«ABAYbooks» баспа үйі балаларға арналған «Сәлем, Қазақстан!» гид-бояғыштарын таныстырды
«ABAYbooks» баспа үйі балаларға арналған «Сәлем, Қазақстан!» гид-бояғыштарын таныстырды
12 шілде күні «Меломан» кітап дүкендері желісінде «ABAYbooks» баспа үйінің алғашқы өнімі «Сәлем Қазақстан!» бояғыш кітаптарының тұсаукесері өтті. Кітапшаны балалар жазушысы мен психологы Джан Амании, иллюстратор София Филатова және жоба жетекшілері таныстырды.
Бояғыш кітаптың мақсаты-балалардың сәулет, мүсін, өнер және оның түрлері мен қызметтері туралы түсініктерін кеңейту. Сондай-ақ балаларды өз Отанының қалаларының көрікті жерлері туралы иллюстрациялар бойынша тануға үйрету.
«Сәлем Қазақстан!» бояғыш кітаптарының артықшылықтары мен ерекшеліктері туралы жоба жетекшісі әрі редакторы Кәмшат Алибекова айтып өтті.
-Алдымен біздің бояғыштарымыздың басқа бояғыштардан қандай айырмашылықтары бар екенін айтқым келеді. Біріншіден, кітап дүкендерінде жануарлар мен өсімдіктер, ертегі кейіпкерлері мен көліктер бояғыштары өте көп болғандықтан, Қазақстанда алғаш болып қалалардың көрікті жерлеріне арналған бояғыштарды біз жасап шығардық. Әр қаланың өз танымал жерлері бар. Әрбір көрікті орынның қысқаша мазмұны мен қызықты фактілері айтылған. Мұқабасындағы кейіпкерлер де кішкентай балалардың назарына түсетіні анық. Сонымен бірге, бұл бояғыштар кішкентай туристерге гид-көмекші қызметін де атқарады. Мәселен, бір қалаға саяхат жасауды ұйғарсаңыз, кітапшаларға қарай отырып, ол қаланың қай жерлеріне баруға болады, тарихи ескерткіштер, мұражайлар мен театрлар, мешіттердің қай жылы, кімнің бастамасымен салынғанын білуге болады.