Қоғамдық ахуалдың оңалмай тұрғанын танытатын кесел

Қоғамдық ахуалдың оңалмай тұрғанын танытатын кесел

Қоғамдық ахуалдың оңалмай тұрғанын танытатын кесел
ашық дереккөзі

Жұмыстан шығып, әдеттегідей №65-бағыттағы автобусқа міндім. Кенет көлік ішіндегі сыбыр-күбірді жан ұшыра айғайлаған қыздың ащы даусы сап тыйды. «Телефоным, телефоным...» деп шырылдаған жолаушыға жалт қарастық. Бәріміз жалма-жан қалтамызды тексеріп, өз заттарымыздың амандығына көз жеткіздік. Арамыздан күдіктіні іздеуге кіріскен белсенділер де табылды. Ұрлықтың құрбаны болған қыздың өтініші бойынша кондуктор автобустан ешкімді түсірмей, әр жолаушының қалтасын, сөмкесін тексеріп шықты. Соңғы үлгідегі «Айфон» ұшты-күйлі жоқ.

Мұндай оқиғалар қоғамдық көлікте екі күннің бірінде болып жатады. Әсіресе, кондуктордың қызметін валидатор алмастыра қоймаған ескі автобустарда жиі орын алады. Сондықтан кондуктор, жүргізуші, ұры үштағаны ұрлықты сыбайласып жасайды деген пікір орныққалы қашан. Бірақ автобуста әмияны, ұялы телефоны қолды болғандар оның табылатынына күмәнданып, полицияға шағымдана бермейді. Керегін алған ұры келесі аялдамадан түсіп қалады да, ізін суытады. Бейнебақылау камералары ескі автобустар тұрмақ, жаңаларында да ілуде біреу. Қылмысты ашуға мүмкіндік беретін айғақ болмаған соң, жолаушылар тәртіп сақшыларына шағымдануды басы артық жұмыс көретіні жасырын емес. Полицейлер қоғамдық көліктегі ұрыларды ұстапты деген ақпарат құлаққа таңсық естілетіні сондықтан.

Мәселен, өткен айда Көкшетауда қоғамдық көлікте ұялы телефон ұрлаған қостанайлық ұсталды. Полицейлердің мәліметі бойынша құқық қорғау органдарына жергілікті тұрғын, 1988 жылғы азаматша хабарласып, қоғамдық көліктің ішінде белгісіз біреудің оның қалтасындағы «Самсунг-Галакси» ұялы телефонын ұрлап кеткенін айтып шағымданған. Баукеспе оған 75 мың теңге шығын келтірген. Жедел-іздестіру шарасы барысында 1980 жылы туған Қостанай қаласының тұрғыны қолға түсті. Оның бұрын сотты болғаны белгілі болды. Ұялы телефонды үптеп кеткен ұрының үстінен ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабының 2-бөлімі (ұрлық) бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Жуырда осындай қылмысты бейнебақылау камерасының көмегімен елордалық полицейлер де ашты. 300 мың теңге тұратын ұялы телефонын автобуста ұрлатып алған 25 жастағы тұрғын дереу тәртіп сақшыларына хабарласқан. ЖБО бейнебақылау таспаларының арқасында полиция қызметкерлері 22 жастағы азамат Д-ны ізін суытпай ұстады.

Елордалық ұрылар көш бастап тұр

Қоғамдық орындарда, көшеде жасалатын ұсақ қылмыстардың саны соңғы жылдары 17 пайызға артқан. Бұл – елімізде жасалатын барлық заң бұзушылықтардың үштен бір бөлігі. Қылмыс саны жөнінен, әсіресе ұрлық-қарлық көрсеткіші бойынша республикамызда Астана қаласы көш бастап келеді. Өткен жылы ҚР Бас прокуратурасында өткен Заңдылықты қамтамасыз ету, құқықтық тәртіп және қылмыспен күрес жөніндегі Үйлестіру кеңесінің отырысында келтірілген деректерге сүйенсек, елорда көшелерінде, қоғамдық орындарда жасалатын қылмыстар саны 87 пайызға өскен. Бұл – республика бойынша ең нашар көрсеткіш.

