Ұлттық кеңес құрамы қалай жасақталғаны белгілі болды
Ұлттық кеңес құрамы қалай жасақталғаны белгілі болды
Орталық коммуникациялар қызметінде Ұлттық қоғамдық кеңестің мүшелері ұйымның алдына қойылып отырған міндеттер туралы мәлім етті.
ҚР Президентінің Кеңесшісі, Ұлттық қоғамдық кеңестің хатшысы Ерлан Қарин Ұлттық кеңестің ҚР Президенті жанындағы консультативті кеңесші орган болатынын айтты.
«Кеңестің негізгі мақсаты – жұртшылықтың, саяси партиялардың азаматтық қоғам өкілдерінің қатысуымен мемлекеттік саясатқа қатысты өзекті, маңызды мәселелерге қатысты ұсынымдарды тұжырымдау. Негізгі міндеттері - мемлекеттік бағдарламалар мен нормативтік-құқықтық актілердің жобаларына қоғамдық сараптама жүргізу және жұртшылықтың, азаматтық қоғамның пікірін ескере отырып, маңызды проблемаларды талқылау. Жұртшылықтың, саяси партиялардың, үкіметтік емес сектор мен мемлекеттік органдар өкілдері арасында сындарлы диалогты қамтамасыз ету. Ұлттық кеңестің төрағасы Президенттің өзі болып табылады», - деді Ерлан Қарин.
Кеңес хатшысы ұйымның құрамына саяси партиялар, қоғамдық ұйымдар өкілдері кіргенін айтады.
«Кеңестің құрамын анықтау үшін соңғы бір айда консултациялар өткізілген болатын. Сол консултацияларда айтылған пікірлерді жүйелеп, осындай шешімге келдік. Қоғам белсенділері мынандай тәртіпке сәйкес іріктелді. Ұзақ уақыт бойы қоғамдық маңызы бар мәселелерді тұрақты көтеріп жүрген белсенділер, нақты бір сала бойынша шұғылданып жүрген кәсіби мамандар кеңеске кірді. Олар қоғамның барлық саласынан іріктелді. Саяси-қоғамдық алаңдардың, түрлі саяси күштердің өкілдерін тартуға тырыстық. Ескі оппозиция өкілдері де, жаңа қалыптасып келе жатқан қарсы топтардың өкілдері де бар», - деді ол.
Еске салсақ, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елордадағы ұлықтау рәсімінде Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құру керектігі туралы алғаш айтқан болатын.