Рухани жаңғырудың екінші жылы
Рухани жаңғырудың екінші жылы
Еліміздің Тұңғыш президенті, Елбасымыз Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы жарияланып, қоғамда қызу талқыланып келе жатқанына екінші жыл. Онда қоғамдық сананы жаңғыртудың нақты бағыттары айқындалып, ұлттық деңгейдегі ауқымды жобаға айналды. Оны қазақстандық қоғамның қазіргі және алдағы ұзақ мерзімді перспективасындағы идеологиялық платформа десе де болады. Өйткені қоғамдық сананы жаңғырту ортақ әлеуметтік қажеттілікпен тығыз байланысты. Қазақстан азаматтарының қоғамдық санасының мазмұны олардың мүдделері мен идеяларына, құндылықтарына байланысты болғандықтан, мәдениет, мінез-құлық, салт-дәстүр, ғылым мен білім, адамгершілігін қоса алғандағы рухани негіздерден бастау алады. Осы ретте бәсекеге қабілеттілік, прагматизм, ұлттық бірегейлікті сақтау, ғылым-білімнің салтанат құруы, эволюциялық даму мен сананың ашықтығы өзіміз өмір сүріп отырған ғасырдағы ұлттық сананы жаңғыртудың басты бағытына айналып отыр. Сонымен қатар ҚР президенті жанынан құрылған Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі Ұлттық комиссия екі жылдан бері атқарылған іс-шараларды бақылап, бірнеше бағыт-бағдар ұсынған еді.
«Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 оқулық», «Туған жер», «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы», «Жаһандағы қазақстандық мәдениет», «Қазақстандық 100 жаңа есім» сынды бағдарламалар бойынша көптеген шаралар өз нәтижелерін берді. Әсіресе, «Қазақстандық 100 жаңа есім» – «Рухани жаңғырудың» шын мәніндегі ауқымды жобасына айналды десек, артық айтқандық болмас. Қоғамдағы әр саланың көрнекті тұлғалары, яғни Тәуелсіздік жылдарында әр сала бойынша табысқа жеткен, елге танымал болған өз ісінің шеберлері анықталып, одан сайын танымалдана түсті. Олардың іс-тәжірибелері алыс-жақын шетелдік кәсіпкерлерді де қызықтыра түскені анық.
«Рухани жаңғырудағы» баса назар аударатын екі бағыт, ол – ұлттық код пен ұлттық мәдениет екені мақалада баса айтылғандықтан, бұл екеуі сақталмаса ешқашан рухани жаңғыру да болмайтыны да белгілі жағдаят. Сондықтан да «Рухани жаңғыру» бағдарламасын насихаттау мен оны жүзеге асыру жұмысына барлық азаматтық қоғам өкілдерінің атсалысуы заңдылық. Бұл ретте еліміздің, мемлекетіміздің болашағы үшін алдағы уақытта да бағдарламалық бағыт-бағдармен жұмыс істей беру мақсаты тұғырдан түспеуі қажет.
Т. Мирманова