасары сияқты жа­уапты қызметтер жүктелді. Ол бұл міндеттерді абыроймен атқарды, елдің, Елбасының үдесінен шықты. 1995 жылы қазан айында ҚР Бас прокуроры, ал 1996 жылы маусым айында Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының шешімімен Жоғарғы соттың төрағасы болып тағайындалуы да Президент артқан жоғары сенімнің айғағы еді. Елдің құқықтың жүйесіндегі екі маңызды саланың тізгінін ұстаған кезеңде ол дамыған елдердің тәжірибелеріне сүйене отырып, сот пен прокуратура жұмысын оңтайландыру тетіктерін іздеді, мемлекеттегі құқықтық жүйе­нің әділеттілігіне халықтың сенімін нығайтуға тырысты. Бұл бағытта атқарған шаруаларының бәрін жіпке тізбей-ақ, негізгі екеуіне тоқталсақ жеткілікті болар. Біріншісі – елімізде «Прокуратура туралы» заңның қабылдануы. Сол заң жобасының дайындалу барысын қадағалап, Парламентке жеткізу жұмыстарына басшылық еткен Бас прокурор Мақсұт Нәрікбаев еді. Аталмыш заң әлі күнге дейін қолданылып, жүйелілігі мен әділеттілігін дәлелдеп келеді. Екіншісі – 1995 жылы «Сот жүйесі және судья мәртебесі туралы» ҚР Заң жобасының Парламентте кең қолдау тауып, қолданысқа енуі. Бұл құжаттың дайындалуына жетекшілік еткен де Мақсұт Сұлтанұлы еді. ҚР Әділет вице-министрі Бақыт­жан Әбдірайымов ҚР Жоғарғы сот Кеңесінде, М.Нәрікбаевтың қол астында қызмет еткен жылдарын еске алып: – Мақсұт Сұлтанұлы енгізген тәжірибелер еліміздің сот жүйесінде әлі күнге дейін қолданылып келеді. Ол тәуелсіздіктің алғашқы жылдары, сот жүйесі енді-енді аяғынан тік тұрып келе жатқан кезеңде Жоғарғы соттың тізгінін қолға алды. Соттардың тәуелсіздігін күшейту мәселесін оңтайландыруға көп бас қатырды. Бір күні мені шақырып алып: «Бақытжан, сен жассың ғой. Осы мәселені жан-жақты зертте, шетелдік тәжірибелерді саралап көр. Мүмкін бізге судьялар қауымдастығын құру керек шығар», –деді. Көп ұзамай Мақсұт Сұлтанұлының бастамасымен елімізде Судьялар одағы құрылды. Қазіргі таңда бұл – Қазақстан сот жүйесінің іргелі органы, – дейді. Вице-министр профессордың іскерлігі мен шебер ұйымдас­тырушылығынан бөлек, қарапайым­дылығы да әріптестеріне үлгі болғанын айтады: «Мен төра­ға емеспін, мен сендердің ортала­рыңдағы аға судьямын дейтін. Мақсұт Сұлтанұлы бізге, Жоғарғы соттың судьяларына: «Атқарып жүрген қызметтеріңді ғылыми жұмыспен сабақтастырыңдар», – деп үнемі ескертіп отыратын. Жастарға жол ашып, ғылымға ден қоюға мүмкіндік берді. Мүмкіндік емес, тіпті талап етті. Соның арқасында, мен Ресейге барып, докторлық диссертациям­ды қорғадым», – дейді Бақытжан Әбдірайымов.

«АТУ ЖАЗАСЫН ҚОЛДАЙМЫН»

