Жаңалықтар

Сенат депутаттарының ауылға сапары

ашық дереккөзі

Сенат депутаттарының ауылға сапары

Батыс Қазақстан облысында жұмыс бабындағы сапарда жүрген Парламент Сенатының депутаттары Ерболат Мұқаев пен Нариман Төреғалиев Сырым ауданында болып, атаулы әлеуметтік көмекті жаңа үлгіде алып отырған аналармен кездесті. Биыл ауданда атаулы әлеуметтік көмек жаңа үлгі бойынша 469 жанұяға тағайындалған. Кездесуде отбасылардың атынан сөз алған аналар мемлекет тарапынан берілген мүмкіндіктерді балалардың білім алуы, ауладағы өндіріс және тұрғын үй мәселелерін шешу жолында пайдаланып жатқандарын айтты. «Әлеуметтік көмекті қаржылай табыс деп емес, бақуатты өмірге жету жолындағы көмек деп түсіну керек. Қай мәселенің де әлеуметтік әрі құқықтық қыры болады. Жаңа үлгідегі атаулы әлеуметтік көмекті алу барысында да құқықтық мәселелер орын алып жатқаны жасырын емес. Табысын жасыру, көмек тиесілі болуы үшін қасақана ажырасу секілді жайттар бізді қатты алаңдатады. Біз жанұяларда балаларды еңбекке баулуды өтінер едік. Мемлекет үшін ең қауіпті нәрсе – тәрбиеленбеген бала. Балалар ата-анасынан үкіметке арқа сүйей беруді, үнемі біреуден қолдау, демеу күтуді үйренбей, өз беттерімен адамдық жолына түсуді үйренсе екен», – деді сенатор Ерболат Мұқаев.