Жаңалықтар

«Қазағым, қайталанбайтын ғажабым»

ашық дереккөзі

«Қазағым, қайталанбайтын ғажабым»

Жазушы-драматург Әділбек Тауасаров жайлы сыр-сұхбат Қазақ мәдениеті мен әдебиетінің, әсіресе, қазақ драматургиясының тарихында өшпес із қалдырған сол бір азаматты сағына еске алатындар баршылық. Талантты, дарындылығымен қоса жаратылысынан ақжарылқап көңіл-күйдің адамы мына жарық дүниеден елуден енді ғана асқан шағында мәңгілікке кете барды. Содан бері де талай жылдардың жүзі болыпты. Жақсы араластығымыз болмаса да арагідік қаланың оңтүстік бөлігіне қарай ағылып жататын автобустарда жиі көріп, бас изесіп қана амандасатынбыз. Ол да мейірімді бір жылы жүзбен жарқылдап қалатын-ды.  Мың тоғыз жүз алпыс сегізінші жылғы Қазақ Ұлттық университеті журналистика факультетінің түлектері – көрнекті сын­шы, мемлекет қайраткері Сағат Әшімбаев, Сайлаубек Жұмабеков, жазушы Смағұл Елубаев, ақын әрі аудармашы Бек­ділдә Алдамжаров, жазушы Алдан Смайыл, Әшірбек Көпішев, әдебиет зерт­теушісі Алма Қыраубаева, белгілі ақын әрі драматург Нұрлан аға Оразалиндер сынды қазақтың зиялы тобының ішінде ол кісінің де аты-жөні ерекше аталар еді... Бүгінде жемқорлықпен жаппай күрес жүріп жатқан кезде, жең ұшынан жал­ғасып, тамыр-таныстықтың өршіп тұрған кезінде бір ғана «Махаббат ара­лы­мен-ақ» сол заманның зарын қағазға түсі­ріп қана қоймай, көпшілік көңілінен шы­ғатын сахналық дүние қалдырған дра­ма­тургтің ғұмыр жасы қысқа бол­ғанымен, өміршең шығармашылығы ескіре қойған жоқ. «Махаббат аралы» деген атауға қарап, кө­рер­мен жастық шақтың желігі, албырт сезімі жайлы спектакль деп ойлап қалуы мүм­кін. Жо-жоқ, бұл психологиялық драма. Спектакльде үш-ақ актер ойнайды, үшеуі де бас кейіпкер. Орманшы, атақты дәрі­гер-де­пу­тат және оның жас тоқалы. Оқиға олардың ор­манға саяхаттап келуінен басталады. Таудан аққан мөлдір бұлақ, салқын таза ауа, көркем табиғат. Алайда омыртқасы ауырған дәрігер жүре алмай қалады. Орман ішінде жалғыздан жалғыз қалған жұ­бай­ларға орманшы көмекке келеді. Әрине, тегін емес. Ақыр соңында әбден қалтасы қағылған дәрігер орман­шы­ға дәрі-дәрмек үшін тоқалын айыр­бас­тауға келіседі. Ал орманшы – опасыз емес. Кезінде өлім аузында жатқан әйелін аман алып қалу үшін қыруар ақша талап еткен арсыз дәрігерден өш алу, дәрігердің сол кездегі ашкөздігін кешіре алмауынан туған өш алу, кек қайтару ғана еді. Байлық пен жоқшылық, махаббат пен сатқындық, адалдық пен арамдық... осылай жемқор­лық­тың қауіпті қылмыс екенін сахналайды. ОЛ – қазақтың дарынды драма­тург-ақыны Әділбек Тауасаров шы­ғар­машылығының желісі әрі жемісі болатын. Әдеттегі үрдісімізді жал­ғас­тырып, ақын жарымен сұхбат­тасуды жөн санадық.