Мақсұт Нәрікбаев жоғарғы сот төрағасы болып қызмет атқарған кезінде өлім жазасын қолдайтынын талай мәрте айтқан, әлі де райынан қайтқан жоқ. Себебін сұрағандарға: «Өлім жазасын алып тастаған жоқпыз, заңымызда әлі де бар. Тек мораторий жарияланды. Бірақ мен бұған қарсымын. Бір емес бірнеше адамның өмірін қиған жауыздарға ең лайықты жаза – ату жазасы. АҚШ-тың 50 штатының 36-сында бұл жаза әлі күнге дейін қолданылады. Өлім жазасын өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасына алмастыруға әу баста қарсы шыққам, көзқарасым өзгерген жоқ», – депті профессор. Адамның құқығы мен міндет­терін жан-жақты зерттеген Мақсұт Сұлтанұлы қазақтың заңдары мен қаулы-қарарлары өз бастауын халқымыздың әдет-ғұрпы пен салт-дәстүрінен алатынын айтады: – Біз кішкентай күнімізде қол қойылып, мөр басылған заңның бар екенін білмесек те, тәртіп пен талапқа бағыну керек екенін іштей түйсінеміз. Қазақтың әдет-ғұрыптары мен адамгершілік қағидаттарының өзі соған үндейді. Үлкенге қарсы шықпау, алдын кеспеу, ата-ананың айтқанын бұлжытпай орындау сияқты қарапайым қағидалардың өзі – жазылмаған заң. Сондықтан еліміздің құқықтық жүйесінің осал болуы мүмкін емес. Біз тәуелсіздігімізді жариялай салысымен ядролық қарудан бас тарттық, бейбітшілікті, татулықты қолдайтынымызды білдірдік. Әділетті қарумен қорқыту, күш көрсету арқылы орнатам дейтіндердің күні не болғанын көріп отырмыз. Еліміздің саясаты көпке үлгі болуға тұрарлық, – дейді М.Нәрікбаев.

«ҒЫЛЫМ ТАППАЙ МАҚТАНБА»

Ол әділеттің ақ жолын ұстанған тура билердің ұстанымдарын жаңа заманға сай ұстартып, қоғам мүддесіне қарай құрылымдауға өлшеусіз үлес қосты. Ғылымнан еш уақытта қол үзген жоқ. Ұзақ жылғы ізденістің нәтижесінде 1997 жылы РФ ІІМ Академиясының диссертациялық кеңесінде заң ғылымдарының докторы, профессор У.С. Жекебаевтың жетекшілігімен «Қазақстан Респуб­ликасындағы балалық шақты қылмыстық-құқықтық қорғау» тақырыбында докторлық диссерта­циясын сәтті қорғап шықты. Заң ғылымдарының докторы Мақ­сұт Нәрікбаев Н.Дулатбекова, С.Жалы­бина, К.Карбузова, Г.Өте­баева, Г.Мәуленова, А.Ещанова сынды ғалымдардың докторлық дисертация­ларына жетекшілік етті. Ел азаматтарының құқықтық сауаттылығын арттыру, сала маман­дарының білім-білігін жетілдіру мақсатында қазақ және орыс тілде­рінде «Подросток и закон», «Дорога к правосудию», «Правовая охрана детства», «Ұлы билерімізден жоғарғы сотқа дейін» «Тұғыры бepiк туған ел», «Бақыттың қиын баспалдақтары», «Ұлы тарихпен бетпе-бет» атты бірнеше кітап жазды. Қазақстанның құқықтық қалыптасуына және мемлекеттілігін нығайтуға бұқаралық ақпарат құралдары арқылы да өзінің елеулі үлесін қосты. Республикалық басылымдарда Мақсұт Сұлтанұлының 150-ден астам ғылыми, саяси мақалалары жарық көрді. Қажырлы еңбек елеусіз қалған жоқ. Мақсұт Нәрікбаев 2000 жылы «Парасат», 2005 жылы 2-дәрежедегі «Барыс» ордендерімен марапатталса, 2010 жылы «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері» мәртебелі атағын иеленді. Сондай-ақ, ол ҚР Білім және ғылым министрлігінің «ҚР Құрметті білім қызметкері» және «Ғылым дамуындағы ерең еңбегі үшін» төсбелгілерімен марапатталған. 2007 жылы қазан айында Ресей Жаратылыстану академиясы Президиумы шешімімен профессор «Білім және ғылымға еңбек сіңірген қайраткер» Құр­метті атағына лайықты деп танылды. Мақсұт Сұлтанұлы Халықаралық «Сократ» сыйлығының иегері екенін біреу білсе, біреу білмес. Ұлыбританияның Окс­форд қаласында тапсырылатын бұл марапат кәсіби салада қол жеткізген жоғары жетістіктердің халықаралық дәрежеде мойындал­ғанын білдіреді.

