Әділхан Макин «Славян базары-2019» байқауының бас жүлдесін иеленді
Әділхан Макин «Славян базары-2019» байқауының бас жүлдесін иеленді
Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының студенті Әділхан Макин «Славян базары-2019» халықаралық фестивалінде Гран-приге ие болды.
Бұл туралы академия ректоры Асхат Маемиров Витебскіден мәлім етті. А.Маемиров Facebook-тегі парақшасында: «Әділхан Макин эстрада өнері факультетінің 4 курсында оқиды. -Еліміздің көк байрағын желбіретіп, мерейімізді тасытқан өнер жеңісі құтты болсын!» – деп жазды.
Осыдан дәл төрт жыл бұрын «Славян базары-2015» халықаралық фестивалінде Димаш Құдайберген тұңғыш рет Гран-приді жеңіп алса, 2018 жылы Ернар Садырбай бірінші жүлдеге ие болған еді. Витебскіде Димаш Құдайберген бағындырған биік биыл Әділxан Макиннің жеңісімен жаңғырды. Екі күн бойы ерекше таланты мен вокалдық мүмкіндіктері үйлесіп, кәсіби орындаушылық деңгейі мен актерлік шеберлігі жарасым тапқан Әділxан Макин - қазылар алқасы мен алты мыңнан астам көрерменнің, оның сыртында тікелей эфирді тамашалаған миллиондаған фестиваль жанкүйерлерінің таңдайын қақтырып, ыстық ықыласына бөленді.