«Nur Suńqar» жүлдегерлері  анықталды

«Nur Suńqar» жүлдегерлері  анықталды

«Nur Suńqar» жүлдегерлері  анықталды
ашық дереккөзі
Кеше Нұр-Сұлтан қаласында  оныншы мәрте ұйымдастырылған дәстүрлі «Nur Suńqar» байқауы жүлдегерлерінің есімдері белгілі болды. «Nur Otan» партиясы жариялаған байқаудың қорытындысына сай өз ісінде озат деп танылған тілшілер марапатталды. «Nur Suńqar» байқауы 2010 жылдан бері жыл сайын өткізіліп келеді. Осы жылдар ішінде конкурсты өткізу үлгісі, ережесі, ондағы аталымдар мен жүлделер де өзгертіліп, жетілдірілді. Бүгінде бұл байқау медиа саласының қызметкерлерін ынталандыруға бағытталған беделді іс-шаралардың қатарына енді. Алайда конкурстың әу бастағы мақсаты өзгерген жоқ. Байқау қазақстандық журналистерді, блогерлер мен шығармашылық ұжымдарды  қолдау, олардың отандық кәсіби журналистиканы дамытуға, қоғамды жедел әрі объективті ақпаратпен қамтамасыз етуге қосқан үлесін бағалауды мақсат етеді. Оныншы мәрте ұйымдастырылған байқаудың марапаттау салтанатында «Nur Otan» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Байбек: «Жаңа технологиялар дамып келеді, сұраныс өзгеруде. Көп адамдар ақпаратты әлеуметтік желіден алады. Кез келген адамда өз пікірін, ойын әлеуметтік желі арқылы халыққа жеткізу мүмкіндігі бар.  Дегенмен, кәсіби журналистердің маңызды рөлі халық үшін өте қажет», – деді. ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев журналистерді құттықтап, жылы лебізін білдірді. «Бүгінгі маңызды оқиғамен барлықтарыңызды құттықтаймын. «Nur Suńqar» сыйлығы медиа-ландшафты өзгертті деп айтуға болады. Бұл тұрғыда оң нәтиже жалғасын табады деп сенемін. Үздіктер лайықты марапаттарға қол жеткізе берсін», – деді министр. Ұйымдастырушылардың айтуынша, биыл конкурстың ұйымдастыру комитетіне 207 қатысушыдан мыңға жуық жұмыс келіп түсті. Жеңімпаздар 10 аталым бойынша анықталды. Сонымен, комиссия шешімімен «Халық дауысы» номинациясы бойынша «Қазақстан» ұлттық арнасындағы «Апта» бағдарламасының редактор-сарапшысы Айбек Қобдабай үздік телевизиялық журналист атанды. Ал «Точка зрения» аталымын «Хабар24» арнасының шығарушы редакторы Жұрағат Баман жеңіп алды. «Сөз зергері» номинациясы бойынша «Егемен Қазақстан» газеті бас редакторының орынбасары Ғабит Мүсіреп үздік газет журналисі деп танылды. «Литер» республикалық қоғамдық-саяси газетінің тілшісі Талғат Исенов «Мастер слова» аталымы бойынша марапатталды. Интернет басылымдары журналистерінің арасында Bnews.kz ақпарат агенттігінің бас редакторы Ақмарал Олжабаева «Медиа-профи» номинациясын жеңіп алды. «Жас серпіліс» номинациясы «Хабар» арнасы сараптамалық бағдарламалар бөлімінің тілшілері Сәкен Махаметкерімов пен Назымгүл Күмісбаеваға бұйырды. Сонымен қатар, «Nur Suńqar» байқауының ұйымдастырушылары ұсынған Елбасы қызметін ерекше жарыққа шығарған «Казахстанская правда» газетінің арнайы тілшісі Игорь Прохоров «Елбасы салған сара жол» номинациясына ие болды. Ал «Партия жобалары жайлы жарық көрген ең жақсы жарияланым» үшін «Астана» телеарнасының ақпараттық-сараптамалық бағдарламалар қызметінің арнайы тілшісі Екатерина Брынюк пен «Айқын» газетінің шолушысы Гүлжан Рахман марапатталды. Сондай-ақ, «Жетісу» телеарнасының қызметкері, белгілі тележурналист Нұртілеу Иманғалиұлына отандық журналистиканың дамуына қосқан үлесі үшін «Майталман» номинациясы табысталды. Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын насихаттауға қосқан үлесі үшін тағайындалған «Рухани жаңғыру» аталымы «Астана» телеарнасының атқарушы продюсері Базаркүл Отыншиева мен «Абай» журналының тілшісі Айгүл Кемелбаеваға бұйырды.