Бас прокурор Асхат Дауылбаевтың айтуынша, Астанада қылмыстық ахуалдың нашар болуына ең алдымен ішкі көші-қонның бейберекеттігі себеп. «Барлық қылмыстардың жартысынан астамын өзге өңірлерден келушілер жасайды», – деді Дауылбаев. Бас прокурордың бұл сөзін Астананың сол кездегі әкімі Иманғали Тасмағамбетов те растаған болатын: «Астана бүгінгі күні республика аумағында көші-қон ағыны ең қарқынды орын алып отырған бірден бір қала. Бас қала болғаннан кейін ел халқының елордаға ұмтылуы да түсінікті. Дегенмен, қала халқы санының өсуі көптеген әлеуметтік проблемаларды тудырып отыр. Соның ішінде қылмыс мәселесі аса өзекті. Біздегі деректер бойынша қылмыстық оқиғалардың дені сырттан келгендердің үлесіне тиеді», – деді ол.

Иманғали Тасмағамбетов көші-қонның қарқын алу салдарынан туындаған өзге де жағымсыз факторларды санамалап берген: «Біріншіден, елордаға келген азаматтардың басым бөлігі материалдық та, әлеуметтік базаға да ие емес. Қажетті біліктіліктің жоқтығынан оларға жұмыс табу оңайға соқпайды. Жұмыс тапса да, оның жалақысы мардымды болмайтыны айқын. Өз кезегінде мұндай мәселе мигранттарды ұсақ қылмыстар жасауға итермелейді. Сараптауларға сүйенсек, сырттан келгендердің үлесіне тиетін орташа және аса ауыр емес қылмыстар көрсеткіші Астанада жасалатын қылмыстардың 90 пайызын құрайды. Мәселен, елордадағы қылмыстардың көрсеткішінде ұрлық жалпы статистиканың 56,9 пайызын құрайды және бұл әрбір екінші қылмыстың ұрлықпен байланысты екенін білдіреді. Ал 2009 жылға дейін жыл сайын Астана қаласында 1,5 мың ұрлық қылмысы тіркеліп келген болса, 2012 жылы бұлардың саны 14 мыңға жетіп отыр. Әрине, екі-үш жыл ішінде қалаға тұруға келгендердің басым бөлігі баукеспе, қылмыскер болып кеткен жоқ. Осының өзі көші-қон үдерісінің елордаға тигізіп жатқан «ықпалын» аңғартады».

Өрістегі малға көз тіккендер көп

Елордада тәртіп бұзушылықтың көбеюі көші-қон үдерісінің салдарынан туындады делік, ал сыртқы көш тасқынынан оқшау тұрған өзге өңірлерде ұрлық санының артуын немен түсіндіреміз? Мәселен, Қызылорда облысының Қазалы, Қармақшы, Шиелі, Жаңақорған аудандары мен Байқоңыр қаласында жыл басынан бері өзгенің меншігіп үптеп кету деректері жиілеген. Облыстық прокуратураның баспасөз қызметі хабарлағандай, 2015 жылдың 9 айында Қызылорда облысында 9950 қылмыстық құқықбұзушылық тіркелген. Оның 4784-і немесе 48 пайызы – ұрлық. Бұл өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 220-ға немесе 4,8 пайызға артық. 9 ай ішінде өңірде ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабының 2-бөлімі, яғни ұрлық жасау фактісі бойынша 267 адамға қатысты 196 қылмыстық іс қаралып, 74 адам бас бостандығынан айырылған.

Ұрлық-қарлық деп ортақ айдар тағылған қылмыстардың ішінде ерекше дендеген екі түрін атап көрсетуге тиіспіз: бірі пәтер тонау болса, екіншісі – мал ұрлығы. Мамандар қолды болған малдың көбі өрістен жоғалатынын алға тартуда. Яғни қылмыскерлер түліктердің жайылымда қараусыз жүргенін пайдаланады. Мысалы, Сыр өңірінде жыл басынан бері тіркелген 693 мал ұрлығының 537-і, немесе 77,5 пайызы өрісте болған. Малды өткізетін, етін қабылдайтын және соятын орындар қызметіне тиісті бақылаудың жоқтығы бұл қылмыстың тыйылуына мүмкіндік бермей отыр.

