Жаңалықтар

Ұлттың жан жарасы

ашық дереккөзі

Ұлттың жан жарасы

Мен сол жылдары Мемлекеттік қауіпсіздік комитетіндегі Интеллигенция, жастар, денсаулық сақтау бөлімінің бастығы едім. 17 желтоқсан күні бөлімнің бірнеше қызметкерлері Алматының Бреж­нев атындағы алаңда болып, жастардың арасында жүріп, түсіндіру жұмыстарымен айналыстық. Ішкі істер бөлімі қызметкерлерінің сорақы әрекеттерін де көзбен көрдік. Сол күні түнде Мәскеуден СССР Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті төрағасының бірінші орынбасары, генерал Филипп Денисович Бабков бастаған 44 адам келді. Келер күні таңертеңнен бастап біздің жұмыс орындарымызға жайғасып, бар билікті өз қолдарына алды. Олар: «Сендер не себептен осы жайды алдын-ала білмедіңдер? Сендер мұны әдейі жасырдыңдар» — деп кінә артып, әсіресе жергілікті ұлт өкілдері мамандарына сенімсіздікпен қарады. Республика Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің төрағасы Виктор Михайлович Мирошник күндіз-түні Геннадий Колбинге информация жинаумен ғана айналысты 17 желтоқсан күні түнде Жеков деген тергеуші екеуміз Ташкент көшесінің бойындағы Ленин аудандық ішкі істер бөліміне бардық. Изолятор бөлмесі ұсталған жастарға толыпты. Бір кезде милиция стар­шинасы үстінде спорттық үлгідегі киі­мі бар бір ұзын бойлы жігітті алып ке­ліп, ұзынша орындыққа отырғызды. Жігіттің басын қан жуып кеткен. Отырғызған бойда ес-түссіз ұзынынан сұ­лады. Қасына барып жүзіне еңкейіп үңілсем, арақ ішпеген екен. Бірақ қатты соққы алған. Артынша жап-жас баланы алып келді. Оныншы класта оқитын болып шықты. Мен әлгі старшинаға: — Әй, әкә, сенің балаң бар ма? Әке-шешең бар ма? Мына шынашақтай баланы мұнда несіне әкелдің, жіберсейші, — дедім. Ол едірейе қарап: — Сендер біздің іске араласпаңдар. Біз тәртіп орнатып жатырмыз. Сондықтан бізге бөгет жасамаңдар. Бұл ұлтшыл, — деді баланы сұқ саусағымен көрсетіп. — Әй, әкә бұл бала ұлтшыл дегеннің не екенін түсінбейді ғой. Сенің өзіңнің есің дұрыс па? — дедім күйініп. Анау көне қоймады. Сәлден соң екі өкпесін қолына алып, баланың әкесі келді. Әлгі старшина сыртқа шығып кеткен екен орыс милиционерге: — Мына баланың әкесі келіп тұр. Босатыңдар, — дедім. Ол аты-жөнін, мекен-жайын жазып алып, темір тордан шығарды да әкесіне қосып жіберді. Содан ертеңіне түнде Одақтық және республикалық ішкі істер министрліктері қарулы күш әскерлерін пайдаланып, алаңдағы жастарға «Метель» операциясын жүргізді. Солай жастардың наразылықтарын аяусыз басты. Мәскеуден Алматы қалалық партия комитетінің бірінші хатшысы болып келген Романов жұмысшылардан құралған жасақшыларды арматура кесінділерімен және кабелдік сымдармен қаруландырып, жастарға қарсы айдап салды. Сол кезде біздің арамызда бұл әрекетке қарсы шыққандар да болды. Өкінішке орай, біздің мансапқорлар оларды қолдады. Алматы қауіпсіздік комитетінің төрағасы генерал Леопольд Александрович Терентьев қазақтарды жақсы көретін және әрдайым болысып отыратын. Өзіміздің қазақ әріптестеріміз жастар