Ақтоты Райымқұлова өнерпаз жастармен кездесті
Ақтоты Райымқұлова өнерпаз жастармен кездесті
ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова халықаралық байқауларда жүлдегер атанған жастармен кездесті.
Кездесуге «Славян базары – 2019» конкурсының жеңімпазы Әділхан Макин мен Украинада өткен «Молодая гиличина-2019» халықаралық ән байқауының бас жүлдесін алған Қуаныш Ерзатұлы және І орын жүлдегерлері Мереке Кенжеғұл мен «Қазақ қыздары» триосы келді.
«Күллі әлемге Ұлы дала елінің өнері мен мәдениетін насихаттап жүрген еңбектеріңізге шексіз алғысымды білдіремін. Қазақтың қоңыр үні халқымыздың маңдайына біткен бағы десем, артық айтқаным емес. Өздеріңіз білесіздер, Әміре Қашаубаев Парижді қалай бағындырса, Димашымыз миллиардтаған халқы бар Қытайды, кейінірек әлемді мойындатты. Мінекей, сіздер де дарындарыңызбен көзге түсіп, жүлдемен келіп отырсыздар. Шын жүректен қуаныштымын. Болашақта әлем сахналарында бұдан да қор жетістіктерге жететіндеріңізге сенімдімін», - деді Ақтоты Райымқұлова ҚР Мәдениет және спорт министрлігінде өткен кездесуде.
Сонымен бірге, кездесуде Қазақ ұлттық өнер Т. Жүргенов атындағы өнер академиясының ректоры Асхат Маемиров ҚР Мәдениет және спорт министрлігіне алғыс білдірді.
«Славян базары» - Еуразия кеңістігіндегі беделді орындаушылар байқауы. Төрт жыл бұрын Димаш осы байқаудан қанат қағып ұшты. Қазір әлемді бағындырды. Сіздің де (Ақтоты Райымқұлова - ред.) ана ретінде Әділханға жазған қолдауыңызды жеткізіп жүрдім. Тағы бір айтарым, әнші Тамара Гварцедели бас жүлдені тапсырып жатып, Қазақстанда өнерге, мәдениетке қолдау білдіргені үшін Елбасына алғыс айтты. Әділхан биыл бірінші рет тағайындалған Беларусь президенті Александр Лукашенконың «Славян үміті» сыйлығын жеңіп алды», - деді Асхат Маемиров.
Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының студенті Әділхан Макин «Славян базары-2019» халықаралық фестивалінде Гран-приге ие болды.
Былтыр бұл байқауда қазақстандық Ернар Садырбай жүлделі 1-орын иеленсе, 2015 жылы Димаш Құдайберген тұңғыш рет Гран-при жеңіп алған еді.