Қызылордада қазан айының 20-22 күндері аралығында «Соғым» жедел профилактикалық іс-шарасы жүргізілген болатын Үш күнге жалғасқан жедел-профилактикалық шараға арнайы жұмыс тобы құрылып, ішкі істер органдарының барлық бөліністері мен қызмет салаларынан 330 күш-құрал жұмылдырылды. Шараның 3 күндік жұмысының нәтижесінде 6 мал ұрлығының беті ашылып, 2 адамнан тұратын қылмыстық топ құрықталды. Сонымен қатар, операция кезінде бұрын жасалған бірнеше қылмыстық фактілер ашылған. Атап айтсақ, 2014 жылдың тамыз айының 3-5 күндері аралығында Жаңақорған ауданы, Төменарық ауылының тұрғыны өрісте жайылып жүрген 1 бас сиыры ұрланып, жалпы құны 100 мың теңге көлемінде залал келтіргендігі жайлы арызданған болатын. Дәл осындай дерек 2014 жылғы қыркүйек айының 9 күні де орын алған. Жаңақорған ауданы, Төменарық ауылы тұрғыны өрісте жайылып жүрген құны 50 мың теңге тұратын баспағының ұрланғанын хабарлаған. Осы екі дерек бойынша жедел іздестіру жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде 1985 жылы туылған ауыл тұрғыны ұсталды. Оның бұдан бөлек 6 мал ұрлығы қылмысын жасағандығы белгілі болды.

Ақмола облысында да мал ұрлығына тыйым болмай тұр. Жыл басынан бері аймақ полицейлері ұрылар қолды қылмақ болған 3 мыңнан астам малды өз иелеріне қайтарған. Осыған байланысты 143 қылмыстық іс қозғалып, кінәлілер жазасын алды. Қазір өңірде тәртіп сақшылары жолдағы барлық жүк көліктерін тексеруде. Полицейлердің айтуынша, ұрылар малды жайылым басынан айдап әкетіп, оларды көліктермен маңайдағы аймақтарға сатуға жібереді екен. Ал кейбірі тіпті малды далада жүрген жерінен бауыздап, етін базарларға өткізуге алып баратын көрінеді. Жақында ғана дәл осындай әрекетке барған Астана қаласының 4 тұрғыны құрықталған. «Қолға алынған шаралардың арқасында мал ұрлығына қатысты қылмысты ашу көрсеткіші өткен жылға қарағанда 7-ден 44 пайызға дейін көтерілді. Деректердің ішіндегі ең ірісі Целиноград ауданында тіркелді. Онда ұрылар 140 бас малды құрылыс аумағына қамап, сол жерден жан-жаққа сатып жібермек болған», – дейді  облыстық ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі Гүлнәр Пинчук.

Ал көктемде Алматы облысында мал ұрлауды ғана емес, біреудің түлігімен суретке түсуді де әдетке айналдырған екі ер адам ұсталды. Бірі – Қазақстанның 1989 жылы туған азаматы және 1977 жылы дүниеге келген қырғызстандық. Күдіктілер айланы бірнеше жыл бойы ойластырған. Сол уақыттан бері олар фермерлердің 31 жылқысын айдап әкеткен. Қолды болған малдың ішінде Ақалтеке тұқымды екі жылқы және 14 сиыр бар. Зардап шеккендерге жалпы 10 миллион теңге көлемінде шығын келтірілген.

«Тергеу кезінде айдап әкетілген малдың бауыздалған жері табылды. Еттері Алматыдағы базарларда сатылып жүрген. Куәгерлердің айтқан сөздерімен қатар, тергеушілердің заттай айғақтары да бар. Бұл айғақтар ұсталғандардың бұл қылмысқа қатысы бар екенін дәлелдейді. Ең сорақысы, олар ұрланған жылқылармен бірге селфи жасаған», – дейді Алматы облыстық ІІД баспасөз өкілі Көбейхан Нұрахмет.

Пәтер ұрлығы өршіп барады

Батыс Қазақстан облысының баукеспелері пәтер тонау көрсеткіші бойынша көш бастап тұр. Аймақта соңғы төрт айда 469 пәтер, 53 гараж тонау, 219 көліктен бұйым ұрлау фактісі тіркелген. Тәртіп сақшыларының айтуынша, пәтерге сұғын кіретін әккілер ешуақытта жалғыз әрекет етпейді. Олар жымысқы ойларын әдетте сыбайласып, топ болып жүзеге асырады әрі жіті ойластырылған жоспар бойынша қимылдайды. Еліміздің бірнеше қаласынан пәтер тонап жүрген қылмыстық топтың бірі тамыз айында Петропавлда кезекті ұрлықтары үстінде құрықталды. Полицейлер оларды 4 ай бойы аңдыған. Астанада ұсталған сыбайластардың бірі нашақор екен. Аса ірі көлемдегі марихуананы шаңсорғыштың ішіне салып әкеліпті. Бұл тауарын елордада саудаламақшы болған. Қалған екі ұры Қызылжардағы үйлерінде ұсталды. Көбіне қымбат бағалы тондарды, ақша мен тұрмыстық техниканы қымқырған қылмыстық топ кез келген құлыпты аша алатын құрылғының көмегімен Астана, Петропавл және Қостанайдағы пәтерлерді тонап келген.

