Жаңалықтар

Берік Әбдіғалиұлы: Саяси реформалардың қажеттілігін көтеру керек

ашық дереккөзі

Берік Әбдіғалиұлы: Саяси реформалардың қажеттілігін көтеру керек

Жаңадан құрылған Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі саяси қоғамдағы ең өзекті мәселелер бойынша ұсыныстар беруі тиіс. «Киелі Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығының басшысы, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Берік Әбдіғалиұлы осылай дейді. «Ұлттық кеңес құру Президенттің сайлауалды платформасында көрсетілген. Бір жағынан қоғамдағы түрлі пікірлерді ескеріп, соған ұсыныстарды жинау болса, екінші жағынан негізгі диалогтық алаң жасау, мамандармен, сарапшылармен ақылдасу бойынша құрылады деген жоспар бар. Оның құрамында қоғамдық пікірді қалыптастырып жүрген қайраткерлер, журналистер, блогерлер, саясаткерлер бар. Меніңше бұл да бір Президент жанындағы консультативті-кеңесші орган ретінде саяси реформалар, әлеуметтік, экономикалық жағдайларға байланысты қажетті және еліміздің дамуына маңызды ұсыныстар беріп отыруы тиіс», – деді Берік Әбдіғалиұлы. Президент Әкімшілігінде арнайы талдау жүргізіліп, Ұлттық кеңестің 41 мүшесі іріктеліп алынған. Олар жылына кем дегенде үш рет жиналып, өзекті мәселелерді талқылауы тиіс. «Жеке өзім руханият, ұлттың дамуы, жергілікті мемлекеттік басқару, оның ішінде ауыл мәселесі, әкімдердің жұмысы, өңірлік саясатына байланысты тәжірибем мен ұсыныстарымды бөлісемін деп ойлаймын. Саяси реформалардың қажеттілігін, либералдық принциптерді іске асыруға қажеттілігін көтеруіміз керек», - деді Б.Әбдіғалиұлы.