ЖАНЫ ЖАҢАШЫЛДЫҚҚА ЖАҚЫН

Мақсұт Нәрікбаевтың жылдар бойы жинаған білімі мен тәжірибесі Қазақ гуманитарлық заң университетінің басшылығына келгенде де көптің игілігіне жұмсалды. Ректордың 2000 жылдың 28 шілдесінен бүгінгі күнге дейін аталмыш университетте табан аудармай қызмет етіп келе жатқаны оған деген құрмет пен сенімнің жоғарылығын көрсетсе керек. Жоғарғы білікті заңгерлер даярлау міндетін абыроймен атқарып келе жатқан оқу ордасы бүгінде еліміздің маңдайалды университеттерінің біріне айналды. 2008 жылы Мақсұт Сұл­тан­­ұлының бастамасымен Ас­та­наның сол жағалауында ҚазГЗУ-дың жаңа оқу ғимараты бой көтерген болатын. Ашылу рәсіміне Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың арнайы келіп қатысқаны есте. Профессор университет өміріндегі сол қуанышты күнді еске алып: «2008 жылы университеттің жаңа ғимаратын салып бітірдік. Ғимараттың тұғыры мықты болып, талай буынның студенттеріне қызмет етуіне айрықша мән берілді. Құрылыс компаниясының қызметкерлерінен: «Неше жылға кепілдік бересіңдер?», – деп сұрадым. Сонда олар: «Мақсұт Сұлтанұлы, қам жемеңіз, ең кемі 300 жыл қызмет етеді» деген еді. 300 жылдан кейін осы университетте білім алатын ұрпақ «бұл ғимаратты Мақсұт Нәрікбаев деген бабамыз салдырған екен» десе болғаны», – дейді қалжыңдап. Оның жаны жаңашылдыққа жақын. Содан қанаттанып, жаңа қуат табатындай. 13 немеренің атасы жетпістің бесеуіне келсе де, серілікті серік етуден танбаған. Қолы қалт етсе, музыка жазғанды, кең тыныстап ән салғанды ұнатады. Бір кездегі суретші болу арманы орындалмаса да қылқаламнан жерімеген, бояуы мен кенебінен жырақтамаған. Профессордың жанына жас күнінен жолдас болған тағы бір сенімді серігі бар. Ол – спорт. Үнемі ойдың құрсауында жүретін Мақсұт Сұлтанұлы үш жағдайда ғана өзін еркін сезіне алады екен: сурет салғанда, тау шаңғысын тепкенде және терең суға сүңгігенде. Шаңғыға құмар еткені үшін көршісіне ризашылығы шексіз. «Бір күні көршімнің көліктен түсіп, жүк салғыштан шана мен шаңғыларды түсіріп жатқанын көріп: «Қайдан қайттыңдар?» деп сұрадым. Отбасымен бірге Шымбұлақтан келе жатқан беттері екен. Көршіме қызығып, сол күні кіші ұлым Қанатты ертіп, Шымбұлаққа тарттым. Бірінші күні шаңғыны тепкенімізден құлағанымыз көп болды, есесіне екінші күні сол жерге тағы бардық», – дейді мықты денсаулықтың кепілін спорттан тапқан азамат. Ол тура 60-қа толған ша­ғын­да дайвингті меңгерді. Су­дың астындағы тіршілікке қызы­ғушылық ертерек тұтанған еді, бірақ түбегейлі бетбұрыс уақыт пен орынға тәуелді болды. Түркияның Антальясына демалысқа барған профессор немерелерімен бірге 5 күн бойы мамандардан сабақ алып, су астына сүңгудің қыр-сырын үйренеді. Жетістігі жастардан кем емес: теңіздің 19 метр тереңдігін 36 минут бойы емін-еркін кезген. Осыдан екі жыл бұрын телеарнаға берген сұхбатының бірінде Мақсұт Сұлтанұлы ендігі үлкен арманы парашютпен секіру екенін айтқан-ды. 74 жасында ол арманына да қол жеткізді. 4000 метр биіктіктен төмен құлдилаған профессор бұл тәуекелге «Мәңгілік ел» ұлттық идеясын қолдау үшін барғанын айтты. Мәңгілік елдің жастарын ерлікке жігерлендіріп, кемелдікке шыңдайтын һәм бірлікке бастайтын осындай азаматтардың бары – елдің бағы.