наразылығын «ұлтшылдар» деп айыптап жатқанда Леопольд Александрович: — Мұнда ешқандай ұлтшылдықтың белгілері жоқ. Жастар Орталық Комитеттің шешіміне риза  емес. Бар болғаны сол ғана. Бұл жерге саясатты кірістірудің қажеті жоқ, — деген еді. Кейін осы сөзі үшін орнынан алынып, зейнеткерлікке ерте жіберілді. Мәскеуден осында, қызметке ауысып келген генерал Иван Фомич Перевеносов деген болды. Мирошниктің орынбасары еді. Осында жұмыс істеп жатқанына азғантай уақыт болса да өзгелермен тез тіл табысып кетті. Ол анау Мәскеуден келгендердің іс-әрекеттерін қолдамады. Оларға: — Істі шиеленіске апармау керек. Бұл – көп ұлтты мемлекет. Егер бүгін жағдай шиеленістен ушығып кетсе, ертең қайта қалыбына келтіру қиын. Ұлтаралық наразылықтар туындап кетуі мүмкін. Оның салдары ауыр болады. Біз оларды ренжітпеуге тырысуымыз керек, — деп қақпайлап отырды. Ол да осы сөздері үшін Мирошникке  жақпады. Сөйтіп, оған жұмыс істетпей қойды. Ал Мирошниктің өзі ондайға жоқ. Және ештеңеге жауап бермейді. Желтоқсан оқиғасынан кейін бізде жиналыс жиі-жиі болды. Басқарма бастығы, полковник Тоқтархан Нұрахметов кезекті бір коллегия жиынында: Подполковник Мұхаметқалиевтің де кінәсі жеткілікті. Ол осы комитетте төрт жылдан бері істейді. Ал мен келгелі төрт-ақ ай. Бәріне жауап беретіндердің біреуі сол, — демесі бар ма. Тоқтархан Нұрахметович, егер 37- жыл қайта туса, сіз мына түріңізбен бар қазақтың жартысын қырар едіңіз. Біздің ұлтты сіздейлерден Құдай сақтаған екен. — дедім ашына сөйлеп. Алматы облысы, ұлттық қауіпсіздік комитеті басқармасы бастығының орынбасары Тұрсын Айжолов сол коллегиядан соң мені оңаша алып шығып;    — Қараби, коллегияда әлгіндей қызбалық жасағаның оғаштау болды. Тоқаңдікін де жөн дей алмаймын, — деді. Мен ойға шомдым. Иә, сырт көзден екеуміздің бір-бірімізге шабаланып жатқанымыз ыңғайсыздау болды. Қашан басымыз бірігіп, іргелі ел боламыз. Алтыбақан алауыз елді кім болса сол жемтік қылады ғой. Республика Ішкі істер министрінің орынбасары Сайлау Серіков жақсы жан еді. Оның ұлтжанды екенін сол ызғарлы Желтоқсан оқиғасында көрдім. Өз арамыздан шыққан мансапқорлар қарамағындағыларды жастарға қарай айтақтап жатқанда, ол қолынан келгенінше милиция қызметкерлерін сабыр сақтауға, зорлық-зомбылық жасамауға үгіттеп бақты. Тіптен жөн-жосықсыз ұсталғандарды босаттырып та жіберді. Бірақ  жалғыздың үні, жаяудың шаңы шыққан ба. Жағдай шиеленісіп, оның шамасы келмей қалды. Сол үшін оған генерал атағы берілмеді. Сол үшін оны Қарабақтағы шиеленісті реттеуге жұмсады. Шет жақта қаза тапты. Желтоқсан оқиғасынан кейін жазалау науқаны басталды. Оны жұрт «кіші 37- жыл» деп жүр ғой.  Бұнымен келісуге болады. Өйткені солай болғаны рас. Желтоқсан оқиғасы әлі ақиқатына жетіп, тарихи әділ бағасын алған жоқ. Бұл қашан әділдігіне жеткенше, айтыла беретін ұлттың жан жарасы.

Қараби МҰХАМЕТҚАЛИЕВ,

Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің бұрынғы қызметкері,

запастағы подполковник

«Түркістан» №50 16 желтоқсан.

2004 жыл