19 Шілде, 15:18 392 0 Қоғам Túrkistan Gazeti

Жол бойындағы дәретханалар неге мәселеге айналды?

«QazAvtoJol» компаниясы өз тарапынан демалыс алаңдары мен аялдамалардағы дәретхана мәселесін шешу үшін инвестициялық конкурс жариялап отыр.

Аталмыш конкурс жылдың үшінші тоқсанынан бастап жарияланбақ. Бастама иесі – «QazAvtoJol» ұлттық компаниясы.

«Үшінші тоқсанда екі кезеңдік конкурс басталады. Бірінші кезеңде инвесторлар жайлы дәретхананың өз нұсқасын ұсынады. Екінші кезеңде үздік жоба сапасымен бірген күтіп-ұстау шығындарына қарай іріктеледі. Дәретхананы жылыту үшін «жасыл технология» қолдануына да болады. Бұл тұрғыда ешқандай шектеу жоқ. Тіпті жалғыз дәретханамен шектелмей, жанынан сервис орталығын орнатуына да болады. Ең бастысы, күтім шығындары қызмет сапасына сай болуы керек», - дейді компанияның стратегиялық жоспарлау, бизнесті дамыту және ақпараттандыру департаментінің директоры Рустам Исаев.

Ұлттық компанияның басқарма төрағасы Ұлан Әліповтың мәліметіне сүйенсек, конкурста жобасы үздік деп танылған мердігер 7 жыл бойы жолаушыларға қызмет көрсетеді.

«Мердігерлер қазірдің өзінде қызығушылық танытып отыр. Олар өз ақшасына заман талабына сай дәретхана орнатуы керек. Соны жеті жыл бойы өздері күтіп ұстайды. Ал біздің компания күтіп ұстаған шығыны үшін ақы төлейді. Алдын ала есеп бойынша, ондай шығынның көлемі бір дәретханаға айына 500 мың теңге болуы мүмкін», - дейді ол.

Жалпы, 2021 жылға дейін республикалық маңыздағы жолдардың бойынан 304 жайлы дәретхана орнату жоспарланған екен.

«2019-2021 жылдарға деп республикалық жолдардың бойында 304 санитарлық торап орны бекітілген. Оның ішінде 109 орын жаңадан салынып жатқан жолдардың бойынан белгіленді. Қолданыстағы жолдар бойында 195 орын анықталып отыр. Оның бәрін инвесторлар жеке қаражатына орнатуы керек. Жыл басынан бері осы талаптардың барлығын сақтаған 20 сервис нысаны салынды. Жыл соңына дейін олардың қатарын тағы 25 нысан толықтырады», - дейді департамент директоры Рустам Исаев.

Онан өзге Республикалық маңыздағы жолдардың бойында жабдықталған дәретханасы жоқ сервис нысандарының жұмысына тыйым салынуы мүмкін. Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында автомобиль жолдары туралы заңға осындай өзгеріс енгізу ұсынылды.

«QazAvtoJol» ұлттық компаниясының стратегиялық жоспарлау, бизнесті дамыту және ақпараттандыру департаментінің директоры Рустам Исаев соңғы кезде жол бойындағы сервис нысандарына қойылатын талаптардың қатаңдатылғанын айтады.

«Соңғы екі жылда ұлттық стандартқа сәйкес келетін жол бойындағы сервис нысандарының саны 33 пайыздан 47 пайызға өсті. Бүгінде республикалық және халықаралық жолдар бойында 1819 сервис нысаны қызмет етеді. Соның тек 850-інде ғана жабдықталған жайлы дәретхана бар. 2018 жылы 12 павильон қойылған болатын.

«ҚазАвтожол» бақылауына қарайтын жолдарда 23 жабдықталған дәретхана, 880 жылытылмайтын дәретхана бар. Оның 411-і демалыс базаларының аумағында, 469-ы негізгі жол бойында тұр», - дейді ұлттық компания өкілі.

Рустам Исаевтың айтуына қарағанда, жол бойындағы сервистің сапасын реттейтін ұлттық стандартта дәретханаға қатысты нақты талаптардың болмауы сервси нысандарын босаңсытып отыр.

«Қолданыстағы талаптар жол бойында салқын дәретханалар қоюды шектемейді. Ұлттық стандартта міндетті талап болмағандықтан, сервис орталықтары жабдықталған жайлы дәретхана орнатпайды. Автомобиль жолдары туралы заңға өзгерістер енгізілмек. Заң жобасы қазір талқыланып жатыр. Сервис иелері абаттанған дәретхана орнатпаса, оларды жол бойында кәсіп ашуға жібермеу туралы ұсыныстар түсті»,- дейді департамент директоры.

 

Соңғы жаңалықтар