Ал шілде айында астаналық тұрғынның мүлкін тонаған ұрылар пәтерге альпинистерге арналған саймандарды пайдалану арқылы енген. Құқық қорғау органдарының хабарлауынша, «Есіл» аудандық ІІБ-не пәтерінің тоналғанын айтып әйел адам хабарласқан. Полиция қызметкерлері іздестіру шаралары нәтижесінде үш күдіктіні ұстады: Қостанай облысының 24 жастағы екі тұрғыны мен Арқалық қаласының 27 жастағы тұрғыны. «Тұрғын үйді әбден зерттеген әккілер адам тұрмайтын пәтерлерді анықтаған. Өздері көздеген пәтер 13-ші қабатта болған соң олар альпинистердің саймандары арқылы балконға кірген», – дейді ІІД өкілдері. Пәтерге енген ұрылар дәл сол жолмен кері шыққан. Пәтер тонау фактілері көбейіп кеткендіктен полицейлер елорда тұрғындарына үйлерін пультті күзетпен жабдықтауға кеңес беруде. Өйткені бүгінде тіс қаққан ұрыларға бейнебақылау камераларын айналып өту түкке тұрмайды.

Құқық қорғау саласының мамандары экономикалық жағдайдың қиындауына байланысты ұрлық-қарлық көбеймесе, азаймайтынын ескертуде. Әлемдік дағдарыстың етек жаюы салдарынан шет мемлекеттер де суық қолдардың көбейгенін айтып, дабыл қағып отыр. Мысалы, Италияда әр 2 минут сайын бір пәтер тоналады екен. Ұрылар ел бойынша 1 күнде 700-ге жуық үйді үптеп кететін көрінеді. Ірі қалалар арасында пәтер тонау саны бойынша Милан, Флоренция мен Турин алғашқы орында тұр. Жалпы италиялықтардың 30 пайызы ұрлықтың өздері тұратын ауданда міндетті түрде болатынын жоққа шығармайды. Кейбір шағынаудандардың тұрғындары арнайы кезекшілік ұйымдастырып, веб-қауымдастықтар арқылы бір-біріне бөтен адамдар туралы хабар беріп, сақтық жасауға көшіпті. «Экономикалық дағдарыс елді есеңгіретіп, қоғамды қожыратып жіберді. Әсіресе сіңірі шыққан кедей-кепшікке қиын. Қазір адамдар ашынып жүр. Жұмыс жоқ, баспанаға зәру. Ауданымызды сақтауға, адамдарды біріктіруге тырысып жатырмыз. Ұрлықтың алдын алу үшін амал-әрекет жасаған жөн», – дейді аудандық комитеттің төрағасы Паоло Мунци.

Бізге де ұрлық-қарлықпен күресті күшейту керек. Ұрлықты ұсақ қылмыстардың қатарына жатқызатын қазақ баукеспелерге көбіне кешіріммен қарайтыны белгілі. Ал шынтуайтына келгенде, ауыр қылмыс ұсақ тәртіп бұзушылықтардан басталады. Ұрпақ тәрбиесінде ұсақ-түйектің болмайтынын ұмытпаған абзал. Мемлекет басшысы «Қазақстан-2050 Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында қоғамдық тәртіпсіздіктерге нөлдік төзімділікті қалыптастыру, кез келген құқық бұзушылықтардың жазасыз қалмауына, мәдениетсіздік пен бассыздыққа жол бермеуге баса мән беріп, құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне жауапты міндеттер жүктеген болатын. Сұғанақ қол, әккі бастар көбейген қазіргі кезеңде тәртіп сақшыларына қырағылықты, өзгемізге сақтықты еселеу қажеттігілі туып тұр.

Анар ЛЕПЕСОВА