Жаңалықтар

Грузиялықтар тікелей Ресейге ұша алмайтын болды

ашық дереккөзі

Грузиялықтар тікелей Ресейге ұша алмайтын болды

Ресей президенті Владимир Путиннің жарлығымен 8 шілдеден бастап ресейлік және грузиялық әуе компанияларына екі ел арасында тікелей рейс орындауға тыйым салынды. Оның күші қашан жойылатыны әзірге белгісіз. 

Осы уақытқа дейін екі ел арасында тікелей рейсті ресейлік "Аэрофлот", "Победа", S7, "Уральские авиалинии", Red Wings, "Нордавиа" және екі грузиялық – Georgian Airways және MyWay Airlines әуе компаниялары орындаған еді.

Жексенбі, 7 шілдеде ресейлік "Уральские авиалинии" және S7 ұшақтары Тбилиси әуежайынан Ресей бағытына қарай соңғы рейсті орындады.

Ресейдің көлік министрі Евгений Дитрихтің сөзінше, қазір Грузияда төрт жарым мыңға жуық ресейлік турист қалған. Олар әуе қатынасына тыйым салынғанға дейін билетін тапсырмаған немесе басқа күнге ауыстырмаған.

Десе де бұған дейін ресейлік жолаушыларға 8 шілдеге немесе одан кейінгі датаға алынған билетті ешқандай айыппұлсыз қайтарып, ақшаны кері алуға болатыны, немесе басқа бағытқа рәсімдеуге болатыны жайлы айтылған еді.

Еске сала кетейік, Тбилисидегі наразылық акциясы 20 маусым күні басталды. Шеруге шыққандар ресейлік делегаттардың Парламентаралық православие ассамблеясының сессиясына қатысуына қарсы болған. Оған Мемлекеттік дума депутаты Сергей Гавриловтың Грузия парламентінде спикердің мінберіне шығып, орыс тілінде сөйлеуі түрткі болған.

Митингке шыққандар үкіметтің отставкаға кетуін талап етіп, ресейлік өкілдер отырған парламенттің ғимаратына баса-көктеп кірмек болды.

Алайда арнайы жасақ су атқыш, резеңке оқтар мен көзді жасаурататын газды қолданып, митингке шыққандарды таратты. Алайда 21 маусымда наразылық тағы жалғасты. 240 адам зардап шегіп, 300-ден астамы ұсталды.

Дәл сол күні Грузия парламентінің басшысы Ираклий Кобахидзенің отставкаға кеткені мәлім болды.