24 Шілде 2019, 16:31 762 0 Білгенге маржан Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Ассамблея өкілдері Абай өлеңдерін оқыды

Ұлы ақын Абайдың 175 жылдығына орай жолданып жатқан эстафетаны Қазақстан халы Ассамблея өкілдері де іліп әкетті. Басқа ұлт өкілдері Абайдың өлеңін қазақ тілінде оқып, жұрттың алғысына бөленді. Бүгінгі таңда челленджді қолдап, қазақ тілінде ақын өлеңдерін оқыған этнос өкілдерінің саны жүзден асты. 582 әлеу­меттік желі қолдану­шысы Абай Құнанбаев өлең­дерінен үзін­ді оқып, өз парақ­шасына видео салған.

Алматыдағы Достық үйін­­де Қазақстан халқы Ас­сам­­­блеясы төрағасының орын­басары – Прези­дент Әкімшілігі ҚХА хат­шы­­лығының меңгеру­шісі Жансейіт Түймебаев қа­зақтың ұлы ақыны Абай Құнан­баевтың 175 жыл­ды­ғына арналған Абай өлең­дерін оқу эстафетасына қа­тысушылармен кездесті.

Достық үйінде жалғасын тап­қан шара барысында Жансейіт Түймебаев Алматы қалалық «Ахыс­ка» түрік этномәдени бір­лес­тігі төрағасының орынбасары Қазақбай Қасымов бастаған эстафета қатысушыларына Абайдың кітабын сыйлыққа тарту етіп, 37-ші қара сөзін оқыды. Мұны Ассамблея жастары жалғастырып, өлең­дерін жатқа айтты, әнді де салды.

Осы шара аясында ұйғыр халқы тағамдарының фестивалі де өтті. Ұйғыр ұлты өкілдері ән салып, би биледі.

Біз әңгімеге тартқан Парламент Мәжілі­сінің депутаты, Ұйғыр этномә­дени ор­талығының төрағасы Шай­мар­дан Нұрымов: "Абай өлеңдерін республика жұртшылығы болып оқу - үлкен тәрбие. Бәріміз де Абай өлеңдерін оқып, сусындап өстік. Абайды бұл арқылы бүкіл әлем жұрты танып жатыр. Бұл эстафета ұлы ақынның мерейтойына дейін жалғасады деп ойлаймын" деді.

Соңғы жаңалықтар